Аймақтар • 24 Қаңтар, 2022

Оңтайлысы – онлайн оқу

1132 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысында коронавирус инфекциясының өршуі тоқтар емес. Дәрігерлердің пікіріне сүйенсек, мұның басты себебі – тұрғындардың адам көп жиналатын қоғамдық орындарда топ-топ болып жүруі.

Оңтайлысы –  онлайн оқу

Осындай себептен соңғы бір аптада күн сайын вирус­ты жұқтырушылар саны 500-ден түспей тұр. Мәселен, 19 қаңтарда мұнайлы өңірдің 568 тұрғынынан қауіпті індеттің белгісі анықталып отыр. Оның ішінде Атырау қаласында – 396, Теңіз кен орнында жұмыс істейтін 61 жұмысшы бар. Сон­дай-ақ Қызылқоға ауданында – 30, Жылыойда – 21, Индерде – 20, Құрманғазыда – 16, Махамбетте – 15, Исатайда – 14, Мақат ауданында 5 науқас тіркелді.

«Қазір «қызыл аймақтағы» Атырау облысында 3 443 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз» кен орнындағы инфек­циялық стационарда – 501, мо­дульдік ауруханада – 171, аудан­дардағы стационарларда – 48, ал №2 облыстық ауруханада – 42, фтизиопульманологиялық орталықта 30 адам хаттамаға сәйкес ем-дом алу үшін оқшау­ланған», деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Өңірдегі 2 360 төсектік орын­ инфекциялық стационарларда 801 адам (жүктеме – 33,9%) жатыр. Стационарлардың 106 орынға есептелген жансақтау бөлім­ше­лерінде коронавируспен ауырып жатқан 12 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Оның ішінде екі пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлім­шелердегі жүктеме – 11,3%.  Соң­ғы екі күнде қауіпті вирус­ты жұқтырған 3 науқас қайтыс болған.

Дәрігерлер бір елді ғана емес, жаһан жұртын қауіптің қа­уызына сыйдырған жұқпалы індеттің таралуын вакцина салдыру ғана тежей алатынын жоққа шығармайды. Осы орайда өңірде COVID-19 инфекция­сына қарсы вакциналардың бірінші компонентін 262 250 адам салдырғаны белгілі болып отыр. Вакциналардың екінші компонентін ектіргендер саны 245 198 адамға жетіпті. Алайда Pfizer екпесін алғандар мен қай­тадан вакцина салдырудың көр­сеткіші әлі төмен екені бай­қалады. Мәселен, жүкті әйелдер мен бала емізіп отырған аналарға, 12-18 жас ара­лы­ғындағы жас­өспірімдерге ар­нал­ған Pfizer вакцинасын 3 891 адам ектірген. Ал 16 560 адам ғана реавкциналаудан өткен.

«Қызыл аймақтағы» тұр­ғын­дардың қауіпті вирусқа шалды­ғуын тежеу үшін карантиндік шек­теулер талабы күшейтілді. Бас санитар дәрігердің міндетін ат­қарушы А.Бекешеваның қаулы­сымен 600-ден аса оқушысы бар мектептердегі сабақ онлайн фор­матқа көшірілсе, 600-ге дейін оқушы оқитын мектептер са­бақты штаттық режімде өткізіп жатыр.

«Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін оқыту аралас оқыту форматына – барлық дәріс онлайн, тә­жірибелік, зертханалық, се­минарлық сабақтар икемді кес­те бойынша штаттық режімде, вакциналанған оқушылар мен толық вакциналау курсын аяқ­таған студенттерді оқу орны әкім­шілігінің қарауы бойынша штаттық режімде оқытуға жол беріледі. Эпидемиялық тәуекел аймағына қарамастан мектептен тыс қосымша білім беру ұйым­дарында жеке сабақтар штаттық режімде, топтық – 10 адамға дейін, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер үшін түзету (коррекция) орталықтарында, бөл­мелерде жеке және 8 адамға дейінгі топтық сабақтар штаттық режімде өткізіледі», делінген жаңа қаулыда.

Мұндай шектеу оқушылардың коронавирус инфекциясын жұқ­тырмауы үшін қолға алынып отыр. Демек «қызыл аймақтағы» оқу­шыларға оңтайлысы – онлайн оқу.

 

Атырау облысы