Қоғам • 23 Қыркүйек, 2021

Иттің тектісі – тазы

644 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аңшылыққа жаны құмар бабаларымыз қыранның қырағылығына ғана емес, тазының тектілігіне аса мән берген. Жүйрік аттың жанына ертіп жүріп, қаңжығасы майланып, құс қанаты талатын ұлан-ғайыр даланы еркін шолғаны ертегі емес. Жеті қазынаға балап, жолда қалдырмас жолдасын­дай қадір тұтқаны да әмбеге аян. «Иттің тектісі – тазы» деп тану қазақы қалып­ты түсініктен туған тәмсіл. Біздің бүгінгі әңгімеміз де сол туралы.

Иттің тектісі – тазы

Алматы облысы Райымбек ауда­нында тазы өсірумен айналысатын жан­дардың барын естіп қуанып қал­дық. Мұны белгілі журналист Қанат Бір­жансал хабарласып айтқанда, иесіне қоңырау шалып мақаламызға мазмұн боларын жеткізген едік. Бұл, әсіресе, Медет Азанбаевтай азамат ауыл әкімі болып еңбек ететін Сарыжаз ауылдық округіне тән құбылыс. Таза тұқымды тазы өсірумен, бағумен Қобыланды Дүй­сенбек атты азамат айналысып жүр екен. Оның 3 жасар «Ақтабан» атты арлан тазысы бар. Түлкі, борсық алған. «Лашын» атты қаншық тазысы сондайлық қырағы әрі ізкесер. Қобыланды 8 жасынан бас­тап тазы өсіруге құмартыпты.

«Қазақ қасқыр алатын ит іздейді. Сол үшін әртүрлі әрекетке барып, небір қан­ды араластырады. Өзім осыған қатты наразымын және қарсымын. Тазы – тазы болуы керек, дүрегейі – дүрегей, төбет – төбет болып қалуы керек. Тазының да түр-түрі бар. Жарғақ құлақ тазы, ша­шақ құлақ тазы дегендей. Шашақ құлақ пен жарғақ құлақты араластырады. Нәтижесінде, «түсініксіз» иттер пайда болады. Одан да сорақысы – төбетті тазыға салу. Меніңше, ата-бабалар ұстаған тазылар салпаң құлақ, шашақ құлақты, құйрығы дөңгелене оюланып, қайырылып тұрады. Құйрығында селдір шашақтары, кейбірінің аяқтарында балақ жүндері болады. Мен сондай иттерді көріп өскенмін. Кейіннен неше түрлі ит пайда бола бастады. Арабтың салюкиіне, қырғыздың тайғанына, ағыл­шынның грейхаундына қолымыз жетті. Солардың барлығы араласып, түсініксіз тұқым пайда болды. Былай қарасаң тайғанға, былай қарасаң тазыға ұқсайды. Мұның бәрін әкем үйреткен», дейді Қ.Дүйсенбек.

2019 жылы сол кездегі Райымбек ауда­нының әкімі, марқұм Жолан Ома­ров­тың ұйымдастыруымен атақты Шалкөде жайлауында қымызмұрын­дық іс-шарасы, малшылардың тойы өтті. Сол тойда ат бәйгесінің арасында тазы­лар жарысы өтті. Бұрын-соңды көр­меген соң қызық екен. Аңсарымыз ауа тамашалағанбыз. Өзбекстан, Қыр­ғызстан және Қазақстанның түкпір-түк­пірінен келген 56 тазының арасынан Қобыландының «Ақтабаны» 1-орынды алған болатын.

Сарыжаз ауылында тұратын Жанат Шәденов те тазы өсірумен айналысып келеді. Таза тұқымды сары тазысы – жеңімпаз. Жанат көк күшікті сонау Қарағандыдан әкелген екен. Жалпы, қасқыр алатын тұқым. Жанат та жас­тайынан тазы құмар болып өсіпті.

Райымбек ауданында жалпы жет­піске тарта таза тұқымды тазы бар екен. Әр ауылда ит жүгіртетін азаматтар бар. Нарынқол ауылынан Ғани, Текес­тен Саяныш, Қайнардан Жантелі, Тегіс­тіктен Тимур атты азаматтардың есім­дерін жеке-жеке түстеп айтуға да болады. Сарыжаз ауылында Қобыланды Дүйсенбек, Жанат Шәденов, Болат Қонысбай, Ғалым Тұрсынбай секілді тазы баптайтын жандар өз ішінде додалар ұйымдастырып тұрады. Жалпы, олардың басты мақсаты – таза тұқымды тазыларды жоғалтып алмау. Бұл – жақсы ниет. Жақсы құбылыс. Ары да жалғаса береді деген ойдамыз.

Иә, ит те ежелден халқымыздың малына қорған, жанына жұбаныш әрі серік болып келеді. Иттің жақсы қасиеттерін жоққа шығаруға болмайды. Алайда қазақ халқы ұшқыр тазымен аң аулап, жағдайын жақсартып отырған. Қыран құс, ұшқыр тазы, жүйрік ат – қазақтың шынайы жолдасы, бар ниетін, ықылас-пейілін аудара айналысқан дүниелері болды. Әлі де болып келеді. Алайда таза қанды тазымен айналысатындар аз. Соның әсерінен таза тұқымды ұш­қыр тазылардың саны азайып кетті. Сондықтан осындай азаматтарға қол­дау көрсетуіміз керек.