Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2021

Жерімізді қорғау – ортақ борышымыз

3972 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария еткен «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттары – ұлтымыздың қазір­гі жан-жақтан қауіп-қатер төндіріп тұрған жаһандану сынды жеті басты айда­­һар­дың өңешіне жұтылып кетпей, «Мәң­­гілік ел» болуы үшін жас ұрпақтың қолы­на ұстатқан қуатты жеті қару іспетті.

Жерімізді қорғау – ортақ борышымыз

Алаш арыстары аңсап өткен Тәуелсіздік, «төртеу түгел болса, төбедегіні келтіретін» бірлік пен келісім, ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтарына аманаттап кеткен ұлан-ғайыр жеріміз, қасиетті қара шаңырақ – отбасымыз бен қастерлі салт-дәстүріміз, ешкімге ұқсамайтын ерекше болмысымызды сақтап, асқақтата түсетін ұлттық мәдениетіміз, табыс кілті – білім мен еңбек, бәсекеге қабілеттілік кепілі – прагматизм елдіктің ең берік тұғырлары екеніне еш шүбә жоқ.

Соның ішінде әлемдегі тоғызыншы территория болып саналатын кең-бай­тақ жеріміздің маңызы айрықша. «Біз Тәуелсіз­дікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б). Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым. Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз», деді Елбасы.

Тұңғыш Президентіміздің шекарамызды шегендеп берген аса маңызды тарихи еңбегінің нәтижесінде көршілес мем­лекеттердің бәрімен өзара тиімді, тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, бейбіт өмір сүріп отырғанымыз айдан анық. Бұл ретте Елбасының жастарға үндеуінде айтыл­­маған жайттар да бар. Мәселен, Нұрсұл­тан Назарбаевтың астананы ел шетіндегі Алматыдан Ұлы даланың жүрек тұсы – кешегі Ақмолаға, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына көшіргендігі қазақ жерінің тағдырына тікелей қатысты көрегендік шешім болғанын ешкім бекерге шығара алмайды. Бұл «Ресейді қалай көркейту керек?» деген аты шулы мақаласында «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыс – орыс жері» деп сандырақтаған жазушы Александр Солженицын сияқты ескі империялық амбициядан арылмаған кейбір ресейлік саясаткерсымақтардың іштерін күйдіріп, тұз жалатқан тамаша да теңдессіз жауап еді. Елорда тұрғындарының саны 1997 жылы 275 мың болса, биылғы жыл басында, негізінен, елдің әр өңірінен көшіп келіп жатқан ағайындардың есебінен 1 миллион 184 мыңнан асты. Оның 80,3 пайызы – қазақтар.

Ел мен жер тағдырын ойлаған Елбасы 1997 жылы жұрттың бәріне бірдей ұнай қоймайтын қиын шешімдер де қабылдап, өз Жарлықтарымен Солтүстік Қазақстан облысына Көкшетау облысын, Қостанай облысына Торғай облысын, Шығыс Қазақстан облысына Семей облысын қосты. Бұл теріскей өңірлерді біртіндеп қазақыландыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 1989 жылғы халық санағы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының ішіндегі қазақтардың үлес салмағы 22,5 пайыз болса, 1999 жылы 29,5 пайызға жеткен, ал биылғы жыл басында 35,5 пайызды құрады. Көкшетауда билік басында жүрген қазақ азаматтарының көпшілігі Петропавлдағы мемлекеттік бас­қару органдарына бірінші-екінші басшылар болып ауыстырылып, әкімдіктегі, басқармалар мен әртүрлі ведомстволардағы ұлттық кадрлар қатары бірден қалыңдап шыға келгені жадымызда.

Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан жұмыс күші артық оңтүстік өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы мен «Серпін» әлеуметтік жобасы да ел мен жер тағдыры үшін өте маңызды. Соны дұрыс түсініп, теріскейге ат басын бұрған жастар қатары жылдан-жылға қалыңдай түссе, құба-құп.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке көші-қон саясатының жаңа тұжы­рым­дамасын әзірлеуді, оңтүстіктен сол­түстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдем­ақы төлеу тетігін қайта қарауды және бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасап, оларға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтауды тапсырғаны Елбасының ел мен жер тұтастығын сақтауды көздеген игі бас­тамалары дәйекті жалғасын табатындығын айғақтайды.