Қатты соққан боранның әсерінен Қостанай облысының бірнеше ауылында жол қатынасы үзіліп қалды. Жолдың жоқтығынан тіпті көршілес елді мекендердің арасына қатынаудың өзі мұңға айналды. Осындай жағдайда Келмұқанбетовтер отбасы екі жасар баласын аудандық ауруханаға жеткізе алмай қиналды. Амалы таусылған ата-ана Тургенев ауылдық округының әкіміне хабарласып, көмек сұрады. Өйтпегенде қайтсін, бұл жердегі қарды жел үрлеп тастап, соның әсерінен не ротор, не грейдер қатып қалған жолды тазалай алмай жатты.
Тығырыққа тірелген әкім Қайрат Қашпаев ойлана келе таңғы сағат 7-лердің шамасында «Желқуар» шекара комендатурасындағы капитан Сухраб Мұсаевқа телефон шалды.
Мән-жайға қаныққан камендант тез арада жоғарыдағы басшыларына хабарласып, жол таңдамайтын темір қалқанды сүйрегіш көлігін жолға шығарды. Себебі, бұдан басқа көлік жолда жүре алмайтын еді.
Сырқат баланы анасымен бірге апарған шекарашылар өздерімен бірге аудандық электр стансасының мамандарын ерте шықты. Стансадағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде екі жастағы Әмір Жітіғарадағы ауруханаға жеткізіліп, оған вирусты инфекция жұқтырған, аузы уылған және өкпенің қабынуы мүмкін деген диагноз қойылды. Қазіргі кезде баланың денсаулығы жақсарып, сауыға бастады.
Баланы құтқарып, сонымен қатар, ауылдағы электр стансасын жөндеуге көмек көрсеткен шекарашыларға Әмірдің ата-анасы мен туған-туыстары өздерінің шексіз алғыстарын білдірді, деп хабарлады, ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.