Экология • 24 Желтоқсан, 2021

Назарда – Сыр мен Аралдың экожүйесі

9454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның Өңіраралық ынтымақ­тастығының III форумы аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Трансшекаралық тәуекелдерді басқару. Эко­логияны сақтау және қорғау» атты панельдік сессия өткізді.

Назарда – Сыр мен Аралдың экожүйесі

Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов, Өзбекстан Республикасының Экономикалық даму және кедейлікті азайту минис­трінің орынбасары Б.Әбдіназаров, Өзбекстан Респуб­ликасының Экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ж.Қазбеков, сондай-ақ екі тараптың мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Панельдік сессия барысында Сырдария өзені сула­рының сапасының жай-күйі, трансшекаралық ағындардың су экожүйелеріне әсері, Арал теңізінің құр­ғаған түбінде Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен іс-қимылдары және т.б. мәселелер талқы­ланды.

Панельдік сессияның қорытындысында Қазақстан тарапы Сырдария өзені бойынша экологиялық су жіберу ұғымын заңнамалық деңгейде анықтауды; Сырдария өзені бассейнінің қоршаған ортаны қорғау және су сапасы мәселелері бойынша Қазақстан-Өзбек­стан бірлескен жұмыс тобына Сырдария өзені­нің жоғарғы ағысында орналасқан елдерді (Қыр­ғызстан және Тәжікстан рес­публикалары) тарту жөнін­дегі жұмысты мемлекетара­лық деңгейде жан­дан­дыруды; Сырдария өзені бассей­нін ластауға әсер ететін көздерді түгендеу жөнінде жүйелі іс-шараларды жасақтауды ұсынды.

«Біз ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет пен мүдделерді сақтау негізінде өңір елдерінің күш-жігерін біріктіріп қана өңірлік тұрақтылықты, транс­шекаралық өзендердің су ресурстарын келісіп басқару мен ластанудан қорғау проблемаларын шешуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қазіргі проблемаларды табысты шешуге болады деп санаймыз», деп түйіндеді вице-министр С.Қожаниязов.

Өзбекстан тарапы өз аумағында жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы, атап айтқанда, сексеуіл отырғызу, Арал теңізінің құрғаған түбінде транс­шекаралық табиғи резерваттар құру, сондай-ақ «Аралқұм» ұлттық паркін құру туралы хабардар етті.

Тараптар осы бағытта бірлескен жұмысты және тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.