Президент • 06 Желтоқсан, 2021

Ел арасындағы байланыстар тығыз болса, аймақтағы ахуал да тұрақты – Қасым-Жомарт Тоқаев

385 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақорда сарайында Қазақстан астанасына мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Ел арасындағы байланыстар тығыз болса, аймақтағы ахуал да тұрақты – Қасым-Жомарт Тоқаев

Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт бергеннен кейін екі елдің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Шығыс залында шағын құрамда келіссөз өткізді.

Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік транзиттік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты негізгі аспектілер қарастырылды. Сондай-ақ аймақтағы, соның ішінде, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан, Шавкат Мирзиёевтің қазақ жерінде өтіп жатқан мемлекеттік сапарының маңызды екенін атап өтті.

– Біз бүгін одақтастық қатынастар туралы Декларацияға қол қоямыз. Бұған дейін стратегиялық серіктестік қағидаларына сүйеніп келген болсақ, алдағы уақытта біздің өзара қарым-қатынастарымыз шын мәніндегі жаңа деңгейге көтеріледі. Сондықтан бүгін қол қойылатын құжаттар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп есептеймін. Біз үкіметтерімізге жақын арада сауда көлемін 3 миллиард долларға, кейінірек 10 миллиард долларға дейін жеткізу туралы тапсырма беруге уағдаластық. Бұл өте жоғары деңгей, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі екі мемлекеттің рөлі туралы айтты.

– Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Бұл ешқандай артық айтқандық емес. Екі ел арасындағы байланыстар қаншалықты тығыз болса, біздің маңызды аймақтағы ахуал да соншалықты тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Шавкат Мирзиёев қазақ жерінде көрсетілген дәстүрлі қонақжайлық үшін ризашылығын білдіріп, өзінің және өзбек халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміздің жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор үлес қосқанын атап өтті.

Өзбекстан Президенті өзінің мемлекеттік сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанының символдық мәні бар екенін айтты. Ол екі ел халықтарының арасындағы ғасырлар бой қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ екі ел үкіметтерінің осы сапар қарсаңында атқарған нәтижелі жұмыстарын атап өтті.