02 Сәуір, 2014

Тұжырымдама – маңызды мемлекеттік құжат

643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы – маңызды мемлекеттік құжат. Мұнда еліміздің сыртқы саясаттағы басты мақсаттарының қатары анықталған. Тұжырымдама мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы мәртебесін нығайтуға бағыт­талған. Тұжырымдама дәл және нақты түрде халықаралық жағдаят пен ондағы Қазақстанның орны мен рөлін анықтайды. Әрине, Тұжырымдама бекітілгенге дейін ұзақ дайындық кезеңінен өткенін айту керек.  Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2012 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сыртқы сая­сат жөніндегі кеңес құрып, бұл қоғамдық құрылымға оған жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында жұмыс істейтін мамандар мен сарапшыларды шақырып, олардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалған болатын. Кеңестің алғашқы мәжілісінде Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының азиялық бағытын дамытуға қатысты тұжырымдамалық пікірлер талқыланды. Сыртқы саясат тек сырт­қы саясатпен айналысатын ведомствоның ғана ісі емес, жаһандану заманын­да шетелдермен байланыс орнатқан субъектілердің бәріне ортақ нәрсе. Сондықтан Тұжырымдама қазақстандық дипломатияның көкжиектерін нақтылап белгілеу және сыртқы шетелдік серіктестеріміз бен қазақстандық қауымға сыртқы саясат бағыттарын түсіндіру мақсатында жасалған құжат. Тұжырымдаманың тағы да бір ерекшелігі оның көлемінің ықшамдығы, бұл ақпаратты қабылдауды жеңілдетуді көздейді. Әрине, сыртқы саясат ішкі саясатпен тығыз байланысты, сондықтан ұлттық экономиканы әртараптандыру, оны индустриялық-технологиялық жағынан дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еліміздің дамудың «жасыл» жолына көшуі, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы секілді басымдықтар нақты көрсетіледі. Сонымен қатар, ұлттық-мәдени ерекшелігімізді сақтау, мемлекетті одан әрі қарай дамытудың өзіндік жолымен жүру секілді міндеттер қазіргі жаһандану заманында ерекше маңызға ие. Әрине, бұл оңай іс емес, алайда, қазіргі Шығыс елдерінің тәжірибесі мұның мүмкіндігін, яғни  жаһандану мен ұлттық болмыстың өркениетті түрде қатар өмір сүре алатынын дәлелдеп, көрсетіп отыр. Тіпті,  Батыс елдерін де мысал ретінде  келтіруге болады. Англия өзінің көпғасырлық салт-дәстүрімен қазір де өмір сүріп келеді, Швеция да өзінің ұлттық құндылықтарын мақтаныш ететін мемлекет. Ал сыртқы саясатында Қазақ­стан Орта және Таяу Шығыс елдерімен тарихи-мәдени тамырластық байланыстыратынын ескере отырып, оны әрі қарай дамытуға мүдделі. Сыртқы саясаттың азиялық бағытында Оңтүстік-Шығыс Азия, Азия-Тынық мұхит өңіріндегі мемлекеттермен қарым-қатынасты жандандыруға күш салынатыны көрсетілген. Елдік және өңірлік басымдықтарында Түркия, Қытай, Иран, Үндістан, Жапония, Корея секілді елдер үлкен орын алады, сонымен бірге, Африка құрлығындағы елдермен қарым-қатынас географиясын кеңейту де көзделеді. Тұжырымдама маңызды мем­лекеттік құжат ретінде жоғары білім беру саласына да маңызды міндеттер жүктейді, оның даму бағыттарын белгілейді. Мемлекеттік басымдықтарды ескере отырып, білім берудің жаңа бағдарламаларын дайындау, мамандар дайындау ісіне жаңа серпін беру секілді міндеттер тұр. Сонымен қатар, сыртқы саясатпен айналысатын ведомстволар мен мекемелердің, университеттер мен академиялық мекемелердің, тәуелсіз сарапшылардың бірлесе отырып атқаратын  сараптамалық жұмыстары, халықаралық ғылыми жобалары дүниеге келетіні сөзсіз. Бұл арада аталған тараптардың бірлесе отырып атқаратын іс-шараларының  нақты бағдарламасы болуы қажет. Жаңа тұжырымдамаға сай, Қазақстанның шетелдердегі қатысуын прагматикалық түрде кеңейту көзделеді. Еліміз өзін және өз мүддесін алыс елдер мен аймақтарда да таныта алуы керек. Бұл имидждік саясатпен байланысты. Орталық Азия мен ТМД елдерінің ішіндегі белсенді түрде дамып келе жатқан Қазақстан Республикасының жағымды образын жасау және аймақтағы, сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі әріптестерімен өзара тиімді ынтымақтастық орнату –  еліміздің дамуындағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Қазақстанның имидждік саясаты  саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік салалардағы стратегиялық және тактикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін қажет жағымды образын жасау жолында атқарылатын қызметтермен байланыс­ты. Халықаралық деңгейде Қазақстанның имиджі тек қана саяси-экономикалық емес, сонымен бірге, әлеуметтік-мәдени факторлар арқылы да анықталады. Еліміздің қоғамдық, ғылым, білім беру салаларындағы бастамалары мен жаңалықтары да еліміздің имиджін көтереді. Еліміз өз дамуының жаңа белесіне көтерілгенде оның әлемде танылуын қамтамасыз ету ісінен университет те тыс қала алмайды, тіпті, маңызды да үлкен рөл атқарады десек болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінде ақпараттық-ресурстық орталықтар ашу және олардың жұмысын жандандыру ісі жүргізіліп келеді. Бұл –  практикалық қажеттіліктен туған нәрсе, себебі, мұндай орталықтар мен лабораториялар шетелдік және қазақстандық азаматтардың, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылым­дардың, қоғамдық ұйымдардың ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталады. Соңғы кездері Қазақстан  болашаққа бағытталған іргелі жоспарлары бар тұрақтылыққа ие ел ретінде туризм, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастық үшін қолайлы. Факультет 50-ден асып жығылатын шетелдік ғылы­ми мекемелермен және орта­лықтармен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Жапо­ния, Түркия, Египет, Иран, Үндістан университеттері бар. Сонымен бірге  АҚШ, Еуро­па, Ресей университеттері мен орталықтарын қосайық. Соң­ғы бес жылда 500-ден аса сту­дент академиялық алмасу мақсатында осы аталған елдерде оқу бағдарламасына сай болып қайтты. Мұндағы айтпағымыз, шетелге шығатын әрбір студент, әрбір оқытушы Қазақстан туралы ақпараттың көзі және оларды ықпалды ретранслятор ретінде қарау керек. Сондықтан халықаралық қоғамдастыққа шынайы да сенімді ақпарат ұсына алатын орталықтар ашу мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосылатын үлес.  Сонымен қатар, бірлесе өткізіліп жатқан халықаралық конференциялар, семинар-тренингтер, шетелдік ғалымдардың дәрістері, дипломатиялық қызметкерлердің дәрістері, он-лайн сабақтар мен дөңгелек үстелдер – мұның бәрі айналып келгенде еліміздің беделін көтеру мен бекітуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бір тармағы, Қазақстанды халықаралық деңгейге көтеретін, оның дамуының жаңа кезеңіне ықпал ететін шаралар. Баян ЖҰБАТОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.