Сұхбат • 19 Қазан, 2021

«Айтматовтың ұлы болу – үлкен жауапкершілік»

1666 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қателеспесек, Еуропада­ғы санақ бойынша, жыл сайын ең өтімді елу кітап­тың қатарында Шыңғыс Айт­матовтың да шығар­ма­лары бар екен. Бұл бауыр­лас қыр­ғыз елімен қа­тар біз үшін де үлкен қуа­ныш. Әлем таныған Айт­матовтың бізге бөтен­дігі жоқ, керісінше, етене жақын. Мәңгілік шығар­маларымен ел жадын­да сақ­­талған классиктің ұлы Элдар Айтматовпен сұх­бат­­тастық.

«Айтматовтың ұлы болу – үлкен жауапкершілік»

Нобель сыйлығын алмай қалдым деп мұңайған жоқ

– Әкеңіз Шыңғыс Айтматов қа­заққа етене жақын тұлға еді. Ол кісі­нің есімін «Шыңғыс» деп қазақ ға­лымы Бейсенбай Кенжебаев­тың қой­ғандығы, жоғары білімді ма­ман ретіндегі тұңғыш еңбек жолы Қа­зақстанда басталғаны, Мұх­тар Әуезовпен дос болуы осы сөзі­міз­ді растайды. Әкеңіздің бүкіл әлем таны­ған жазушы екенін біл­ген сәт­те қандай көңіл күйде бол­дыңыз?

– Әкем өте ұқыпты адам еді, оны қасын­да жүрген жандар жақсы біледі. Әке ретінде үйде өте мейірімді, өзге­лерге күйінгіш жан. Әрине, үлкен жазушы болған соң, ол кісінің бос уақыты болмайтын. Бірақ мен жазушы екенмін деп отбасына, балаларына көңіл бөлмей қалған сәті болған емес. Балаларына тәрбие беру, олардың білім алуына көмектесуге барын салатын. Ал сіздің сұрағыңызға оралсақ, мен жас күнімде әкемнің ел білетін, құрметтейтін беделді адам екенін білетінмін. Біздің үйден қонақ үзілген емес. Солардың ішінде елге белгілі адамдар да болушы еді. Ал есейіп, азамат болған соң әкемнің танымал жазушы екенін білдім. Шынымды айтсам, ол кісінің біздің ұлттың мәдениетіндегі, руханиятындағы орасан зор үлесін танып жеттім. Тіпті, жас ретінде бойымды мақтаныш сезі­мі де кернеген сәттер де болды. Сонымен қатар күнде қасымда жүр­ген қарапайым адам осыншама туындыларды қашан жазған, қалайша үлкен масштабтағы дүниелерді елге ұсынған деп жиі ойлайтынмын. Кейде бұл құбылысқа сенбей, аңтарылып та қалатынмын. Оның жүйрік қаламынан туған шығармалары, терең ойлары ұлттық мәдениетке қосқан алтын қазынасы екені шындық. Уақыт өткен сайын әкемнің ашылмаған қырлары белгілі болғандай сезіледі. Әке туралы ойлау, іздену, оның қадір-қасиетін білу оның ұрпағы болған мен үшін мәңгі тоқтамас үрдіс.

– Әкеңізге Нобель сыйлығы берілгелі жатқанда, шешім өзгеріп, ол сыйлықты Горбачев алғанын білеміз, бұл қиянатты әкеңіз қалай қабылдады?

– Ашығын айтсам, мен өмірімде әкемнің бірдеңеге қатты кейіп, ашуға басып немесе кек сақтағанын көрген де, естіген де емеспін. Тіпті ол кісінің біреудің артынан ғайбат айтуы былай тұрсын, біреу туралы ыңғайсыз сөз айтылып жатса да назар аударған емес, ондай ұсақ-түйек істерге көңіл бөлмейтін. Оның ішкі дүниесі терең, мақсаты айқын болғанын жақсы білемін. «Ана сыйлықты алмай қал­дым, мына іс мынадай болды» деп бір­деңеге қапаланғанын көрген жоқпын. Тіпті ондай сөздер ол кісінің аузынан шыққан да емес. Менің бі­луімше, әкем жеке басының немесе қызығушылығына байланысты істерге емес, кейде жаһандық ірі мәсе­лелер төңірегінде бас қатырған болуы керек. Ал сіз сұрап отырған сұрақ­тың жа­уабы былай, әкем Нобель сый­лығын алмай қалдым деп ешқашан мұңайған жоқ. Тіпті, бұл сыйлық туралы өзара сөйлескеніміз есімде қалмапты.

а

 Әкемнің әр шығармасында тазалық бар

– Танымал тұлға кімдермен жиі сырласушы еді?

– Әкем көбінде ел сыйлаған азамат­тармен бірге жүрді, дос болды. Әрине, өзі еңбек еткен мәдениет сала­сындағы адамдармен үздіксіз барыс-келіс жасап жүрді. Әкем қырғыз елінің ұлы манасшысы Саяқ­бай Қаралаевты пір тұтты. Қырғыздың ең мықты ада­мы осы кісі деп айтып отыратын. Ал Қазақ­станның үлкен ақыны Мұхтар Ша­хановпен бірге туған бауырдай араласып, жақын дос болып өтті, оны өте жақсы көретін. Әкемнің достары санап тауысқысыз, олардың атын мұнда тізбелеп айту да бір қиындық.

– Ол кісінің жарияланбаған туын­­дылары бар ма?

– Аяқталмай қалған көп шығар­ма­лары бар. Оларды кәсіпқой тексто­логтерге қаратып алған соң, жария­ласақ деген ойымыз бар.

– Әкеңіздің шығармаларынан өзіңізге қай туындысы жақын? Сіз­дің балалық шағыңызды немесе сол сәттегі өміріңізді көз алдыңызға әкелетін қай шығармасын айтар едіңіз?

– Әкемнің әр шығармасы мен үшін аса қымбат, олар менің жүрегімнен терең орын алған. Әр шығармасының өзіне тиісті әуені, қоғамда алатын ор­ны бар. Балалық шағымды көз алдыма келтіретін шығармаларын айтар болсам, онда «Ақ кеме», «Жә­мила», «Алғашқы мұғалім», «Ерте қайт­қан тыр­налар», «Қош бол, Гүл­сары», «Ата­дан қалған тұяқ» атты шығар­ма­ларын атар едім. Әкем жазған бұл туын­­дыларда қайталанбас тазалық бар.

– Әкеңіз туралы қандай жақсы естеліктер ойыңызға жиі оралады?

– Әрине, әкем туралы есте қалған жақсы сәттер өте көп. Қай бірін айтайын. Мен есейгенде, әкем қайда бар­са да мені бірге ертіп жүрді. Ол кісі екеуіміз көптеген қаланы бір­ге араладық. Тіпті іс-шараларға әкем­мен бірге баратынмын. Әкем екеуіміз көп әңгімелесетінбіз. Жас өткен сайын әкеммен бірге жүрген сәттер ойыма оралып, біресе сағынып мұңайсам, енді бірде қуанамын. Кейде қиындықтарға дөп келгенде, шешім қабылдай алмаған кезде «Әттең, әкем тірі болса ғой» деп ойлаймын. «Әкем менің орнымда болса, бұл мәселені дұрыс шеше алар еді» деп те жорамалдаймын. Сосын әке рухын биіктетіп, ол кісінің атына кір келтірмеу үшін әр ісімді байыппен істеймін.

– Шыңғыс Айтматовтың ұлы болудың қандай жауапкершілігі бар? Әке аманатын қалай орындап жүрсіз?

– Шыңғыс Айтматовтың ұлы бо­лу – үлкен жауапкершілік. Себебі ме­нің әкемнің аты алысты шарла­ды, шы­ғармаларын дүние жүзі оқырман­дары қызыға оқыды. Ол кісінің құн­ды мұрасын қаз-қалпында сақтау, оны насихаттау да үлкен шаруа. Бұл іс те күш-қуатты, тазалықты, ұр­пақ па­рызын талап етеді. Шыңғыс Айт­ма­товтың ұлы деген қалпақты киіп жүру үшін соған лайық болуым керек. Ал әлі жүзеге асыра алмаған істерімді болашақта орындаймын деген сенімдемін, бұл менің перзенттік міндетім.

– Сіз қазір Айтматов атындағы Халықаралық қорға жетекшілік етесіз, бұл қордың басты мақсаты қандай?

– Әкем 2003 жылы өзі Халықара­лық қор ашты. Бұл қордың мақса­ты – өсіп келе жатқан жас буынның білім алуына, олардың тұрмысын­дағы кездескен қиындықтарға қол­ұшын беріп, елдің ертеңі болған жас­тардың экстремистік сипаттағы іс-әрекеттердің құрбаны болуына жол бермеу еді. Әкем өмірден өткеннен кейін мен осы фондқа жетекшілік етіп келемін, осы фондтың президентімін. Аталған фондтың қазір істеп жатқан әрі болашақта істеуге жоспарлаған жо­балары өте көп. Менің ендігі мұра­тым – әлем таныған жазушы әкемнің ар­тына қалдырған мол мұрасын оқыр­ман санасына жеткізіп, тіпті де оқы­­лымды болуына жағдай жасау болмақ.

– Айтматов әулетінде ата жолын қуып, қолына қалам ұстаған ұрпақ бар ма?

– Әпкем Шырын Айтматова әде­биет­танушы, осы салада еңбектеніп жүр, шығармаларын ағылшын тілінде жазады.

– Қазақ-қырғыз әдебиетінен қай жазушылардың шығармаларын оқып жүрсіз?

– Қазақ әдебиеті туралы айтсақ, әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы» атты романы ұлы шығарма. Бұл шығарманы оқымау мүмкін емес. Ал қырғыз жазушыларының ішін­де Әшім Жақыпбековтің «Тәңірі Ма­нас» атты шығармасы шедевр. Бұл шығар­маларды қайталап оқи бергің келеді.

– Уақыт тауып сұхбат берге­ніңізге рахмет.

– Сізге де рахмет.