Қазақстан • 22 Қараша, 2021

Жыр алыбы – Жамбылға арналған жиын

346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай Тараз қаласында «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық әкімдіктің алдында орналасқан Жамбыл ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

Жыр алыбы – Жамбылға арналған жиын

Конференцияны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүр­гізіп отырды. Өз сөзінде Президент Әкімшілігі Басшы­сының бірінші орынбасары Дәурен Абаев шараның ма­ңыздылығын баса айтты. «Бүгін тамыры терең тари­хы­мыздың алтын діңгегі – киелі Тараз шаһарында жиналып отыруымызда терең мән бар. Бұл өлке – мыңжылдықтардың құрдасы, Қазақ хандығы құрылуының куәсі. Әулиеата өңірі – ғұлама ғалымдар мен қаһарман батырлардың, атақты ақын-жыраулар мен қарымды қаламгерлердің құт мекені. Солардың бірі әрі бірегейі – Мойынқұм өңірінде, Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген жыр алыбы Жамбыл Жабаев. Қазіргі таңда елімізде ұлы жы­раудың 175 жылдығы мем­лекеттік деңгейде аталып өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы да­таның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор», деді Дәурен Абаев. Сон­дай-ақ Дәурен Әс­кер­бек­ұлы Жамбылдың өнегелі өмі­рі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қыз­мет қылудың озық үлгісін ай­шықтайтынын, Жамбыл жыр­лары – отансүйгіштікті оя­тып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға ай­нал­ғанын, Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құн­ды­лықтармен үндесіп, әлем­дік мәдениеттің ажырамас бө­лігіне айналғанын да атап өтті.

Өз сөзінде Мәдениет жә­не спорт министрі Ақто­ты Ра­йымқұлова да ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығымен қатар келген ұлы жыраудың мерей­тойына орай ұйымдас­ты­рылған тағылымды шараларға тоқталды. Министр мұндай рухани шаралар алдағы уа­қытта да жалғасатынын, Жам­был есімі қазақ халқымен бірге мәңгі жасайтынын, ұлы ақынның шығармалары жастарды Отанды сүюге, ел мен жерді құрметтеуге тәрбие­лейтінін жеткізді.

Конференция барысында Бердібек Сапарбаев та Жам­был Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан ауқымды шараларға тоқталды. «Елімізде ақын атымен аталатын бір ғана облыс бар. Ол – Жамбыл облы­сы. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде де адам аты­мен аталатын облыс, қала­лар санаулы. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есі­мін еншілеген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, рухани-мәдени саласында да оң өзгерістер, атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес. Солардың  бірқатары  ұлы жыраудың 175 жылдық мерейтойына арналды. Жамбыл облысында ақын есімі берілген 1 аудан, 3 ауылдық округ, 3 елді мекен, 1 даңғыл мен 83 көше, 10 мектеп және 1 кітапхана бар. Сондай-ақ өңірде тұл­ғаның құрметіне барлығы 8 ескерткіш орнатылған. Жыл бойы  ақынға арналған 784 іс-шара өтті. Мұның бәрі ақын есімін кейінгі ұрпаққа ла­йықты түрде танытып, оның ру­хани өміршең мұрасын кеңі­нен насихаттау жолын­да атқарылып жатқан жұмыс­тардың бір парасы ғана», деді ол.

Ал филология ғылым­дарының докторы, жамбылта­нушы Уәлихан Қалижан Жам­был Жабаевтың айтыс өнер­ін­де­гі орны туралы айтса, Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқармасының төр­ағасы, ақын Ұлықбек Ес­дәулет ғасыр жасаған абыз ақын­ның шығармашылық қуаты, шетелдік әдебиет майтал­мандарының жоғары бағасы туралы айтты. «Біз – батыры да, ақыны да бар елміз. Біздің қазақтың мықтылығы сонда. Әлемдегі ең биік таудың бірі Алатау болса, әлемдегі ең ұлы ақын­дардың бірі – Жамбыл Жабаев. Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Сондықтан Алатау десек, Жамбыл бабамыз еске түседі, Жамбыл десек, Алатау көзге елестейді. Біз Жамбылдың заңғар мұзтауын әлі терең зерттеп болған жоқпыз деп есептеймін. Жамбыл жырлары кезінде әлемнің 160 тіліне аударылып, жарық көрген», деді Ұлықбек Есдәулет.

Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Бек­болат Тілеухан, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазу­шы-драматург Елен Әлім­жан, Мәжіліс депутаты Мей­рамбек Төлепберген, ақын Дәу­леткерей Кәпұлы және Жам­был Жабаевтың шөбересі Мұ­ратхан Жамбылов тұлғаның қазақ әдебиетіне қосқан орасан үлесі, айтыскерлігі мен ке­меңгерлігі туралы сөз қозғады. Ал Қырғыз мемлекетінен келген, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Келдібек Қойлыбаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Азиз Бимырза екі елдің әдеби-мәдени бай­ла­нысындағы Жамбыл Жабаевтың рөлін айрықша атап өтті. Басқосу барысында қатысушылар жыр алыбы туралы тың мәліметтермен бөлісіп, шығармашылығын тереңірек зерттеу, келешек ұрпаққа лайықты насихаттау бойынша бірқатар ой-ұсынысын ортаға салды. Конференция со­ңында «Жамбыл жырау» атты кітаптың тұсауы кесіл­ді. Ол кітапқа Қырғыз Рес­­пуб­­ликасының Ұлттық Ғылым Академиясы мен кі­тап­ха­насының архивтерінен та­был­ған, бұған дейін бас­па бетін көрмеген, ғылы­ми ай­на­лымға түспеген Жам­был­дың қырғыз ақындарымен ай­тыстары, арнау өлеңдері, көр­ші ел ғалымдарының тұлға жайындағы зерттеулері топ­тас­тырылған.

 

Жамбыл облысы