Тәуелсіздік • 28 Қараша, 2021

Тәуелсіз ел болу – ұлы арман

5658 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әр ұлт үшін тәуелсіз ел болу – ұлы арман. Дүние жүзінде алты мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар екен. Солардың ішін­де екі жүздей ұлт қана тәуелсіз мем­ле­кет болып отыр. Тәуелсіздік біздің де асыл арманымыз еді. Осы тәуел­сіздік ж­о­л­ында мыңдаған ата-бабамыз шейіт болды. Міне, сол аңсаған еге­мен­дікке қолымыз жетті. Тәуел­сіз­дік­ті қабылдаған Қазақстан Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутаты болдым. 1991 жылдың 16 желтоқсаны, сағат 18:00-де тәуелсіздік жарияланған сәтке куәмін.

Тәуелсіз ел болу – ұлы арман

Егер егемендіктің алғашқы жыл­да­рындағы өндіріс біткен тұралап, жұмыс­сыз­дық белең алып, ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау қарқыны 25,4% болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061%, 1993 жылы – 2265%), адамдар жаппай сергелдеңге түскен күйзеліс кезеңін еске алсақ және сол кезеңдегі жағдайды халықтың қа­зір­гі тұрмысымен салыстырар болсақ, еке­уінің арасы жер мен көктей екені бір­ден көзге ұрады. Осы салыстырулар ар­қылы-ақ еліміздің өсіп-өркендеу жолда­рын айқын аңғаруға болады. Жалпы, республикамыздың тәуелсіздікке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, ол шежіре, мәңгі есте қалар небір айтулы оқи­ғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Ке­ңестің депутаты ретінде республика еге­мендігін бекемдеген талай тарихи ше­шімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.

1990 жылы 24 сәуірде балама сайлау ба­рысында алғаш рет демократиялық не­гіз­де сайланған Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның 12-шақырылған Жоғарғы Кеңесі өзінің бірінші жұмыс күнінде «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдап, рес­пуб­ликада президенттік билік инсти­ту­тын енгізді. Жоғарғы Кеңес өз сессиясында ел Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сай­лады. Мемлекеттегі жоғары қыз­мет­ке тағайындалған сәттен бастап Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін ны­ғай­­­туға бағытталған батыл да бел­сен­ді қа­дамдар жасады. Соның бірі қы­рық жыл бойы халқымызға сор болып жа­быс­қан, атом қаруын сынақтан өткі­зе­тін Семей полигонын жабу мәселесі еді. Президенттік билік қолына тиген беттегі Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы пәр­мендерінің бірі осы полигонға байланысты болды. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Әбішұлы Семей маңындағы ядролық полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Алысты болжай отырып, болашақта атқарылар істерді бүгінгі күні орын алып отырған саяси жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Президент Н.Ә.Назарбаев қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекеттің не­гіз­гі құрылымдары мен институттарын қалыптастырып үлгерді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен Қазақстан та­ри­­хын­дағы алғашқы Мемлекет бас­шы­сының бүкілхалықтық сайлауы ел мемлекеттілігі жолындағы және бір тарихи маңызды кезең еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкілхалықтық дауыс беруге қатысқан республикадағы барлық азаматтардың 98,8% дауысына ие болды. Бұл Президентке деген жоғары сенімнің, өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында сыннан өткен жетекшіге өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың таңдауы еді.

Ал Тәуелсіздік туралы Консти­ту­ция­лық заңды қабылдау кезінде айтыс-тартыс аз болмады. Заң жобасының кі­ріс­­песіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөй­лем­нен «қазақ» деген сөзді алып тастау ке­рек деген пікірді талқылаудың өзі ұзақ­қа созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қал­­дырылды. Жоғарғы Кеңестің біраз депутаттары мұнан да әріге барып, «ертең Қазақстандағы 17 миллион халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біздің республикамыздың ерекшеліктеріне орай бұл мәселе референдумға шығарылуы керек. Біз кімнен және неден егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды. Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, заң жобасының редакциясын толықтыру туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 15 желтоқсанда заң жобасын талқылау одан әрі жалғасты. 16 желтоқсандағы кешкі отырыста «Қа­зақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын да­йындайтын комиссия төрағасы депутат С.Сартаев баяндама жасады. Комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Талқылау барысында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 3 рет сөз сөйледі. Осындай ұзаққа созылған пікірталастан кейін Төраға кешкі сағат 18:00-де «Қазақстан Республикасының Тә­уел­сіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дауысқа қойды. Көпшілік да­уыс­пен заң қабылданды. Депутаттар, Үкімет мүшелері, шақырылған қонақтар, журналистер, бар­лық қатысушылар орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапа­лақ­тады. Рес­пуб­ли­ка­ның Әнұраны орын­дал­ды. Барлық қатысқанның көңілі ерекше толқуда болды. Мен өзім жүрегім дүрсілдеп, ерек­ше толқып, көзім жасқа то­лып кетті. Жан-жағыма қарасам, бар­лық депутат да толқып, көздерін сүр­тіп жатқанын байқадым.

Міне, осы тарихи оқиғадан кейін рес­публиканың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақ­стан­ның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қа­былданып жатты. Сөз ретіне қарай тәуел­­сіздікті, егемендікті баянды ететін заң­дар қабылдаудың оңайға түс­пе­генін айта кеткен жөн. Бұған дейін қан­дай шешім қабылдаса да, алдымен Мәс­кеуге жалтақтап, солардың ығы­на жы­ғылып үйренгендіктен болар, рес­публиканың егемендігіне байланыс­ты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір ас­тар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Және ондайлар әдетте жалғыз-жарым емес. Сондықтан өздерінше шеп құрып алып, әрбір отырыс сайын бүйректен сирақ шығарумен шұғылданды. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді. Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болсын дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев, Оралбай Әбдікәрімов сияқты және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен астасып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Өйткені әлгіндей «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтіндей бостекі даурықпалықтарға олар өзінің бұлтартпас дәлелді пікірлерін қарсы қойып, буынсыз жерге пышақ ұрушылардың көңілдерін су сепкендей басып отырды. Соның нәтижесінде, республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заң дер кезінде қа­былданып, өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар санының едәуір болғанына көп адамның сенбеуі мүмкін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік. Қоғамның ала-құлалығы, басым көпшіліктің кеңестік кезеңде бауыр басқан әдеттерден арыла алмай жүргені анық байқалатын. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – Тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде ты­ғы­рық­тан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушілік орын алды. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағдарысқа ұластырмай, уақтылы шешіп отыру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, даму заңдылықтарын ескере отырып дәл шешім қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да, осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік туғызды.

Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұртшылықтың талқысына ұсынып отырды. Мәселен, астананы ауыстыруды ала­йық. Елорданы мұнда көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мәліметтерден де басқа, Мемлекет басшысының ұлтымыздың қамын тереңнен ойлаған жоспарлары жатқан болар. Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20%-дың ол жақ, бұл жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырттан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай ал­ма­ғайып сәтте Президент қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Бір кезде тың өлкесінің астанасы атанған Целиноград көшелерінен қазақты кездестіру некен-саяқ болса, бүгінгі елорда тұрғындарының басым көпшілігі – жергілікті ұлт өкілдері. Бүгін­де Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс ала­ңына айналған астананың келбетіне қа­рап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 22-23 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы жұпыны ғана тіршілік көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Та­ңыр­қайтын себебі, осының бәрі минут, сағат сайын өсіп, ай, жыл өткенде алып болып шыға келетін ертегідегідей қысқа мерзімде жүзеге асты. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары қомақты. Санамалай бастасақ, көңіл марқаяр сәттер баршылық. Ал 2010 жылдың желтоқсан айында өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті ел халқының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Түркітілдес мемлекеттер арасында, мұсылман мемлекеттері арасында тұң­ғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астанада тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы бола білді. Бұл, әрине, үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылы, тарих өлшемімен алып қарасақ, қас қағым сәттей-ақ. Бірақ осы уақыт аралығында елімізде ғасырдан астам уақытта атқа­ры­латын істер тындырылды. Тарихи қыс­­қа мерзім ішінде еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократиялық мем­ле­кет­ті қалыптастыру, мемлекеттік еге­мен­дік­ті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту жолында зор табыстарға қол жеткізді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд доллар тікелей шетелдік ин­­вес­­тиция тартылды, бұл Орталық Азия өңіріне келетін жалпы инвестициялар ағынының 70%-ын құрайды, ІЖӨ көлемі 20 есе өсті, 2 млн-нан астам жұмыс орны ашылды. Қазақстан азаматтарының орташа жалақысы 17 есе, ал зейнетақы мөлшері 15 есе өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұлғайды, бала туу деңгейі 60%-ға өсті. 100 мил­­­­лион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 1500 мектеп және 2700-ден астам балабақша мен 1800 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Қазақстан көпжақты және бейбіт сыртқы саясатты дамытып, әлемнің 183 мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу мақсатында БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді халықаралық қоғамдастық құрған негізгі үкіметаралық ұйымдардың құрамына кіреді және арадағы ынтымақтастықтың артуына күш салады.

Күні кеше және бір тарихи оқиғаның куәсі болдық. Ыстанбұл қаласында та­мыры бір, тарихы терең түркі ел­де­рінің Түркі кеңесінің қанаты қатайып, Түр­кі мемлекеттерінің ұйымы болып қайта құрылды. Бұл бүкіл түркі жұр­тын та­мыр­лас­тықпен ортақ мүддеге бірік­ті­реді.

2015 жылдан бастап елімізде аса ма­ңызды Бес институттық реформа жүзеге асырыла бастады. Бұл жаңғыртулар кәсіби мемлекеттік аппарат құруға, заң­ның үстемдігін қамтамасыз етуге, ин­дус­трияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мем­ле­кеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Елімізде өмір сүретін сан этнос өкілдерінің тең дәрежеде дамуы­на қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өркендеуіне қол жеткіздік. Бір кездері өз еліндегі саны 29%-ға дейін құлдыраған халқымыздың саны қазіргі кезде республика тұрғындарының 72%-ынан асты. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жасалды.

Жоғарыда айтылғандай, тәуелсіздік жылдары Қазақстан небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды. Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді, көкірегіңді өз еліңе, отаныңа деген ризашылық сезім мен мақтаныш кернейді.

Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиын­дықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік» деген болатын.

Еліміз тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сон­дық­тан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет», деп, алда тұр­ған мақсаттарға кеңінен тоқталып, оны орындау жолдарын айқындап берді. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін бәріміз бір кісідей жұмылып, елімізде бірлік пен тұрақтылықты сақтап, Президентіміздің төңірегіне топтасып, аянбай тер төгіп ең­бек етуіміз керек. Бұл біздің тәуел­сіз­дікті нығайтуға қосқан үлесіміз болады.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері