Экономика • 23 Қаңтар, 2022

Энергетика – экономика драйвері

515 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда бүкіл Қазақстандағы энергияның 40 пайызы өндіріледі. Көмірлі шаһардағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 стансалары Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып саналады. Аталған стансалар әлдеқалай «түшкірер» болса, өзге нысандардың «тұмауратып» қалатыны да сондықтан.

Энергетика – экономика драйвері

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Инвестжобалардың игілігі

Екібастұздағы стансалардан бөлек, облыс аумағында тағы бір ірі энер­гети­­­­калық кешен бар. Бұл – Ақсу қала­сын­да­ғы Еуразиялық энергети­калық корпо­рацияның стансасы.

ГРЭС-1 кәсіпорнының бір ғана энер­гоблогының тәуліктік өндірісі (9,7 млн кВт/сағ) Көкшетау қаласын 24 сағат бойы жарықпен қамтамасыз етуге жетеді екен. Стансалардың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Ал мұнда әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын 8 энергоблок (әзірге жетеуі қатарда) жұмыс істейді. Осыдан кейін павлодарлық кәсіпорындар электр энергиясының доноры екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Мұның шарапатын көрші мемлекеттер де сезініп отырғанын атап өткен жөн.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масы басшысының орынбасары Асхат Жақыповтың айтуынша, әр кәсіп­орын­ның инвестициялық жобалар жоспары бар. Соған сәйкес, қондырғылар жаңартылады. Ондағы мақсат – энергия өндіру ісінде олқылықтарға жол бермеу. 2021-2022 жылдары облыстағы электр стансаларында 30-ға жуық не­гізгі қондырғы жөндеуден өткізу жоспар­ланған болатын. Мұнда ұсақ шаруа деген болмайды. Әр құрылғының қалыпты жұмыс істеуі қашанда маңызға ие.

– Облыс аумағында жалпы қуаты 8 502 МВт болатын 7 электр стансасы тіркелген. Оның үшеуі – ұлттық маңызы жоғары стансалар. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, кәсіпорындар 49,4 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Бұл 2020 жыл­ғы көрсеткіштен 11,4 пайызға ар­тық. Сұранысқа сай өндіру көлемі де артып отыратынын ескеру керек. Мәселен, Павлодар облысының тәуліктік сұранысы шамамен 60 млн 406 мың кВт/сағатқа тең. Сұраныс күн сайын өзгереді. Электр энергиясы облыс аумағына, еліміздің бірнеше өңіріне үлестіріледі. Өзбекстанға да экспортталады, – дейді А.Жақыпов.

Екібастұз қаласын әлеуметтік-эко­но­микалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, ел Үкіметінің араласуымен қомақты инвестиция тартылғаны белгілі. Шаһар­д­ы гүлдендіру һәм түрлендіру үшін салалардың барлығы қамтылған. Оның ішінде энергетика алдыңғы қатарда тұр. Энергетика бағытында кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен 2 инвестициялық жоба жүзеге асады деп күтілуде. Бұл нендей жобалар? Тиімділігі қандай? Аз-кем тоқталып көрелік.

Алғашқы жоба – ГРЭС-1-дегі №1 энергоблогты қалпына келтіру. Осы­лайша, станса қуаты 500 МВт-қа ұлғай­тылып, еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесіндегі тұтынудың болжамды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бер­­мек. Инвестиция көлемі 66,5 млрд тең­геге тең. Қазіргі уақытта жобаның дайын­дығы 41,8 пайызды құрап отыр. Жоба 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Естеріңізге салсақ, былтыр 19 қара­ша­да мұндағы №5 энергоблок апатты түрде тоқтап қалған болатын. Келесі күні №8 блок істен шықты. Ірі кәсіпорындағы негізгі қондырғылардың істен шығуы көпшілікті алаңдатқаны рас. KEGOC компаниясының ресми өкілдері хабар­лағандай, апаттың себебі генерация көлемінің 1000 МВт-қа төмендеуінен орын алған. Салдарынан ГРЭС-1-дегі электр энергиясының тапшылығы 1 500 МВт-қа дейін жеткен. Мәселені шешу үшін Энергетика министрлігінің араласуымен кейбір тұтынушыларға берілетін электр энергиясын шектеу туралы шешім қабылданды. Әйтпесе, мемлекетаралық электр желілерінде жүйе­лік апат орын алуы мүмкін еді. Атал­ған кәсіпорынның өкілі Елена Киси­леваның айтуынша, бүгінде станса тәуліктік кестеге сай қалыпты режімде жұмыс істеуде.

Екінші жоба – ГРЭС-2 кәсіпорнында үшінші энергоблоктың салынуы. Оның қуаты 636 МВт-ты құрайды. Жоба 2025 жылы іске қосылмақ. Жалпы, мұнда әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын екі энергоблок жұмыс істеп тұр. Атал­ған кәсіпорын Гиннестің рекордтар кітабына енгенін бірі білсе, бірі біл­мес. Биіктігі 419 метрді құрайтын ГРЭС-2 мұ­ржасы әлемдегі ең ұзын түтін шыға­ратын құбыр саналады. Оның ең жоғарғы бөлігіне жаяу көтерілу үшін 4 сағат қажет.

 

Дайынның өзі уайым

Екібастұздай шағын шаһарды ара­ласаңыз, қаланың энергетикалық әлеуе­тін одан әрі арттыруға арналған отын-энергетика кешеніне кадр даяр­лау ор­та­лығы көзге оттай басылады. Қа­ла­ның бағы емес, соры болған «сақал­ды құрылыстың» қазір сәні кірген­дей. Кешеннің 15 ғимараты алыстан менмұндалайды. Тек, құрылысы аяқ­талса да, дайын орталық әлі күнге дейін қаңырап бос тұр.

Орталықтың тарихына аз-кем тоқ­талсақ. Ғимараттың құрылысы 2009 жыл­дың қазан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарымен «Нико» ЖШС айналысты. Алайда аталған серік­тестік банкрот деп танылып, құры­лыс жұмыстары 2010 жылы тоқтап қал­­ды. 2011 жылдың қазан айында Бі­лім және ғылым министрлігі S&ER company ЖШС-мен келісімшартқа отыр­ды. Осылайша, 2011 жылдың қа­раша айында құрылыс-монтаж жұмыс­тары қайта жалғасты. Бұдан кейін Пав­лодар облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы атал­ған ке­шен­де техникалық зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, өрескел кемші­ліктерді анықтады. Соның негізінде 2012 жылдың қарашасында құрылыс жұмыстары екінші мәрте тоқтатылды. Белгілі болғандай, ке­шен сор, батпақты жерге салынған. Ері­ген қар суы, жаңбыр суы осы жерге жина­лады. Ал мұндай жерге құрылыс салуға болмайды немесе су сору жүйесін тарту керек.

Сөйтіп, 2017 жылы Екібастұз қала­сының әкімдігі 100 млн теңге қарас­тырып, су сору жүйесін жүргізді. Тек, содан кейін ғана орталықтың жұмысы алға бас­ты. Алдымен, 2017 жылы «Кәсіпқор» холдингі «сақалды құрылыстың» жоба­лық-сметалық құжаттарын қайта әзір­леп шықты. Жобаны 2018-2020 жыл­дары аяқтауға жергілікті бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсал­ды. Жалпы, құрылыс жұмыстары үш кезеңнен тұрды. Оны «Портал-ПВ» ЖШС соңына дейін аяқтап, тапсырды. Бірақ осы бір орталыққа жұмсалған қар­жыны есептесеңіз, шашыңыз ағара­ды. Сала мамандарының дерегіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарына шамамен 10 млрд теңге жұмсалған. Енді дайын тұрған нысанның жұмысын жандандыруға тағы қанша қаржы қажет екен?

Жоғарыда атап өткеніміздей, оқу орталығында отын-энергетика кешеніне қызмет көрсететін мамандар оқытылады деп күтілген-ді. Атап айтсақ, пайдалы қазба орындарын әзірлеу, электрмен жабдықтау, дәнекерлеу, электр стансалары мен желілерін электрмен қамту, темір жону және металды өңдеу, өндірістік машиналар мен құрал-жабдықтарды іске қосу секілді мамандықтар бойынша кадр даярлануы тиіс-тін. Қысқасы, шаһардағы ірі кәсіпорындардағы кадр мәселесін оң шешеді деп көзделіп еді. Алайда әзірге мұның бәрі сөз күйінде ғана қалып отыр.

2019 жылдың желтоқсанында оқу орталығы облыстық құрылыс басқар­масының балансына берілді. Бүгінде оны білім басқармасының балансына беру үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатқанға ұқсайды. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Мәлікова оған жергілікті 6 колледжді орналастыру идеясын алға тартуда. Бір жағынан студенттер толығымен жатақханамен қамтылушы еді. Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінис­лам Болатханұлы бұл ұсынысты құпта­майтынын айтты.

– Әзірге нысанды иелігімізге алу үшін құжаттандыру жұмыстары жалғасуда. Әу баста орталық қандай мақсатпен са­­лын­ды, сол бағытта жұмыс істеуін қолға аламыз. Шаруаларға жер жалға бе­рілетіні сияқты білім саласындағы жекеменшік ұйымдарға табыстау ұсыны­сы да қарастырылуда. Оның өзі заңға сай болуы қажет. Себебі нысан мемлекет қаржысына салынғандықтан жекеменшік мекемелерге берудің де өз тәртібі бар. Оқу орталығының тағдыры жайлы алда­ғы уақытта жеке хабарлаймыз, – дейді Д.Болатханұлы.

Екібастұз қаласының әкімі Ар­дақ Қаңтарбаевтың айтуынша, бүгін­де ша­һардағы ірі стансалардың әрқай­сысын­да 1 300 – 1 500 адам еңбек етуде. Бір ға­на энергоблоктың қалыпты жұмыс істеуін күн сайын 100-ге жуық жұмыскер қа­дағалайды. Энергетика саласының мамандары әзірге жергілікті оқу орындарын­да – С.Торайғыров атындағы Павло­дар мемлекеттік университетінде жә­не Қ.Сәт­баев атындағы Екібастұз инженер­лік-техникалық институтында даярлануда.

Жақында ел Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев техникалық мамандық­тарды оқытуға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Бұл ретте, отын-энергетика кешеніне қажетті кадрларды даярлайтын орталықтың бойына қан жүгіріп, жергілікті стансаларды білікті кадрлармен қамтамасыз етеді деген сенім мол.

 

Криптовалюта – табыс көзі

Кембридж университетінің зерттеуіне сәйкес, қазір әлемдегі криптовалютаның 46 пайызы Қытайда, 16,8 пайызы АҚШ-та, 8,2 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Осы үш ел майнер-мемлекеттер тізімінде көш бастап тұр. Сондықтан елімізде майнинг орталықтары көптеп құрыла бастады. Оларға қызмет көрсетуші ұйымдар да пайда болды. Солардың бірі екібастұздық ВТС KZ ЖШС-і. Аталған серіктестіктің құрылтайшысы Дінмұхаммед Маткеновтің айтуынша, криптовалютаның болашағы зор. Тек елімізде әлі күнге дейін бұл сала­ға сенімсіздік басым. Бұл ретте энер­гетикалық орталық – Екібастұздың мүм­кіндігін тиімді пайдалану керек. Өйткені мұнда электр энергиясы әлдеқайда арзан әрі мол.

– Тас дәуірі тас бітті екен деп аяқтал­ған жоқ. Жаңа технологиялар пайда бол­ған сайын қоғамның алға жылжуы заңдылық. Көптеген мемлекеттер криптовалюта арқылы экономиканы жандандыруға болатынын аңғарып, қазірден бастап нақты шараларды қол­ға алуда. Бұл сала Жапонияда 4 жыл бұрын ресми түрде мойындалған. АҚШ-та да негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Бізде ше? Соңғы уа­қытта майнинг-фермаларға электр энергиясын тарату жиі шектелуде. Яғни саланың дамуына қолайлы жағдай жоқ. Әйтпесе, Екібастұз өңірін өндірістік алаңға айналдыруға мүмкіндік зор, – дейді Д.Маткенов.

Мамандардың есебінше, қазір Қазақ­стандағы биткоин өндірушілер 1 кВт/сағат үшін 3 цент төлеп отыр. Елдің ортақ электр қуаты 22 гВт-ты құрайды. Одан артық Қазақстанда қуат генерациясы жоқ. Әрбір қуат резервтелген. Сондықтан «жасыл энергетиканы» іске қоспаса, Қазақстанның майнинг қар­қынын бұдан әрі көбейтуге еш мүмкіндігі болмайды, дейді мамандар. Яғни майнингке жұмсалатын электр энергиясын көмір мен мазуттан емес, күн, жел және су қуатынан алуға тиіспіз.

 

Тапшылық тақырға отырғыза ма?

Еліміздегі электр энергиясының тап­шылығы 250 млн кВт/сағатты құ­райды. Ол Ресей Федерациясының энергия көз­дері есебінен өтеледі. Сол себепті эко­но­миканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу үшін жұмыс істеп тұр­ған электр стансаларын жаңғырту, реті келсе жаңа электр стансаларын салу маңыз­ды. Бұл ретте 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біртұтас энергия жүйесінің оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жал­пы жиынтық қуаты 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерацияны енгізу бойын­ша 7 жобаны іске асыру көзделген. Жо­балардың жалпы құны – 1,5 трлн теңге.

«Энергетикалық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету – басты міндеттің бірі. Қа­­зақ­станда энергияны тұтыну қар­қы­­­н­ы жылдан жылға артып келеді. Бі­рақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көз­дері оған сай емес. Сұраныстан ар­тық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміз­дің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтсақ, энергетика саласында жетілдіре түсетін тұстар аз емес. Жарқын жобалар елдің дамуына кепіл болатынын ескерсек, салаға серпін беретін жұмыстардың жедел әрі сапалы атқарылғаны абзал. Әсіресе, еліміздің энергетикалық орталығы саналатын Екібастұз өңіріндегі жобалар нәтижелі болатынына сенім мол.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ,

журналист

Павлодар облысы

 

Соңғы жаңалықтар