Қазақстан • 01 Қазан, 2021

Этносаралық келісім – тұрақтылық кепілі

1192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 50-ден астам этнос пен этностық топ­тардың өкілдері тұрады. Өңірде 11 этномәдени бірлестік бар, аудандар мен қалаларда 7 филиал және 14 өкілдік жұмыс істейді.

Этносаралық келісім – тұрақтылық кепілі

Бұл деректер Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту коми­те­тінің төрағасы Ғалым Шой­кин­нің Түркістан облысына іс­сапары аясында өткен аудан­дар­дағы этномәдени бірлес­тік­тері өкілдерімен кездесу­лерде келтірілді. Қазығұрт, Сары­ағаш, Төлеби, Келес, Жеті­сай, Мақ­таарал, Шардара аудан­да­рында және Арыс қала­сын­да өткен кездесулерде этнос­ара­­лық тұрақтылықты нығайту сала­сын­дағы жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру мәселелері тал­қыланды. Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы Ассамблея жұмысында үлкен өзгерістер болған жылмен тұспа-тұс келгенін атап өт­кен Марат Әзілханов түрлі эт­ностар өкілдерінің арасында қазақстандық азаматтық бі­регейлікті нығайту, этнос­ара­лық өзара іс-қимылдың кең ком­му­никациялық алаңда­рын қа­лып­тастыру бойынша ныса­налы бірлескен жұмыс қажетті­гін айтты. Ал Ғалым Шойкин мем­лекеттік қызметшілердің жұ­мы­сына және олардың елдегі этносаралық тұрақтылықты ны­ғайтудағы рөліне, мемлекеттік органдардың этносаралық келі­сімді қамтамасыз ету саласында­ғы жұмысын жетілдіру мәселелері­не назар аударды. Яғни сапалы талдау және мониторинг жүргізу қажет, халықпен ауқымды ақ­па­раттық және ақпараттық-түсін­діру жұмысын ұйымдастыру да маңызды. Сондай-ақ кездесуде жастарды интеграция рухында тәрбиелеу, мемлекеттік тілді мең­геру, басқа мәдениеттер мен дәс­түрлер өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауға бейілділік таныту қажеттілігі атап өтілді. Бұл бағытта Ассамблеяның барлық құрылымы, Аналар кеңестері, Қоғамдық келісім кеңестері, жас­тар ұйымдары этносаралық коммуникация алаңы ретінде жұмыс істеуі тиіс.

Ал Сайрам ауданы Қарабұ­лақ ауылдық округінде өткен кезек­ті жиын­ға Түркістан облысы әкі­мінің орынбасары С.Қалқаманов қатысып, өңірдегі этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуде Марат Әзіл­ханов Мемлекет басшысы­ның жаңа Жолдауының ерекше маңыз­дылығын, «Ұлттың ұйы­суы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жетінші бөлімі татулық пен келісім саясаты мәселелеріне арналғанын атап өтті. Жалпы Сайрам ауда­нындағы Қарабұлақ ауылында 53 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындардың көпшілігі өзбек этносының өкілдері. Аядай ауылда орташа есеппен 50 мың бас ірі қара мал бордақыланады. Бұл ауылды көпшілік Қазақстанның кішігірім ет даярлау комбинаты деп те жатады. Күн сайын осы ауылда орташа есеппен 100 тоннаға жуық ет өндіріліп, Шымкент, Алматы қалаларындағы базарларды етпен қамтамасыз етеді.

Кездесуде сөз алған Сайрам аудандық өзбек этномәдени бір­лес­ті­гінің төрағасы Г.Раимкулов аймақтағы этносаралық татулық пен келісім бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жиынды қорытындылаған Марат Әзілханов этносаралық өзара іс-қимылдың кең коммуникациялық алаңдарын қалыптастыру бағы­тында нысаналы және бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтып өтті.

 

Түркістан облысы