Білім • 14 Қазан, 2021

Зияткер оқушылар зердесінде – туған ел

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Назарбаев зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану ғылыми-зерттеу экспедициясының үздік зерттеу жобалары анықталды.

Зияткер оқушылар зердесінде – туған ел

Мифтік Самұрық құсымен бүкіл елді «шарлап келген» елордалық физика-математика бағытындағы зияткерлік мектеп оқушысы Асылжан Есеннің ай­туынша, Петропавлдағы НЗМ оқу­шы­лары Minecraft платформасында Кер­уен-сарай­дың виртуалды құрылысын бас­­та­са, Өскемендегі НЗМ-тен Наргиз Тоқ­та­мысова Қ.Ясауи кесенесінен шабыт алып, Түркістан облысының көрікті жерлері топтастырылған жеке каталогін ұсынды, ал Шымкент қаласындағы фи­зи­ка-математика бағытындағы мектеп оқушылары Ердәулет Махамбет, Жана­сыл Рысбек, Алуа Мыңжасар, Аяжан Төлеген, Заңғар Өтеш, сондай-ақ «Photo Camp-2021» элективті курсының қаты­су­шылары Бақыт Хаман мен Олжас Жахангер Ұлы Жібек жолының ежелгі қалаларын зерттеді, Алакөлге апаратын «Ақылды есік» жобасын тараздық Нұрай Наршибаева мен Әлия Анарбаева ойлап тапса, Семейдегі Назарбаев зият­кер­лік мектебінің оқушылары Адлен Ролланұлы мен Мағжан Серікбеков әйгілі Шаған көлін зерттеп, Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істеді, Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептен Инсар Тунгушбаев Көлсай көлдері мен Шарын шатқалындағы экологиялық пункттерді өзі жасаған Meirim веб-сайтына енгізді. «Туған елге тағзым-2020» байқауында жеңіске жеткен барлық қатысушы жазғы демалыста онлайн маршруттарды шынайы түрде қайта аралады.

Қашықтан өткен экспедиция екінші рет қатысушылардың рекордтық саны (шамамен 1 мың) мен жобаларын (шамамен 700) жинады, ал онлайн-қор­ғау НЗМ оқушыларының зерттеу ауқымы мен креативтілігін дәлелдеді. Қазылар алқасы құрамындағы Елбасы кітап­ха­насы, «Рухани жаңғыру» қазақс­тан­­дық қоғамдық даму институты, «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бірнеше ғылыми институт, Astana Hub IT-стартаптарының ха­лықаралық технопаркі, Ұлттық музей, «Ұлы да­ла скауттары» қоғамдық бірлестігі, BilimInvest білім беру инвесторларының ұлт­тық ассоциациясы, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, сондай-ақ ЮНЕСКО сарапшылары академиялық білімнің жоғары деңгейі, оқушылардың туған өлкедегі өзекті мәселелерді шешуге деген ынтасы мен жобалардың әлеуметтік бағдарына оң баға берді. Сондай-ақ жобалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылғандықтан, қазылар алқасы оқушылардың үш тілді еркін меңгергенін де атап өтті.

Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын баян­­дайтын «Ұлы дала өркениеті» аталымында Айлана Өмірзақтың туған қала­сы туралы «Көкшетау қаласының көше­лері» жобасы үздік деп танылды. Қостанайдағы зияткерлік мектептен Айнұр Мушанова мен Тимур Шаймерденов әзірлеген «Нау­рызым қоры­ғының «Келу орта­­лы­­ғына» және табиғатына 3D тур» жобасы «Туған өлкем – жұмақ мекен!» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ақтау қаласындағы НЗМ оқушылары Тұмар Қадырова, Туғанай Наурыз, Әлия Ізтұрған, Фарида Маратова туған жерінің мәдени мұрасы мен Мұрын жыраудың шығармашылығына арналған «Қырымның қырық батыры» бірегей жобасын ұсынды. Олар «Ұлт руханияты – бабалар аманаты» номинациясы бойынша құрмет тұғырынан көрінді. Зияткерлер Маңғыстау өңіріндегі дәстүрлі жыр мектебі туралы сайт жасақтап, оны жаңа домендік атаумен насихаттауды жоспарлап отыр. Елордалық физика-математика бағытындағы зияткерлік мектептен Иран Касымов дәстүрге айнал­дыр­ған мүмкіндігі шектеулі жан­дарды бе­­йімдеу тұрғысындағы бірқатар жобасын қорғады. «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші» аталымында қазылар алқасы Иран жасақтаған «Брайльдің дисплейі» атты жұмысты үздік деп атады. Жобаның басты артық­шылығы – дисплейлердің құнын төмен­де­ту арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету.

– Мен зағип жандардың өмір сүру сапасын арттыруға тырыстым, – дейді жас ғалым. Иран Касымовтың жобасын Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ техноториясында жалғастыру жоспарда тұр.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықа­ралық мектеп оқушылары Хақназар Әбілда және Айдана Шоқатаева «Туған елге тағзым-2021» байқауында бірден қос алтынды еншіледі. Хақназар Әбілда Иран сияқты өз жобасын мүмкіндігі шек­теулі жандарға арнап, виртуалды ассистент және мәтінді тануға ар­нал­ған кіріктірілген сканері бар есту қабілетіндегі мәселелерді жеңілдететін «Күнделікті өмірдегі әртүрлі міндеттерге арналған эмулятордағы қосымша» жасады. Хақназар «Өндірістік инновация кепілі – зияткерлік әлеует» аталымында үздік атанды, ал Айдана Шоқатаева «Сценарий шеберлігін зерделеу және қысқаметражды фильмге сценарий жазу» жеке жобасы үшін «Шабыт. Селт еткізер, ерен ой» шығармашылық аталымы бойынша бірінші орынға ие болды. Ол менталды денсаулық мәселелеріне назар аударып, заманауи киноиндустрия арқылы жаһандық проблемаларды жаңа буын көзімен бейнелеуге тырысты. «Жасыл планета» экологиялық номинациясында Алматыдағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп оқушысы Шыңғысбек Балғабайдың жобасы қоршаған ортаның экологиялық мониторингін жүргізіп, патогендік факторларды талдауға бағытталған. Бүгінде Шыңғысбектің жұмысына оңтүстік астананың экологиялық ұйым­дары қызығушылық танытып отыр.

Жеңімпаздардың экологиялық эстафетасын «Туған елге тағзым-2021» бай­қауының тағы бір кейіпкері – Тараз қаласындағы зияткерлік мектеп оқу­шы­сы Ілияс Бибарыс жалғастырды, ол «Су қоймаларын қоқыстардан тазар­уға арналған автономды жүйені» құрас­тырды. Ілиястың жобасы жасанды интеллект көмегімен қоқысты сұрыптау мен жинауды қамтамасыз етеді. «Туған жер – тұғырым» аталымы бойынша «Задыхаюсь...» атты үздік эссенің авторы – Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Анель Қалдарова. Оның жанды әрі жүректен шыққан ой-толғанысы онлайн форматқа қарамастан эмоцияға толы болды.

«Туған елге тағзым» байқауында ко­ман­далық есепте алғаш рет Нұр-Сұлтан­дағы Халықаралық мектеп оқушы­ла­ры жеңіске жетті. Экспедиция же­ңімпаздары мен қатысушыларын «Назар­баев зияткерлік мектептері» дер­бес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады.

– Экспедицияға ұсынылған жоба­лар­дың тақырыбы жыл сайын кеңейіп, деңгейі артып келеді. «Туған елге тағзым» жобасы академиялық білімді арттыруға және зерттеу жетістіктерін дәлелдеуде теңдесіз платформаға айналды. Экспедицияда ұсы­нылған жұмыстардың барлығы жал­ғасын табуға лайық, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жобалары патенттер мен авторлық құқықтарға ие бола алады деп сеніммен айта аламын, – деді Күләш Ноғатайқызы.

«Туған елге тағзым» – тоғыз жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесінде жүзеге асырылып келе жатқан біре­гей жоба, осы уақыт ішінде мыңдаған оқушы туған өлкесін жан-жақты тани түсті.