Елбасы • 30 Қараша, 2021

Тұңғыш Президент күні – жалпыхалықтық мереке

1793 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тұрақтылық пен тұтастықты мем­лекеттің мызғымас межесі етіп белгілеп, орнықты дамып, әлем­нің озық елдерімен иық теңес­тірген еліміздің тәуелсіз мемлекет атанғанына ордалы отыз жыл толды. Осындай қысқа мерзімге қарамастан егемендіктің елең-алаңының өтпелі кезеңіндегі әлеу­меттік-экономикалық қиын­шы­лықтарды еңсере білген Қазақ елі дүние жүзіндегі керегесі кең, те­резесі тең мәртебелі мемлекеттер қатарына қосылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделіп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі, мем­лекеттің тәуелсіздігі бүкіл әлем қауымдастығы тарапынан толық мойындалды. Осылайша, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арман-аңсарына айналған ұлы мұраты ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты.

Тұңғыш Президент күні –  жалпыхалықтық мереке

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қазығын қағып, туын тіктеуде Тұңғыш Президент – Елбасымыздың сіңірген еңбегі ерекше. Осы орайда, 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде жариялаудың маңызы зор. Тарих беттерін парақтасақ, 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлады. Ел тәуелсіздігін аманат етті, оған сенім артты, жауапкершілік жүгін арқалатты. Халқымыз өзінің Көшбасшысының елді адастырмай, тығырыққа тіремей, тура жолмен алып шығатынына кәміл сенді. Осындай тарихи датадан бастау алатын мереке бүгінде жалғасын тауып отыр.

Президенттікке сайланып, Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі күн – қа­зақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егемен елдің туын да тіге баста­дық. Қазақ Республикасының Пре­зидентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін», деп ағынан жарылды.

Тарихтың сол бір бұлтарысты кезе­ңінде өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білген қазақстандықтар да өздері сенім артқан Ердің елді адастырмай дұрыс бағытқа жетелегеніне бүгінгі күні көз­дері толық жетіп отыр. Халықтың басым көпшілігінің сол кезеңде қателеспегеніне қазір шүкіршілік етеміз.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабыл­данды. Екі күнге талқылауға созылған бұл заң да дау-дамайсыз қабылдана қалған жоқ. Қазақ елінің тәуелсіздігін көре алмағандар да, қызғанышпен қарағандар да табылды. 16 желтоқсаннан бастап Тәуелсіздіктің өрлік пен ерлікке толы қасиетті сапары, азаттықтың арпа­лыс­қа толы ақ жолы басталып, тәуелсіз ел­дің іргетасын қалап, оны нығайту қол­ға алынды.

Елбасы Назарбаевтың өз еліндегі өзіне сенім артқан халқына деген беделі тіпті ең бір қиын-қыстау жылдардың өзінде де орындауға болмайтын шаруа туралы ешқандай уәде бермегендігінен де арта түсті. Егер уәде берсе мүлтіксіз орындады. Оның бойындағы туа біткен және өмірлік тәжірибемен бекіген тө­зім­шілдігі, сабырлығы, ұстамдылығы Тұңғыш Президент – Елбасымыздың бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыруға жағдай жасаған саясаткер және тұлға екендігін танытты.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан­дағы тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рындағы Көшбасшылық рөл атқарғанын Англияның 1979-1990 жылдардағы үкі­метін басқарған Маргарет Тэт­чер де мойындап, оң баға берді. Н.Назарбаев­тың «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғысөзінде «Темір Леди» былай деп жазған еді: «Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қаза­қы қасиеттерін сақтап қалды. Пре­зидент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді».

Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшылығындағы айрықша бір өз­гешелігі халықаралық, ұлтаралық мәсе­лелердің шиеленісін, шешуін асы­ғыс­тыққа салмай, арандататын пікір­лердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің артын баға сабырмен, уақыттың талабына, заманның сарабына салып, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйі­су нүктесін таба біліп шешуінде болды.

Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты кедергі тоталитарлық өткен күннің кернеуі кете қоймағандығы болатын. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырын белгілі бір дәрежеде айқындап жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен басқарудың ескі тәсілдеріне бой ұрушылықтан ғана емес, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет өлтірмейді дейтін сенімінен де танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді еңсеруде де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды сая­сатының арқасында қол жеткізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде біліксіздікке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіз­дікке қатаң қарсы тұра алды. Бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдауға қол жеткізе білді. Елбасының өз сөзімен айтсақ «кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объек­тивті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді». Яғни Елбасы Н.Назарбаев билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екі басқа екендігін өз ісімен нақтылап, тарихты жаңа арнаға бұра алған реформатор екенін дәлелдей білді.

Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бас­таған экономиканы алға жылжы­ту жолындағы тиімді саясатына, уа­қыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тә­сілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Елбасына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюінің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түсті.

Мемлекет басшысы экономикалық тығырыққа тірелген, саяси дағдарысқа ұшырау алдындағы Қазақстанды жаңа дәуірлік жарқын күндерге жетелеп алып шықты. Өзіне сенім артқан елдің үміті ақталды. Ел мен Елбасы бір ұғымға айналды. «Елбасы» ұғымын алғаш рет Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Н.Назарбаевтың тамаша жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш инаугурация рәсімі кезінде өзінің Мемлекет бас­шысына арнаған тілек сөзінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкіл халықтық атауға айналды. Шындығына келгенде, еліміздің Тұңғыш Президентіне Елбасы атағын еліміздің Парламенті емес, халық әлдеқашан-ақ берген еді. Ел Парламенті оны заңды тұрғыдан ғана бекітті. Тәуелсіздік туы­ның берік қолда екендігіне ел халқының сол кезде-ақ көзі жеткен еді.

Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңа­дан тәуелсіздік алған елдердің таң­даған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толған Қазақстанның да жаңа мемле­кеттілікті қалыптастырудан бастап өзін­дік мемлекеттік құрылыстағы, әлеу­меттік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демо­кратияландыру бағытындағы қазақ­стандық жолы қалыптасты.

Ел Тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақ ұрпақтың бақыты үшін Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғыр­лы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.

Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ере­желерді қабылдауға, президенттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, сонымен бірге саяси режим­ді, ин­фрақұрылымды және конфессио­налдық қатынастарды қамтитын да саяси үлгі еді. Қазіргі уақытта бұл үлгі дүние жүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда отыз жылға таяу уақыт бойы этностық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәртебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атымен байланыстырылуы да Ұлт Көш­басшысының төңірегіне топтасу қажеттігін тағы да айқындай түседі.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны Қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халық­тық сайлаудан кейін қолға алған бас­шылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені тәуелсіздік қарса­ңындағы және тәуелсіздіктің сан қыр­лы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін де емес. Өйткені бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға ықтияр еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи ше­шімдері, ұстанған саясаты, саяси қыз­меті, өзіндік дара жолы жатыр.

Қазақстанның қазіргі жетістіктерін, отыз жылда жүріп өткен табысты жолын әлемнің белгілі қайраткерлері мен саясаткерлері және Қазақстан қо­ғамы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей бас­шылығымен өмірге келген және күнбе-күн іс жүзінде асырып келе жатқан авторлық стратегиясы деп баға­лай­ды. Батыстық саясаткерлер мен қайрат­керлер де Қазақстанның бүгінгі табыс­тарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж.Айткен «Назарбаев және Қазақстанның қалып­тасып дамуы» деген еңбегінде Қазақ­станды әлемдік қауымдастықпен таныс­тырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады.

Әлем картасында «тоғызыншы территория» атанып, ұлан-ғайыр жерді иеленген Қазақстанды таңғажайып табыстарға жеткізген Елбасының тағы бір тарихи шешімі туған елінің жарқын болашағы жолында жоғары саяси биліктен өз еркімен бас тартып, ел басшылығын халық таныған ізбасар тұлғаға беруін айрықша атап өтуіміз керек. Әлемде мемлекет басқарған билеушілердің мұндай қадамға баруы некен-саяқ екені тарихтан белгілі.

Н.Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда Қазақстан халқына ел басшылығынан кететінін ресми түрде мәлімдеп, Қазақ­стан Президенттігіне халық қолдаған жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынатынын хабарлады. Елбасы осылайша өзі салған сара жолдың сабақтастығын бұрын-соңды болмаған ерекше шешіммен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда осы бағыт­ты орнықты басшылығымен жүр­­гізіп отырған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қажыр-қайратының арқа­сында екі жылда ересен жұмыстар жүзе­ге асырылуда.

2021 жыл – Тәуелсіздік тарихының отыз жылдығы. Бұл жыл аз ғана мер­зімде қол жеткізілген табыстар мен жетістіктерді, ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде Еуразия құрлығының ортасында орнаған әлемнің мықты елдерімен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен Қазақстан атты мемлекетті әлемге тағы да бір танытатын жыл болмақ. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы мерекелік шаралар мен салтанат өткізетін жыл ғана емес. Бұл Қазақ елінің жасампаздық пен тұрақтылықтың, әлемге үлгі боларлық тәжірибесі мен үлгісін, экономикалық өрлеуі мен әлеу­меттік саясатының, қазақстандық өзіндік даму жолының дұрыстығын паш ететін жылы болмақ.

Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңін де айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Бір-біріне етене жа­қын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер. Тәуелсіздік десек, ең алдымен, оның бастауында болған, оны нық сенім­мен алға апарған, тәуелсіз ел мемле­кеттілігінің негізін қалаған Елба­сы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елбасы мен Ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады.

Елбасының, Ұлт көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін осылай бағалайды. Елдің қа­уіпсіздігі мен тұрақтылығын және өр­кенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет бо­латындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

Қорыта айтқанда, аз ғана уақытта еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген бұл саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қазақстанның даму жолы» ретінде дүние жүзі қауымдастығынан мойындалды. Бұның өзі де Тәуелсіздік пен Елбасы ұғымдарының бір-бірімен ажырағысыз екендігін ақиқат ете түседі. Ендеше, Тұңғыш Президент күні Елбасының ел тарихындағы маңызды кезеңге қан­шалықты сүбелі үлес қосқанын, жүріп өткен сәтті әрі ауыр жолымызды есте ұстауда ерекше маңызға ие.

 Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор