Аймақтар • 24 Қаңтар, 2022

«Парасат» – халық пен билік арасындағы үнқатысу алаңы

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрғындары наразылық білдіріп әкімдіктің алдына жиналмайтын, ұрандатып алаңға бармайтын, шеруге шықпайтын аудан бар. Түркістан өңірінде. Кез келген тұрғынның көкейде жүрген өзекті мәселені, белгілі бір саланың жұмысына байланысты кемшілікті, тұрмыс-тіршілікті жақсартуға қатысты ой-пікірін ашық айтуына мүмкіндік жасалған. Әкімі бастап, басқарма, бөлім басшылары ауылдағылардың алдына келіп, жағдай сұрайды.

«Парасат» – халық пен билік арасындағы үнқатысу алаңы

«Egemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы сәуір айындағы санында Түркістан облысы Сайрам ауданындағы игі бастаманы осылай насихаттаппыз. Мақаламызда «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысында аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің: «Егер осы ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмасаңыз, егер сіз Сай­рам ауданының жанашыры бол­саңыз, шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деген сөзін келтіргенбіз. Әкімнің өзі «айтыңыздар» деп отырған соң, тұрғындар тартынбай, өзекті деген мәселелерді ортаға салған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­дауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» екені айтылғанын, осы орайда Сайрам ауданында би­лік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатудың оңтайлы жолдары қарастырылып, жүзеге асырылып жатқанын жеткіздік, ел газеті арқылы. Ал күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданының тәжірибесін барлық аудан, қалада қолдану қажеттігін айтты.

Аудан әкімдігі мен Nur Otan партиясы филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубында жер­гілікті басшылар мен халық тұ­­рақты түрде кездесіп, ең өзекті мәсе­лелерді талқылайды. Ол мәсе­лелер заң шеңберінде шешімін тауып келеді. Қарабұлақ ауылында ауданның зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі сайрамдықтардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен батыс және оңтүстік облыстарды дамыту жоспары әзірленетінін, бұл бастама ел әлеуетін көтеруге оң серпін беретінін атап өтті. Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде бірлігі мен тыныштығын сақтаған Түркістан жұртшылығына ризашылығын білдіріп, бұның бәрі жергілікті әкім­діктер мен қоғам мүшелерінің, халықтың арасындағы байланыстың жақсы дәрежеде болғанының белгісі екендігін жеткізді. «Өңір тұрғын­дарының ауызбіршілігі мен тәртіп сақшыларының, әкімдіктердің, қоғам белсенділері мен зиялы қауым және ерікті жастардың бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде облысымызда бұзақылық оқиғалары тіркелген жоқ. Бейбіт митингтер болды, бәріне жедел түсіндіру жұмысы жүргізіліп, диалог орнатылды. Нәтижесінде, облысымыздан төтенше жағдай режімі алынып тасталды. Кабинетте отыра берсең, халықпен кездесіп тұрмасаң, қоғамдағы кейбір мәселелерді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан пандемия қолды байласа да, аудан, қалаларға сапарымда міндетті түрде ардагерлермен, зиялы қауыммен кездесемін. Кездесуге кәсіпкерлерді, жастарды, қоғам белсенділерін, жалпы айтары бар тұрғындарды да қосып отырмыз. Сөйлесейік, бір-бірімізді тыңдайық, елдің мәселесін бірлесе шешейік деген оймен. Еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайын­мын», деді облыс әкімі кездесуде. Сондай-ақ сайрамдықтардың игі істері жоғары бағаланды. Тұр­ғындары тығыз орналасқан ауданда әркім өз тірлігімен айналысуда. «Парасат» пікірталас клубы аудандағы мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуде. «Клубтың көш­пелі отырыстары әр ауылда өтіп, келелі мәселелер талқыланады. Біразы сол мезетте шешіліп жатады. Ең бастысы, билік пен халық арасындағы диалог алаңы бар. Сайрам ауданының тәжірибесін барлық аудан, қалада қолдануымыз керек. Кәсіпкерлікті дамытуда да үлгі тұтар істер мол. Жоғарыда айт­қанымдай, бізде халық пен билік арасында байланыс жақсы. Бірақ әлі де тереңдете түсуіміз керек. Әр әкім өзі басқаратын аумақтың проб­лемасын, жай-күйін жақсы білетін болса, өз жұмысын дұрыс атқарса, тұрғындармен ашық диалог орната алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдіктерге елдің әлеуетін көтеруге бағытталған тапсырмалар берді. Қым­батшылықты тоқтатып, бағаны тұрақтандыру, жұмыссыздықпен күрес, қоғаммен байланысты нығайту және өзге де салаларда жақсы бе­т­бұрыстар болады және осы бағытта жұмысты күшейтеміз. Сіздердің ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз на­зарға алынады», деді Ө.Шөкеев.

Кездесуде зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қо­ғамдағы түр­лі мәселені көтеріп, ұсы­ныстарын жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Жеңісбек Мәулен­құлов пен ел ағалары да келелі ойларын ортаға салды. Елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ екенін айтып, Президенттің бастамаларын қол­дайтындарын жеткізді.

 

Түркістан облысы