Білім • 20 Қаңтар, 2022

Сапалы білім – елдігіміздің кепілі

7118 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келіп, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталды.

Сапалы білім – елдігіміздің кепілі

Президент ең алдымен сапалы білімді қолжетімді етуді қолға алу қажеттігін атап кетті. Шынында да, қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті мамандар екені сөзсіз. Бұл бағытта елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін құрайтын дарынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, әлеуетін пайдалану көздерін қарастыру керек. Әсіресе ауыл жастары арасындағы таланттарға сапалы білім алу беру тетігін айқындау, оны жүзеге асыру тәсілін белгілеу қажет деп санаймыз.

Дарынды тұлғаны қалып­тас­тырушы – ұлағатты ұстаз, ең алдымен мектепте білім нәрімен сусындататын мұғалім. Бүгінгі мұғалімнің өз саласында қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Мектептерді «жақсы мұғалімдермен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес», деген Мемлекет басшысының сөзі, біздің ойымызша, ең алдымен ауыл мектептері ұстаздарына бағытталып отыр. сондықтан заманауи білім алған педагог мамандардың ауылға барып еңбек етуге қызығушылығын арттыру мақсатында бағдарлама қабылданып, сол бағдарламада мұғалім мәртебесі мен мүддесін қорғайтын өзекті мәселелер өз шешімін табуы керек. Ахмет Байтұрсынұлының «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі қайта жаңғырып, нұр үстіне нұр балары хақ.

Президент жоғары мектептерде білім алуды қолжетімді етуде халық көп шоғырланған аймақтарға арнап мақсаттық білім беру гранттарын бөлу туралы тапсырмасы да – көңілге қонымды жаңалық. Бұл бастама халық саны көп аймақ жастарының мемлекет қолдауымен, ақысыз, сапалы жоғары білім алуға мүмкіндігін арттырып, болшаққа сеніммен қарауына септігін тигізбек. Аталған бастаманы халық зор қуанышпен қабыл алып отыр.

Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуы­ның тағы бір көрсеткіші – әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы өз сөзінде шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстанға аса қажетті тех­ни­калық бағыттағы оқу орын­дарының филиалдарын ашу туралы айтқан сөзі – жастардың ел­ден тыс кетпей-ақ, сапалы білім алуы­на жол ашатын тың жаңалық. Бұл қажетті мамандар­мен елді қамтамасыз ету мәселесін шешудің тиімді жолы болатынына сенеміз.

 

Гүлжамал ЖАПАРОВА,

«Тұран-Астана» университетінің ректоры, профессор,

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты