Экономика • 20 Қаңтар, 2022

Кешенді жоспар – тұрақтылық кепілі

1293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда инфляцияны тежеп, бағаны ұстап тұру жергілікті атқарушы билік үшін маңызы зор міндеттің біріне айналды. Мұның бер жағында коронавирус инфекциясы да қайта өршіп, жағдайды күрделендіре түсті. Дегенмен жедел қолға алынған шаралардың нәтижесінде, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды әзірге тұрақты деп айтуға негіз бар.

Кешенді жоспар –  тұрақтылық кепілі

Тежемесе, инфляция иілмейді

Қарағанды облысында инфляцияны ауыздықтау бойынша амал-әрекеттің алуан түрі іске асырылып жатыр. Бұл бағытта тұрақтандыру қорындағы өнім­дер­дің интервенциясы, ішкі на­рық­ты отандық азық-түлікпен қа­нықтыру аса маңызды рөл ой­найды. Мысалы, экономика басқармасының мәліметі бо­йынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5%-ды құраған. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров тұрақтандыру қо­рын­да 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар екенін мәлім етті. Бұл өнімдерді және картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлерін қосымша сатып алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, «Сарыарқа» ӘКК-тің кәсіпкерлерге жеңілдікпен қарыз беруі арқылы көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізілетін болады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстың жалғасын табатынын айтады.

– Бізде инфляциялық про­цес­тер­ді тежеу жөніндегі кешенді жоспар жұмыс істейді. Ол Мем­лекет басшысының жаңа тапсырмаларын ескере отырып, түзетуді және өзектендіруді қажет етеді. Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру жұ­мыстарын жалғастыру қажет, – дейді ол.

Жалпы, облыста бағаны тұ­рақ­­тандыру бойынша мемо­ран­­думдарға сәйкес ауыл­шаруа­­шы­­лық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс түрін жеткізуге міндеттелген. Ал жергілікті құс фабрикалары меморандум бойынша жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шы­ға­рады.

Әлеуметтік ұн мен нан баға­сын тұрақтандыру үшін астық­тың резервтік қоры пайдаланылады. Облыстық кәсіпкерлік бас­қар­масының басшысы Татьяна Аблаева қоймаларда ба­ка­­лея өнімдерінің бір айдан астам уа­қыт­қа жететін қоры бар еке­нін ай­тады.

Өңірде жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ деп се­німді түрде айтуға болады. Со­ны­мен қатар облыста баллон газын сататын фирмалармен ба­ға­ны төмендету туралы уағ­да­лас­тыққа қол жеткізілген.

41 мың тұрғын жұмысқа тұрады

Биыл Қарағанды облысында Ұлттық жобалар аясында 25 148 жұмыс орны құрылып, өңірдің 41 мың тұрғыны еңбек етіп, нәпақа айыру мүмкіндігіне ие болады. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 721 түлек жұмысқа орналасса, 2 959 адам қоғамдық жұмыстарға тартылады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, өңірде халықтың осал топтары үшін, нақты айтқанда 300-ге тарта адамға арналған әлеу­меттік жұмыс орындары құ­ры­лады. Алғашқы жұмыс орны 238 үміткерге ұсынылмақ.

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеу­меттік бағ­дарламалар басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Төлеу Мұхтар нәтижелі жұмыс­пен қам­туды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың «Еңбек» мем­ле­кеттік бағдарламасы бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жоба­сы­ның да жұмыс істей бастайтынын атап өтті.

– Бұл – зейнеткерлік жасқа жетсе де, еңбек етіп жүрген қыз­мет­керді кейіннен ауыстыра оты­рып, жұмысқа орналастыру. Осы жоба аясында өңірде биыл 34 адам жұмысқа орналасады. Зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасын енгізу 534 адамды жұмыспен қамтуға мүм­кін­дік береді. Сондай-ақ өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастар арасында конкурстық негізде гранттар ойнатылды. Бұл бойынша барлығы 755 грант қарастырылған, – деп атап өтті Т.Мұхтар.

Кәсіпкерлік белсенділікті арт­­тыру үшін 1 250 адамды биз­нес негіздеріне оқыту жос­пар­лан­ған. Оларға 433 микрокре­дит берілетін болады. Бүгін­де электронды еңбек биржасында 4 188 бос жұмыс орны орна­лас­ты­рылған.

– Бос жұмыс орындарын таңдау үшін жұмыссыз адам өзі Enbek.kz порталына кіре алады. Сон­дай-ақ олардың қалалар мен аудандардың халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе кенттер мен ауылдық округ­тердің әкімдіктерінен бос орын­дар туралы ақпарат алуына мүм­кін­дігі бар, – дейді Төлеу Мұхтар.

 

Қарағанды облысы