Әдебиет • 26 Қыркүйек, 2021

«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» халықаралық байқауда үздік атанды

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ТМД елдері арасында «Кітап өнері» XVIII халықаралық онлайн-байқауы өтті. «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық антологиясы «Мәдениеттер үндестігі» номинациясында үздік деп танылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» халықаралық байқауда үздік атанды

Ақтөбеде Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын Халық шығармашылығы орталығы қолға алды. Еліміздің әр өңірінен шыққан жыршы-жыраулардың орындауында 60 сағаттық жыр жазылып, антология жарыққа шықты.

«500 данамен жарыққа шыққан «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» музыкалық альбомы ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға екені сөзсіз. ТМД елдері арасында өткен «Кітап өнері» XVIII халықаралық онлайн-байқауында «Мәдениеттер үндестігі» номинациясы берілді. Ең бастысы – қазақтың «Ер Едіге» жыры ешқашан өшпестей болып таспаға түсті. Музыкалық дастан екі бөліктен тұрады. Бірінші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяндары, қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан.

Жалпы редакциясын басқарғандар – идея авторы, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, жобаның жетекшісі, атақты жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов, жобаның ғылыми жетекшісі, Сақтаған Бәйішев университетінің профессоры, едігетанушы Жұманазар Асан, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, музыкалық редакторы, «Қазақконцерт» мемлекеттік мекемесінің солисі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, дыбыс режиссері Дастан Палманов, музыкалық шығармаларды өңдеген, композитор Амангелді Сәндібайұлы, музыкалық альбомды басып шығарған алматылық «Қазақ кітаптары» ЖШС директоры Орынбек Әнесов және ұлттық нақышта безендірген суретші Айбек Орынбасаров», деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.