Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті мүшесі, республикалық татар және башқұрт этномәдени бірлестіктері кеңесі ақсақалдар алқасының төрағасы Фарук қажы БОГАПОВ:
«БІЗДІҢ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДАН ТАРАҒАН ҰРПАҚТЫҢ ҚАЗАҚТЫҢ КИЕЛІ ЖЕРІНДЕ ТҰРЫП ЖАТҚАНЫНА 160 ЖЫЛДАН АСЫП БАРАДЫ»
Ұлы халық қашанда ұлылығын істейді. Кеңқолтық қазақ жұрты Тәуелсіздігіне қол жеткізген алғашқы жылдарда Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, оның тізгінін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына ұстатты. Бұл республиканы мекендейтін сан алуан ұлт пен ұлыстың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз етіп, өзінің қымбат дәстүрлерін сақтауына, ұрпақ болашағына деген сенімін нықтауға мүмкіндік берді. Қазақстан республикасының әлемді аузына қаратқан қадамдарының бастысы да осы еді. Біз осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті мүшесі, республикалық татар және башқұрт этномәдени бірлестіктері кеңесі ақсақалдар алқасының төрағасы Фарук қажы БОГАПОВТЫ әңгімеге тартып, ежелден бауырлас жұрттар жарастығы жайлы әңгімелеп беруін өтінген едік. – Тәуелсіздігіміздің қысқа мерзімдік тәжірибесі еліміздің гүлденіп-көркеюі мен күн сәулелі шаңырағымыздың беріктігін дәлелдеп берді. Тағдырлас халықтардың қиын-қыстау кезеңдерде сыналған, қуаныш-думанда нығайған достығы құрыштай берік екендігіне сүйінеміз. Облысымыздағы 40-тан астам ұлт өкілі сияқты татар бауырларымыздың қазақ жеріндегі тіршілігінен тағылым таратсаңыз. – Біздің ата-бабаларымыздан тараған ұрпақтың қазақтың киелі жерінде тұрып жатқанына 160 жылдан асып барады. Татар халқының тағдыры қазақтың мәдениетімен, тұрмысымен және шаруашылық жүргізу ісімен тығыз байланысты. Сонау 1850-жылдардың басында Көкше жеріне қоныстанған елу шақты татар отбасының бірде-бірі аттың басын кері бұрып, өзге жақтан жерұйығын іздемегені де сондықтан. Бүгінгі күні де солай. Іргеміз сөгіліп көрмеген. Өйткені, біз – қазақ халқымен бірге Қазақстан тәуелсіздігін құрысқан халықпыз. Өзім Көкше жерінде туып, осында тұрып жатқандықтан, жас ұрпақтың құлағында жүрсін деп мынадай деректі айта кетейін: Ұлтымыздың алғашқы өкілдері 1883 жылы Имантау, 1908 жылы Желтау ауылдарының іргесін қалапты. Атбасар, Макин қалалары тұрғындарының негізгі бөлігі татарлар болған. Олар сауда-саттықпен, қол өнерімен, тері илеу кәсібімен, май қайнатумен, егіншілік және мал шаруашылығымен айналысты. Имантауда, 1907 жылғы революция қарсаңында 22 жел және 4 су диірмені жұмыс істеп тұрды. Қазақтың белгілі зиялылары татар медреселерінде білім алғандықтан, біздің халқымызға әрдайым қошемет-құрмет көрсетілді. Біздің тіліміз де, жырымыз да бір. Қазіргі сексеннен асқан жасымда ойын-тойымыздың бірлігін, құда-жегжаттығымыздың мызғымауын тілеп отырамын. – Әр ұлттың мәдени, танымдық орталықтарының ашылуы бауырмалдық қатынастарды нығайтып, салт-дәстүрлердің жаңғыруына мүмкіндік жасады. Облысымыздағы татар этномәдени бірлестігі әр кез белсенділігімен танылып жүреді. Кез келген ұйымның құрылуы бүгіндері тәлімді тарихқа айналып барады. Осынысымен де құнды сияқты. – Иә, оның дұрыс. Бірлестігімізді атақты жерлес ағамыз, «Парасат» орденінің иегері, Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Ибрагим Салахов құрған болатын. Ол кісі сұлу Көкшесін жанындай жақсы көрді. Репрессияға ұшырап, «Колыма қасіреті» романын жазғандағы сағынышы жан сыздатса, «Көкшетау даласында» тарихи хикаятын оқығанда кеудеңізді туған жерге деген махаббат сезімдері кернейді. Сондай-ақ, бүгінгі күні қол жеткізген табыстарымызды Хәкім Малдыбаев, Рашид Ғайнуллин, Фарук Курмаев, Рауф Ақбердин, Ғазиза Закирова, Афзал Насыров, Флюра Бакаева, Аския Ахметшина, Рафаил Самигуллин секілді белгілі азаматтардың есімдерімен байланыстырамыз. Олардың ұлт ынтымағын ұйыстырудағы еңбектері әрқашан жадымызда. Жас ұрпақ сол үлгі-өнегені заман талабына сай жаңғыртуда. – Қоғамдық бірлестіктің қарымды істеріне қысқаша шолу жасап шықсаңыз. – Бірлестігіміздегі «Ғалиябану», «Яшлек» ән-би ансамбльдері республикамызға кеңінен танымал әрі шетелдік мәдени сапарларда Қазақстан даңқын шығарып жүр десем, артық айтқандық емес. Ардагерлер ұйымымен қатар, жастардың саяси пікірталас клубы белсенді жұмыс істеуде. Аға буын ұлттық салт-дәстүр, ырым-жоралғылар, мәдени құндылықтар бағытында көп еңбектенсе, жастар жағы Қазақстан болашағының кірпіші болып қалануға тырысып жүр. Әсіресе, «Достық-Дружба» журналының тілшісі Ринат Дусумов, облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Дана Жантемірова, «Жас ұрпақ» қозғалысының көшбасшысы Ильдар Абзалимов, Фарит Ахметов, Зарина Усманова, ұлттық спорт өнерінің жанашыры Ульфат Усманов бірлестік тарапынан қойылған тапсырмаларды тиянақты орындайтынымен риза етуде. Кеңес өкіметінің орыстандыру саясаты түркі халықтарының ішінде ең алдымен татарларды шарпығаны белгілі. Біз ұзақ жылдар ұлттық мейрамымыз – «Сабантойды» көңілдегідей етіп тойлай алмай жүрдік. Сол тойымыз Ақмолада егемендіктің алғашқы жылында-ақ дүркіретіп өткізілді. Қазақстан Тәуелсіздігінің дәстүрлі мерекелік шараларының ауқымы кеңейіп, ел-жұрттың ризашылығын алудамыз. Оған Бурабай мен Степногор қаласындағы филиалдарымыз да белсенділікпен қатысты. Сондай-ақ, татар этномәдени бірлестігі татар халқының өскелең сұраныстары мен мүддесін қанағаттандыру, ана тілінің өркендеуі, салт-дәстүр мен мәдени құндылықтардың көркеюі бағытындағы жұмыстарды мақсаткерлікпен жүргізуде. Басты мақсатымыз – мемлекеттік және ұлттық мүдделер негізінде ұлтаралық қатынастарды дамыту, халықтар арасындағы достық пен бауырмалдықты нығайту. Біздің игі істеріміз жоғары бағаланып, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бірлестігіміз 2006 жылғы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. – Фарук аға, сізді Көкшетауда білмейтін кісі жоқ. Өзіміз де еркелеп, «Ассалаумағалейкум, абзи, бабай!», деп амандасамыз. Ашық-жарқын, күлімсіреген көзіңізден бүкіл татар халқының қадір-қасиетін көргендей боламыз. – Шал адамды мақтағаның жаныма жағады. Жалпы, бұл – қазақ халқының бойындағы қымбат құндылық. Менің тамырларым көп. Бұл біздің тағдырымыздың сабақтастығында болса керек. Тағы да қайталайын, қазақтың талай зиялылары Ғалия медресесінде, Қазан университетінде білім алды. Көкшетаудағы Науан Хазірет атындағы орталық мешіт татар көпесінің үйінде орналасқан. Біздің мақтан тұтатын, құрмет жасайтын байланыстарымыз толып жатыр. Осындай жарастығымыз ұзағынан болғай. Осыдан біраз жыл бұрын Ресей телеарнасы этномәдени бірлестігіміз жайлы менімен сұхбат жүргізді. Бүгінгі әңгімемді сондағы айтылған түйін-тұжырыммен аяқтасам деймін: «Біз, татар халқы өзіміздің Отанымыз Қазақстанда білім алуға, еңбек етуге, тіліміз бен ділімізді сақтауға, қоғамдық өмірдің әр саласында өз деңгейімізді танытуға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Осының бәрі үшін қазақтың дарқан даласы пен кең пейіліне ризамыз. Лайым солай болғай!» – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ. ––––––––––– Cуретте: бірлестік жетекшісі Фарук БОГАПОВ жастар ортасында.