Жуырда Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-та «Тиімділігі жоғары маневрлік тепловоз. Жылжымалы құрам тартымы меншік иесінің талабы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды.
Шара аясында 2015 жылы отандық өнім ретінде шығарылатын соңғы үлгідегі, қазіргі заманғы маневрлік тепловоздың негізгі техникалық көрсеткіштерінің тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Өзара пікір алмасуға ел аумағындағы теміржол компанияларының жетекшілері мен тапсырыс иелері келді.
Сарапшылар тарапынан жаңа үлгідегі маневрлік тепловоздың қуат үнемдеудегі пайдалану көрсеткіштері жоғары баға алды. Бұрынғы тепловозбен салыстырғанда пайдалану шығыны аз, қызмет ету мерзімі ұзақ, локомотив бригадасының орны да жайлы. Жаңа өнім Қазақстан ғана емес ТМД елдері мен Балтық жағалауы мемлекеттеріне де шығарылады деп жоспарланып отыр екен.
Қазіргі таңда еліміздегі локомотивтер паркін жаңарту үшін 300 жүк, 110 жолаушылар, 250 бірлік маневрлік тепловоздар керек. Сондай-ақ, 295 электровоздарға бөлшектер дайындау қажет. Көріп отырғанымыздай, түрлі жаңа тепловоздарға деген зәрулік жылдам қысқарып келеді. Өйткені, 3 жыл бұрын Қазақстандағы жылжымалы құраманың 70 пайызының тозығы жеткені жарияланған еді. Осыны ескерген отандық сала мамандары жедел іске кірісті. Себебі, қазіргі қазақ теміржолының жалпы ұзақтығы 15 мың шақырымнан асып түседі. Онымен бірге, бұрынғы Одақ құрамында болған, бүгіндегі ТМД елдерінің бәрінің болат жол магистралі 1520 жолтабанымен салынғаны мәлім. Яғни, Еуразия кеңістігіндегі барлық болат жолдардың табан өлшемі бірдей. Мұны айтып отырған себебіміз, Балтық жағалауы мемлекеттері мен ТМД елдерінің бәрі де жаңа, заманауи локомотивтерді қажет етіп отырғаны белгілі. Осыдан-ақ, аталған зауыттың өніміне ішкі және сыртқы нарықта сұраныс бола берері анық.
Зауыттың құрылу тарихына үңілсек, Қазақстанда 2006 жылы озық үлгідегі локомотив зауытын салу жөнінде америкалық General Electric компаниясымен келісім жасалғанда, кәсіпорынның бүгіні мен ертеңі әбден екшеліп, әр ісі мен тетігі мұқият зерттеліп, зерделенгені ақиқат. Десек те, отандық сала мамандары аймақтың ауа райы ерекшеліктерін, рельс төсемдерін, тасымалданатын жүктің сын-сипаты мен көлемін анықтап алып, қазіргі заманғы халықаралық экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларды ескере келіп, қазақстандық тепловоз қандай болуы керектігін айқындайтын техникалық сипаттама дайындағаны мәлім. Осыдан кейін ғана алып жобаны жүзеге асыруға кірісті.
Нәтижесінде, 2009 жылдың шілде айының басында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ құрылды. Зауыттың құрылысына 140 млн. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалды. Ол қаржы бес жылдың ішінде өзін-өзі ақтап, зауыт құрылысына салынған қаржы толық қайтарылуы жоспарланды. Жобалық қуаты 100 жүк магистралдық локомотив болатын зауыт, бүгінгі күнге дейін жалпы құны 150 млрд. теңге тұратын 260 локомотив құрастырып шығарыпты. Теміржолдың бұл машиналарына қызметтер көрсету үшін Алматы, Аягөз, Сексеуіл қалаларында ірі сервистік орталықтар құрылды. Кәсіпорын акцияларының 50 пайызы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа тиесілі болса, 50 пайызы ресейлік «Трансмашхолдинг» ЖАҚ үлесінде.
Мұнымен қатар, Қазақ елі өндіріс бойынша тек жақын мемлекеттермен ғана емес, алыс шетелдермен де интеграцияға түсіп жатқаны белгілі. «Локомотив құрастыру зауыты» америкалық General Electric корпорациясының лицензиясымен Evolution сериялы бесінші буындағы ТЭ33А тепловозын құрастырады. Зауыт жарақтандырылу тұрғысынан Еуразия аумағындағы ең озық, ең жоғары технологиялық үлгідегі кәсіпорын екені аян. Ол – елдегі ауыр машина жасау тарихының басы. Қазақстанның экономикалық дамуының шикізаттық бағыттан күрделі құрылымдық өзгерістерге көше бастағанын айқындайтын алғашқы қарлығаштардың бірі. Бұл өндіріс ошағының басты мақсаты – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына өз үлесін қосу. Сөйтіп, теміржол көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, 1520 жолтабаны төселген ТМД мен Балтық елдеріне заманауи тепловоздарды экспорттау болып отыр.
Қолданыстағы ресейлік тепловоздар ай сайын сервистік қызметке жүгінсе, қазақстандық теміржол машиналары үш айға дейін толассыз жүреді. Әр 92 тәуліктен кейін жоспарлы сервистік тексеріске келіп, майын алмастырып отырады. Қуаттылығы мен жарамдылық мерзімінің ұзақтығынан бөлек, қазақ тепловоздары ресейлік локомотивтерге қарағанда, ауаға залалды заттарды 40 пайызға дейін аз шығарады. Сондай-ақ, техникалық қызмет көрсету мен жағармай және мотор майын тұтыну бойынша салыстырғанда, бір жылда 150 мың АҚШ долларына үнем жасайды. Отандық тепловоздың үнемділігі мен тиімділігі мол екенінің бір дәлелі осы.
Әуелгі өндірістік үдеріс кезеңінде АҚШ компаниясынан сатып алынған бөлшектерді әкеліп, тек құрастыру жұмыстары ғана жүргізілетін. Бірақ, саладағы жауапты мамандар локомотив жасау ісінде отандық өнімдердің үлесін үнемі көбейтіп отыруды мақсат етті. Нәтижесінде, бүгінгі күнде әрбір локомотивті құрастыруда, қазақстандық үлесті 38 пайызға дейін жеткізді. Пайызды санға айналдырсақ әрбір ТЭ33А-ның 11 мыңнан астам бөлшегі отандық өнімдерден тұрады. Бұйыртса, тағы екі жылда бұл көрсеткішті 52 пайызға жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорында әлемдегі ең озық станоктар жұмыс істейді.
Қазақстандық тепловоздарды жақын шетелдерге экспорттау осыдан үш жылдай бұрын басталды. Анығы 2011 жылдың күз айларында Душанбе қаласында тәжік теміржолына алты ТЭ33А локомотивін сатып алу туралы «Рохи охани Точикистон» МУК-пен келісімшартқа қол қойылды. Содан, келесі 2012 жылы төрт тепловоз Тәжікстанға қарай жол тартты. Ал араға бір жыл салып, эстондық AS Estonian Railway Services компаниясына 15 тепловоз сату бойынша мәміле сөз жүрді. Бұл теміржол машиналары Эстонияға ағымдағы жылы жеткізіліп беріледі. Мұнымен бірге, өткен жылдың мамыр айында украиндық «Ивано-Франковскцемент» ЖАҚ-пен бір ТЭ33А машинасын сату бойынша келісім жасалыпты. Бұл тепловоз қазан айында Украинаға қарай жол тартып кеткен. Сондай-ақ, былтырғы қазанда «Кыргыз темир жолу» ұлттық компаниясынан да тапсырыс түсіп, екі ТЭ33А тепловозы көрші елге сол заматта жеткізілді. Бұйыртса, биыл «Рохи охани Точикистон» МУК-қа сегіз локомотив, «Кыргыз темир жолу» ҰҚ-қа үш тепловоз экспорттау көзделіп отыр.
Отандық локомотив құрастыру зауытында қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, жүк тепловоздарын жасауды қысқартуы да ықтимал. Себебі, тапсырыс көлемі кеміген. Атап айтқанда, 2011 жылы 69, 2012 жылы 74, 2013 жылы 75 локомотив құрастыруға тапсырыс берілген болса, биыл оның саны екі есеге дейін қысқарған. Мұнымен алып өндіріс ошағы ошарылып қалады деген ұғым тумауға керек. Бұл теміржол машиналары бұған дейін керек болған, ендеше бұдан кейін де қажет бола береді. Дегенмен, заманына сай қайта құрылып, жаңғырып жатқан зауыттың жан-жақты мүмкіндіктері мол.
Уақыт талабының кез келген бағытына бейімделіп, қайта жаңғыра алатын зауыт жұмыс ауқымын ұлғайтудың өзге де жолдарын үнемі іздестіріп отырады. Сондықтан, түрлі заттарға сан қырлы етіп жасауға қабілетті жоғарыда тізілген станоктары бар зауытты тығырыққа тіреледі деу дұрыс емес. Қазір де дамып, өндіріс көлемін ұлғайтудың бірнеше көзін тауып қойған. Бұйыртса, ағымдағы жылдан бастап, бірінші рет жолаушылар локомотивін құрастыруды қолға алып жатыр. Мұнымен қатар, маневрлік локомотивтің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды.
Ал осы екінші тоқсаннан бастап «Электровоз құрастыру зауыты», АЭА орналасқан «Астана – жаңа қала» жобасына қажетті бөлшектер дайындауды бастайды. Олардың бірқатарын атап көрсетер болсақ, платформа мен арбашық қаңқасы және оның төбесі, доңғалақ жұптары. Зауыттан құрастырылып шыққан әрбір электровоз үшін 1500-ден астам түрлі бөлшектер шығару жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап, маневрлік локомотивтер өндірісі өз жұмысын бастайды. Негізгі жоспарға қарағанда, биыл зауыттан – 2, алдағы жылы 25 жолаушылар локомотиві, сондай-ақ 2 маневрлі локомотивтер құрастырылып, шығарылмақ. Келешекте өндіріс зауыттармен бірге рельсті автобустар мен қалааралық пойыздар құрастырып жасауды ойластырып отыр.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».