02 Сәуір, 2014

Премьер-Министр лауазымына Кәрім Мәсімов тағайындалды

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
02-03-KarumБүгін, 2 сәуір күні  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Парламент Мәжілісінің отырысында Кәрім Мәсімов Премьер-Министр лауазымына тағайындалды. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттігі хабарлады. Президент ұсынған кандидатты депутаттар бірауыздан қабылдады. Барлық 105 депутат дауыс берді.Мемлекет басшысы отырыс барысында К. Мәсімовті Үкімет басшысы ретінде тағайындау туралы тиісті құжатқа қол қойды. К.Мәсімов 1965 жылы туған. Пекин тілдер институтын, Ухань университетінің Заң институтын (ҚХР), Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. АҚШ-тың Колумбия университетінде тағылымдамадан өткен. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. Еңбек министрлігінің бас экономисі, бөлім бастығы, Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Үрімші қаласындағы (ҚХР) өкілдігінің аға маманы, Қазақстанның Гонконгтағы сауда үйінің атқарушы директоры болып жұмыс істеді. Алматы сауда-қаржы банкінің, Қазақстанның Халықтық жинақтаушы банкінің басқарма төрағасы болды. Көлік және коммуникация министрі, Президенттің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, республика Премьер-Министрінің орынбасары қызметтеріне тағайындалды. 2007 жылғы қаңтардан 2012 жылғы 24 қыркүйекке дейін – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болды. 2012 жылғы 24 қыркүйекте Президент Жарлығымен Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне тағайындалды және 2014 жылдың 21 қаңтарынан  жаңа қызметке тағайындалғанға дейін  Мемлекеттік хатшы міндетін қоса атқарды. Дереккөз: «Қазақпарат» агенттігі. Фото: www. Thenews.kz.