Қоғам • 28 Ақпан, 2022

Халқымызды біріктіретін – алғыс

1326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы жылы Алғыс айту күні біздің қоғам үшін ерекше мәнге ие болмақ. Бұл патрио­тизм, азаматтық парыз және жауапкершілік сезімдеріне толы айрықша күн.

 

Халқымызды біріктіретін – алғыс

Жыл басында Қазақстан халқы қоғамдағы тұрақты­лық­тың, бірліктің, азаматтық келісім мен бейбітшіліктің баға жетпес құндылықтарын еске түсір­ген қайғылы оқиға­ларды бас­тан кешірді. Біз әрқай­сысымыз тер­рорлық әрекеттің, саяси және қоғамдық хаостың, охло­кра­тияның және ең бастысы – еліміздің қауіпсіздігі­не, тұрақ­тылығына, егемендігі мен тәуел­сіздігіне төнген қауіп-қатердің шегіне жеткенін сезіндік.

Халқымыздың, азаматтары­мыздың – өз Отанының нағыз пат­риоттарының басым көп­шілігінің ерік-жігерінің, дана­лығы мен азаматтық жауап­кершілігінің арқасында ғана біз тарихымыздың қиын-қыстау сәтін бірге еңсердік.

Біз «Қасіретті қаңтар» сабақ­тарымен бірге ел мен оның халқы өмірінің бар­лық салаларында терең эконо­микалық, әлеуметтік және сая­си өзгерістердің пісіп-жетілу қажеттілігін ұғындық.

Бүгінде аталған бағыттар бойынша барлық мемлекеттік аппа­ратта – Үкіметте, Парла­ментте, ел өңірлерінде қарқын­ды жұмыстар атқарылуда. Бұл жасампаздық қызметке аза­маттық қоғам институттары – сая­си партиялар, қоғамдық ұйым­дар, Қазақстан халқы Ассам­блеясы, бұқаралық ақпа­рат құралдары, азаматтық бел­сен­ділер де қосылды. Белсенді сараптамалық талқылаулар өтіп жатыр, бұқаралық ақпа­рат құралдары бүкіл қоғам, Қазақ­станның әрбір азаматы күтетін өзгерістерді қалт жібер­меуге тырысуда. Осы тұрғы­дан алғанда, Жаңа Қазақстан­ды құру бағытын бүкіл халық болып қолдау – бұл жаңа көкжиектерге жол ашатын барша халықтың терең әлеуметтік сұранысы.

Әрбір жауапты азамат бү­гінде жаңа тәсілдер мен қабыл­­данып жатқан шара­лар­дың дұрыстығына нық сенімді, өйтке­ні олар біз­дің халқымыздың ірге­лі ұм­ты­лыстары мен қажетті­лік­теріне – өзінің болашағына деген сенімділігіне, әлеуметтік қор­ғалуына, тұрғын үйге, бі­лім­­ге, медицинаға, жұмысқа қол­же­тімділікпен қамтамасыз етілуі­не негізделген.

Бүгінде бәріміз бірге осы ба­ғытта халыққа, азаматтары­мыздың әрқайсысына қажет­ті алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз. Сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа, қоғамдық игіліктердің әділетсіз бөлінуіне сенімді тосқауыл қоя­тын, бәсекелестік пен тиімді бизнес үшін кеңістік ашатын басқа да жаңа жүйелі шаралар, соның ішінде саяси шаралар болатынына сенімдіміз.

Бірақ бұл үшін заңдар, ережелер мен институттар ғана қажет емес, сонымен қатар біз­дің қоғамдық санамызды өзгер­тудің, халқымызға тән өзін өзі бағалаудың, еңбектің, қара­пайымдылықтың және заңға бағынудың дәстүрлі құн­ды­лықтарын сіңіруіміз қажет, Ұлы Абайдың өсиет­теріне қайта оралып, оның «дұшпандық – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» деген ойлы сөздерін еске алуымыз қажет.

Қаңтардағы оқиғалар қоғам­ның жасампаздық тұрғыда жаңа­руына, тазаруына және әді­лет­тілік ұғымдарына оралуға, жақ­сылық пен жамандықты ажыра­туға, халыққа қызмет етудің кате­гориялық импера­тивіне сер­пін берді. Сондықтан біз өмірін қиып, осы күндері елі­­мізді, халқымызды және тәуел­­сіз­дігімізді қорғаған бар­лық азаматтарға Алғыс айту күнінде айрықша құрмет білді­ріп, оларды еске алуымыз өте маңызды.

Қазақстан азаматтарын және конституциялық тәртіпті қорғай отырып, ауыр сынақ күндері өздерінің қызметтік парызын орындап және азаматтық ерлік танытып террористер жолын кескендерге біз құрмет көрсетеміз және алғысымызды білдіреміз.

Халқының тұрақты және қауіпсіз Қазақстанда өмір сүру құқығы үшін құқықтық тәртіп органдарының 19 қызметкері мен әскери қызметшілер өз өмір­лерін қиды. Бүгін біз олар­дың жарқын ерлік істері алдын­да басымызды иеміз. Сон­дық­т­ан да алғыс айту ұғымы – маңыз­ды азаматтық мәнге және әлеу­мет­тік жүктемеге, терең және жан-жақты сипатқа ие болып отыр.

Біз осы қайғылы күндерде, қауіпке қарамастан, өздерінің кәсіби борыштарын соңына дейін орындаған азаматтарға алғыс айтамыз және құрмет көрсетеміз.

Біз өрт сөндіру, жалында­ған телестудиялардан ақпаратпен қамтамасыз ету, жаралы­ларды құтқару, біздің үйлеріміз­ді жарық, су, жылумен қамта­масыз ету үшін барлық мүм­кін­дік­тер мен резервтерді пайдаланған өрт сөндіруші­лер, респуб­лика­лық жетекші телеарналар­дың журналис­тері, жедел жәрдем дәрігерлері, стратегиялық нысан­дардың қызметкерлері туралы айтып отырмыз.

Еліміздің барлық өңір­лерін­де азаматтарды із­дес­­тіру, пси­хологиялық және гумани­тар­лық көмек көрсету жұмыстарын жедел жүргізіп, блок-бекеттер­ге, госпитальдарға, әлеумет­тік қорғалмаған азаматтарға ыстық тамақ жеткізген волонтерлер шынайы алғыс білдіруге лайықты.

Қайырымдылық, волонтер­лік акцияларына Қазақстан халқы Ассамблеясының, этно­мә­дени, жастар, волонтер­лік ұйымдарының, қоғам­дық қозғалыстардың, клубтар­дың және басқа да қоғамдас­тықтардың мыңдаған мүшелері, сон­дай-ақ халқымыздың мыз­ғымас бірлігінің, оның ынты­мақтастығы мен өзара қамқор­лығының символына айналған жанашыр азаматтар қатысты.

Зардап шеккендер үшін қан тапсырған донорлар үлкен ризашылыққа лайықты.

Олардың барлығы халқы­мыздың нағыз патриоттары!

Міне, сондықтан да алғыс білдіру ұғымы мейірімділік, батылдық пен батырлық, аза­маттық ерлігі үшін өз отандас­тарына қоғамның әділ риза­шылығының мағынасын қам­тиды. Әрине, жағдайды тұрақ­тандыру шараларын қолдаған, патриотизм мен бірлік таныт­қан азаматтарымыз шынайы алғысқа лайықты.

Бұл азаматтық қатыстылық ұлттың терең генетикалық жадына ене отырып, халқымызды, бірлігімізді нығайта түсетін қиыншылықтарды бірлесіп еңсерудің маңызды сәтіне айналды. Бұл жөнінде «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» деген қазақ мақалы да бар.

Жаңа Қазақстанды құра отырып, біз қоғамда өзара көмек көрсетуді және халықтың мыз­­ғымас бірлігін кеңейтуге бағыт­талған бастапқы дәстүр­лерді, құндылықтарды бірінші орынға қоямыз.

Біздің ортақ идеямыз – «Жаңа Қазақстан» жоғары адами қасиеттерге: азаматтық батыл­дыққа, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке және ортақ мақсат жолындағы ұйым­шылдыққа негізделген.

 

Марат ӘЗІЛХАНОВ,

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі