Президент • 13 Қыркүйек, 2021

Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде экономикасы дамыған елдер тәжірибесінің негізі білім мен ғылым саласына мемлекеттік қолдаудың, өз дәрежесінде қаржыландырудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Өзіндік қалыптасу, даму жолы бар отандық ғылым саласының алдында келелі міндеттер тұр. Ал отандық ғылымның жетістікке жетуі Жолдауда айтылғандай, қазақстандық ғалымдардың беделін арттыру мәселесімен тығыз байланысты.

Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе

Ғылымның дамуы елдің өр­кендеу деңгейінің, оның эко­но­микалық әл-ауқатының, әлеуеті­нің артуына негіз бола­тындығы еш дәлелдеуді қажет етпейді. Жолдауда еліміздің білім беру және ғылым сала­сының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұрғаны әрі оның уақыт талабына сай болуы­ның маңыздылығы айтыл­ды. Бүгінде Қазақстан ғылы­мы елеулі зияткерлік әлеуетке ие бола отырып, елдің халық шаруа­шылығы әлеуетін сақтау­дағы тиімділігімен қатар геология, химия, мұнай химиясы, металлургия, биология, матема­тика, физика, медицина, аграр­лық ғылымдар, тарих, мә­де­ниет, тіл және әдебиет сала­сын­дағы зерттеулердің дамуына үлес қосты. Серпінді техно­логия­лар­дың жасалуына ықпал етті.
Дамыған елдерде ғылым са­ла­сының дамуы бірінші кезекте оны қаржыландыру көлеміне байланысты бағаланады. Бұл отандық ғалымдарымыздың ара­сында аса қызығушылық ту­ғызып келеді. Осы орайда тиісті ми­нистрліктің белсенді жұмысы арқылы ғылыми-зерттеу және тә­жірибелік-конструкторлық жұ­мыстарды қаржыландыру кө­лемі әлемдегі қаржылық және эко­номикалық дағдарыстан туын­даған мемлекеттік бюджет тап­шылығына қарамастан, жыл са­йын өсіп келе жатқаны қуантады.
Ғылымның экономиканың нақты секторымен өзара байланысын күшейту, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласын дамытуға күш салу заман талабы. Қазақстан – мұнай, көмір, газ және уран кені, хром, темір, алюминий, тағы да басқа асыл және сирек металдар мен қоспалаушы элементтер қорына бай ел. Осынау табиғи байлықты ұтымды пайдалану еліміздің алдында зор мүм­кіндіктер аша отырып, ин­дус­триялық-инновациялық даму стратегиясының қарқынды дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
Президент Жолдауында ғы­лымды дамыту мақсатында түйт­кілді мәселелердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізіп, жетекші ғалымдарға тұрақты әрі өз еңбегіне лайықты жалақы төлеуді ғылымға бөлінетін база­лық қаражат есебінен қамта­ма­сыз етуге байланысты ай­тыл­ған мәселелердің көтерілгені қуантады. Себебі ғылыми-зерт­теу институттарында әкімші­лік қызметкерлерден өзге ға­лым­дарға тек гранттық жобаларды орындау барысында ғана жалақы төленеді. Ал осы әкімшілік құрам тұрақты әрі жобаларды жүзеге асыру барысында да еңбекақы алып отыруы әділетсіз дер едім. Өйткені жас ғалымдардың ғылымға кел­меуінің басты себебінің бірі тұ­рақты жалақы алмауымен байланысты. Сондықтан Президенттің Ұлттық кеңес отырысында ір­гелі ғылыммен айналысатын ғы­лыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тəртібін енгізуді тапсырғаны, сонымен бірге ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мəселесін қарастыру уақыт күттірмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда әділеттілік ор­на­ту­дың маңыздылығын, адам капи­талын дамыту мәселесін тұрақты назарда ұстап келеді. Осы орайда орта, жоғары білім мен ғылымның бір-бірімен ты­ғыз байланыста болуы, білім ошақтарының заманауи әдісте­мелік құралдар, оқу материал­дарымен қамтамасыз етілуі, өн­дірістік тәжірибе алаңдары­ның заман талабымен сай болуы алдағы уақытта отандық ғылым саласындағы сапалы әрі тың жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретіні анық.
Десек те, пандемия кезін­де еліміздің білім беру жүйе­сін­де көптеген түйткілді жағдай­дың бой көрсеткені белгілі. Әрі осы кезеңде білім саласының деңгейі біршама төмен түсіп кеткені де белгілі. Осы орайда өзінің көтерер жүгі өз алдына бір бөлек сала ретінде білім мен ғылымды бір-бірінен бөле жарып қарамағанымызбен де, атқарар шаруасына қарай екі бөлек министрлік ретінде бөліп алған дұрыс. Яғни бағдар­ламасы, оқу-әдістемелік базасы бөлек білім саласын заманауи жаңалықтардың бастауында тұрған, өндірістік сипаты басым, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беретін ғылым саласынан бө­ліп, дара дамытқан әлдеқайда жемі­сін беретіні сөзсіз. Еліміздің білім мен ғылым саласын дамыту ел келешегінің баянды бо­­луы­на ықпал ететін басты ба­сым­­дық. Сондықтан да білі­м мен ғылым саласына қатыс­ты түйт­кілді мәселе­лердің Жол­дауда көрініс табуы саладағы тың серпілістерге жол ашады деп сенемін.

Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің меңгерушісі