Әулиеатада туып, әлемге танылған Алексей Ни
Құсбегі қолында ұшуға талпынып, қанатын қомдап отырған лашын құстай ықшам денелі осы бір бапкердің ақжарқын жүзі, ақкөңіл мінезі Лондон Олимпиадасы кезінде барша қазақстандықтар ғана емес, әлем жұртшылығының жадында ұзаққа жатталып қалды. Еден үстінде зіл қара тас болып жатқан салмақты аспандата көтеріп, «Олимпиада чемпионы» деген атаққа қол жеткізген шәкіртінің табысына қуанған оның... қасында тұрған әріптесінің үстіне жас балаша қарғып мініп, ал келіп алақайлаған кездегі бейнесін, шынында, ешкім де ұмытпайтын, ешкім де ұмыта алмайтын шығар. Оның осы пейіліне берді ме, Лондон Олимпиадасында қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Светлана Подобедова, Мая Манеза және Зүлфия Чиншанлоға қарсылас шақ келмеді. Олар небір марқасқалардың белін бүктірген зілтемірді тізелері дірілдемей, білектері майыспай бағындырған сайын әріптестерін айнала жүгіріп, қолын шапалақтаған бас бапкердің «қылығы» әлем журналистерінің сүйікті тақырыбына да айналған. Ал оның бұл «еркелігіне» отандастары – қазақстандықтардың Бейжің Олимпиадасы кезінде-ақ көзі үйренген. Өйткені, оның қуанғаны отандастарының қуанғаны, отандастарының қуанғаны оның отбасының қуанғаны болатын. «Ол» деп жұмбақтаған кейіпкеріміздің кім екенін өздеріңіз де біліп отырған шығарсыздар. Ол – кәдімгі Алексей Геннадьевич Ни. Иә, ауыр атлетика спортынан ұлттық команданың бас бапкері, жүзі жұқалтаң келген Алексейдің өзі. Айтайын дегеніміз, кіл алыптарды жаттықтыратын қағылез бапкердің жыр алыбы Жамбыл атаның атын алып отырған өңірде дүниеге келгенін ешкім біле бермейді екен. Таратып айтсақ, Алексей Геннадьевич Ни 1961 жылы 24 шілдеде қазіргі Тараз, бұрынғы Әулиеата, Мирзоян, одан кейін ақын Жамбыл атымен аталған қалада туып, осындағы №7 орта мектепте оқыды. Ағасы Виталий Геннадьевич Ни (ауыр атлетикадан әйелдер арасындағы ұлттық команданың аға бапкері) де Жамбыл қаласында ержетті. Мұны олар бізге өткен жылы өздері оқыған мектептің 60 жылдық мерейтойына келген кезде жария еткен. Мерейтой дастарқанының төрінде отырған Алексей мектепте оқып жүргенде «бес» деген бағамен бірге «екі» деген баға алғанын да әзілдей айтып берген. Оныншы сыныпты бітірген кезде ұстаздары қолына ұстатқан кәмелеттік аттестатында «3» деген бағаның бадырайып үш пәннің тұсында тұрғанын да жасырмаған. «Тәртібі» де балшекер емес екен. Сөйтіп жүргенде, «Химиктер сарайы» деп аталатын сән-салтанаты келіскен ғимараттағы ауыр атлетика секциясының бапкері Сергей Моисеевич Ле шақырып алып, жаттығу жасауға бұйырады. Кейін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген соң жарты жылдан астам инженер-гидротехник болып жұмыс істеп те көреді. Бірақ қанына сіңген спорт оны жаттығу залына қайта алып келген. Қазіргі Қазақ мемлекеттік дене- шынықтыру институтының бапкерлер даярлайтын факультетін бітіргеннен кейін осы жұмыстың соңына біржола түседі. Бүгінде Алексейдің жалпы еңбек өтілі отыз жылдан асты. Ал ауыр атлетикадан ұлттық команданың бас бапкері болғанына 20 жылдың жүзі болыпты. Алексейді ауыр атлетика спортынан еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері дедік. Бірақ қатарынан бес Олимпиадаға, яғни 1996, 2000, 2004, 2008 және 2012 жылғы Жазғы Олимпия ойындарына ел командасын бастап бару кез келген бас бапкердің басына қона бермейтін бақ екенін де ұмытпау керек. Оның үстіне, 2010 жылы жасөспірімдер арасындағы Жазғы олимпиадаға да бір топ балғын білек спортшыларға бас-көз болып барып-қайтқаны бар. Юлий Цезарьшалап қайырсақ, «бару», «көрумен» бірге... «жеңу» деген де талап бар жүректе. Біздің Алексей – осы үш талаптың үшеуінің де үдесінен шыққан біртуар бапкер. Ол көптеген Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпиондарын, оның ішінде Илья Ильин мен Светлана Подобедованы да жаттықтырған аты аңызға айналған азамат. Елі мен Елбасы мұны лайықты бағалап, оған 1-ші дәрежелі Барыс және «Құрмет» ордендерін тапсырды. Ал спорт саласындағы басқа атақтары мен даңқтары өз алдына бір төбе. – Мен бапкер ретіндегі еңбек жолымды алғаш рет Жамбыл қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде бастадым. Бапкер ретіндегі ерекше табысым туралы айтсам, алғашында Олимпиада жеңімпазын шығарамын деп ойлаған жоқпын. Ең бастысы, жұмысымды адал атқардым. Ол – күніне бірнеше сағат бойы тер төгу, спортшылардың тәртібін қадағалап, демалысын ұйымдастыру. Мұның бәрі үлкен шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Қазір ағайынды Виталий екеуміз Лондон Олимпиадасында көз тігіп, құлақ түрген әлем жанкүйерлерін таңқалдырған табысымызға қалай қол жеткізгенімізге өзіміз қайран қаламыз. Өйткені, бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерен еңбек болатын. Бұл қазақ ауыр атлетикасындағы өзіміз тұрмақ, шетелдіктер де күтпеген ерекше құбылыс еді, – дейді Алексей Ни. Ұлттық құраманың бапкерлер штабы Лондон Олимпиадасынан ең аз дегенде екі медаль алуымыз керек деп жоспарлаған. Тіпті, 3 медаль да артық етпес деп те ойлаған. Бірақ бір елдің командасы бір ғана спорт түрінен бақандай 4 алтын медальді олжалағанда, әлем жанкүйерлерінің таңданыстан ауыздары аңқиып қалған. Осы кезде ғой Алексей Ни ақкөңіл мінезімен: «Мен енді спорттан кетемін», деп мәлімдеме жасап жүргені. «Неге олай еттіңіз?» дейміз ғой біз. «Өйткені, есім барда «елімді» тапқым келді. Ешкімнің басына қона бермейтін бағым мен атақ-даңқыма дақ түсіргім келмеді. Ондаған жылдар қатарынан бас бапкер болу, бірнеше Олимпиадаға қатысу оңай жұмыс емес. Ал «планканы» көтерген сайын, жұмысың да ауырлай түсетіні белгілі. Шыққан биігіңді ұстап тұру да оңай емес. Одан кейін жастарға орын босатып, үй-жайыма, бала-шағама көңіл бөлгім келді. Шынымды айтсам, мен ұл-қыздарымның қалай оқып, қалай өскенін де білмеймін. Өйткені, жылдың 365 күнінің 300 күнін оқу-жаттығу жиынында өткіземін. Баламның кішкентай кезі ғой, ұзаққа созылған оқу-жаттығу жиынынан шаршап-шалдығып келсем: «Біздің «демеушіміз» келді» деп қарап тұр. Күліп жібердім. Қазір ұл-қызымның бірі – 21, екіншісі 26 жасқа келіп қалды», дейді атақты жаттықтырушы. Лондон Олимпиадасының алдында ауыр атлетика тарландары Талдықорған облысындағы Текелі қаласында жаттықты. Сол жерге ағайынды Нилер өз қаржысына спорт кешенін салдырған. Одан емдеу-сауықтыру орны да алыс емес. Міне, қазақтың бура сан, сом білек ауыр атлеттері сол емдеу-сауықтыру орнында жатып дем алса, спорт кешенінде күн сайын жаттығу жасады. – Көрермендер атлеттің ең ауыр салмақты аспандата көтеріп, жеңімпаз болған сәтін ғана тамашалайды. Содан жандарына рухани ләззат алады. Бірақ олар сол жеңімпаздың, жиырма жастың о жақ бұ жағындағы өрімдей жастардың жаттығу кезінде қалай қиналатынын, сол қиындықтарға қалай шыдайтынын біле бермейді. Білсе, оны олардың ата-аналары мен бауырлары, жарлары ғана білер. Мысалы, зілтемірді көтере-көтере атлеттердің қолдары мен иықтары қанталап кететінін «тамашалайтын» біз. Бірақ иығы «қанталады екен» деп оларды аяп, мүсіркемейміз, оған олар да көндіккен, яғни жарақатының үсіне лейкопластырь жапсырып алады да, жаттығуына қайта кіріседі. Өйткені, оның алдында жаңа салмақты бағындыру мақсаты мен міндеті тұрады. Бүгінде Алексей Ни басқаратын арыстан жүрек алыптар әлем рейтингі бойынша Қытай командасынан кейінгі екінші орында тұр. Бірақ біздің Алексей болашақта Қытай мен Ресей командасын да артқа тастайтынына сенімді. Бүгінде шетелдіктер де қазақ ауыр атлеттерін құрметтейтін, олардан үйренетін болған. Қазақ елінің зілтеміршілері Кеңес өкіметі кезінде де мықты болған. Олимпиада чемпионы атанған Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый бәрі қазақстандықтар. – Бірақ ол кезде көптеген атлеттер Одақ деңгейіндегі іріктеуден өте алмайтын. Бәрінің тағдырын коммунистер билеген КСРО-ның спорт функционерлері шешетін. Кейін өзіміздің Қазақстанымыз тәуелсіздік алған соң спортшыларымыздың бағы жана бастады. Тіпті, жеңістің тәтті дәмін татып, спортта алға озып кеткен алпауыт елдермен де тайталаса бастадық, – дейді Алексей Геннадьевич. Қазақстандық жанкүйерлер арасында «Алексей Нидің талантты шәкірттерінің бірі Зүлфия Чиншанло азаматтығын ауыстырыпты, енді алдағы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Қытай атынан шығады екен» деген сыбыс та біраз дау туғызды. Әрине, қытайлық атлеттер қазақстандық Зүлфияның басты бәсекелесі екені белгілі. Сондықтан, «өсек-аянымыздың елімізге пайдасы тиіп кетер» деп ойлаған қытайлық журналистер Чиншанло төңірегінде шу шығарып жіберген. Бірақ ол Қазақстанға қайтып келген соң, қытайлық журналистер таратқан ақпараттың шындыққа еш жанаспайтынын айтып, дау-дамайға біржола нүкте қойды. – Жамбыл өңірінің халқы мен өзен-көлі, тауы мен даласы маған өте ыстық. Мен, өйткені, осы жерде туып, осы жерде өстім, осы жерде оқыдым. Алғашқы достарым да, ұстаздарым да осы жерде тұрады. Сондықтан мен қандай биікке көтерілсем де алдымен бүкіл қазақстандықтарға, одан кейін жамбылдықтарға рахмет айтамын, –дейді Алексей Геннадьевич. Биыл күзде Астана қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Оған қатысуға қазірдің өзінде 100-ден астам ел тілек білдіріп отыр. Ал 2015 жылғы әлем чемпионаты АҚШ-тың Хьюстон қаласында болмақ. Рио-де-Жанейро алдындағы шешуші айқастың тағдыры да осында шешілмек. Қасиетті Әулиеата жерінде дүниеге келіп, қазақтарды әлем жұртшылығына танытып жүрген корей ұлтының өкілі Алексей бауырымызға Рио-де-Жанейро Олимпиадасында да қазақтарды алақайлай қуантатын ақ жаңбыр табыстар тілейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. –––––––––––– Суретте: ағайынды Виталий және Алексей (оң жақта) Нилер.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше