Қазақстан • 26 Қаңтар, 2022

Республикалық автожолдарда 133 жылыту бекеті орнатылды – министрлік

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы маусымда күтіп ұстау мақсатында «Қазақавтожол» ЖШС кәсіпорны 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық автожолдарда 133 жылыту бекеті орнатылды – министрлік

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта еліміздегі автожолдарда 133 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.

Көктайғаққа қарсы 122 мың текше метрден аса құм мен ұнтақ, 18 мың тоннаға жуық тұз және химиялық реагенттер дайындалды. Ал қар құрсауы пайда болуы мүмкін жерлерде 55 мың метрден астам қардан қорғайтын қалқандар мен 5 мыңға жуық уақытша жол белгілері орнатылуда.

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автожолдардың барлығы ашық. Оларды күтіп ұстау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Қар басатын барлық учаскелерде ауа райының өзгеруіне байланысты және жол элементтерін ауыстыру үшін шұғыл әрекет ететін тәулік бойғы патрульдеу ұйымдастырылды.

Айта кетсек, сапарда қиын жағдайға тап болған жолаушылар үшін ел бойынша 133 жылыту бекеті жұмыс істейді.

Оқыс жағдайлар туындаған кезде жол қозғалысына қатысушылар 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы істейтін call-орталыққа жүгіне алады.