Саясат • 26 Тамыз, 2021

Әрбір әлеуметтік мәселе – басты назарда

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев Алматы облысы Сарқан ауданына сапары барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген мәдениет сарайына барды.

Әрбір әлеуметтік мәселе – басты назарда

Сондай-ақ сенатор ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы қордаланған мәселелерге назар аударды. Одан бөлек, депутат ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында бірқатар мәселе көтерілді. Негізгі проблемалардың бірі – таза ауыз суға қол жеткізудегі қиындықтар. Тұрғындарды тыңдаған Нұрлан Қылышбаев аудан басшылығының назарын осы мәселені шешу қажеттігіне аударып, бұл түйткілді өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

* * *

Мәжілістің вице-спикері Павел Казанцев пен осы палатаның депутаты Бауыржан Сартбаев Nur Otan партиясы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында елордада салынған 1200 орындық мектептің дайындығымен танысты. Бұл мектеп өз жұмысын жаңа оқу жылынан бастайды. 2020 жылдың қаңтар айында басталған мектеп құрылысы қазіргі уақытта 95%-ға дайын. Мектеп басшылығының айтуынша, тамыз айының соңына дейін барлық пәндік сыныптар толық жабдықталады. Вице-спикер өз сөзінде балаларға инклюзивті заң деңгейінде қолдау көрсетілгенін айтып, жалпы мектеп құрылысы кезінде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жағдайды жоба деңгейінде ескеру қажеттігіне тоқталды.

* * *

Мәжіліс депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысында алдымен тұрғындар мен жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне ден қойды. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасының орындалуымен қатар, аталған мәселені шешуде өзіндік ықпалы бар кеңсе мен үйге арналған ірі корпустық жиһазды құрастырушы «Квант» ЖШС фабрикасының жұмысымен және қызметкерлердің жағдайларымен танысты.

«Квант» ЖШС жиһаз фабрикасы шамамен құны
2 млрд теңге болатын жаңа цех ашып, 22 мыңдай өнім түрін өндіріп, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы­на ықпал етуде. Кәсіпорын 2015 жылы  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Экспортталатын өнімдердің негізгі бөлігі Арменияға, Қырғызстанға және Ресейге жеткізіледі.