Әлем құбылмалы әрі тербелмелі күйді бастан кешуде. Бұған экстремистік-террорлық мәселелердің белең алуы, лаңкестік сипаттағы қауіптердің үдей түсуі, дүние жүзіндегі діни-рухани ахуалдың тұрақсыздануы да әсер етуде.
Әрине, мұндай жағдайда дүние кеңістігін шарпыған діни-рухани дағдарыстан қазақ қоғамының да алшақ кете алмайтыны түсінікті. Ал әлемдегі лаңкестік әрекеттердің кең таралуына қарап, сол арқылы бұл мәселенің «күрделену бағытына» қарай бет алғанын көріп, көпшіліктің бұл көріністерге үрке қарауына әсер еткен жайттардың иірімі сан салалы, ал тамыры тереңде жатқанын аңғаруға болады. Міне, осы орайда, Қазақстандағы лаңкестік құбылыстың қаупі, оның деңгейі мен мәселелеріне де арнайы зерттеу жасалған екен. Бұл жөнінде Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин айтып берді.
«Біз өткен жылдың қараша айынан бастап, 2014 жылдың 16 наурызына дейін республика бойынша үлкен зерттеу жүргізген едік. Бұл зерттеудің тақырыбы – «Қазақстандағы терроризм қаупі мәселесі». Екі-үш жыл бұрын елімізде түрлі оқиғалар орын алған болатын, бұл оқиғаларға түрлі бағалар берілді. Кей кезде қарама-қайшы бағалар да беріліп жатты. Сондықтан, біз, сарапшылар, өз тарапымыздан осы құбылысқа, осы оқиғаларға баға беріп, екінші жағынан орын алған оқиғалардың ішкі заңдылықтарын, олардың орын алуына, экстремизм және терроризм қаупінің өршуіне қандай факторлар әсер еткендігін, ішкі және сыртқы факторлардың өзара байланысын анықтау мақсатында осындай зерттеу жүргіздік», – деді Е.Қарин. Осылай дей келе, ол бүгінде бұл зерттеудің алғашқы қорытындысының дайын болғанын жеткізді.
«Әрине, елдегі ішкі мәселелерді, терроризм және экстремизм қауіп-қатерінің таралуына тоқталмас бұрын, халықаралық ауқымдағы, жаһандық деңгейдегі бұл проблеманың қалай өрістеп жатқанына назар салу қажет. Жыл сайын АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жаһандық терроризм бойынша ресми зерттеу жариялайды. Біз соңғы жылдары осы зерттеуде келтірілген фактілерді жинақтап, сараладық. Мәселен, соңғы 10-12 жылда террористік және экстремистік қауіп-қатер жаһандық деңгейде күрт өсіп келе жатыр. Бұл көрсеткіш, әсіресе, 2005 жылдан бері 10 есеге дейін артқан. Яғни, егер де 2005 жылға дейін әлем бойынша жылына 200-300, әрі кеткенде 600 лаңкестік сипаттағы терактілер орын алатын болса, 2005 жылдан бастап бұл көрсеткіш күрт өсіп, жылына 10 мыңға дейін лаңкестік оқиғалар тіркелген екен. Демек, бұл – жаһандық үрдіс», – деді Е.Қарин.
Саясаттанушы, сондай-ақ, әлем бойынша орын алып отырған құбылыс барлық мемлекетке қауіп төндіріп тұрған факторлардың біріне айналғанына, ал 2005 жылдан бастап бұл қауіп-қатердің өсуіне Ауғанстан, Ирак, Таяу Шығыстың бірқатар елдері секілді жаңа қақтығысқа толы ошақтардың пайда болуы себеп болғанына тоқталып өтті. «Кейбір шетелдік сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда, қазіргі заманда терроризмнің қауіп-қатері жаңа пішінге ие болған. Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші, 80-ші жылдарындағы террорлық ұйымдардың іс-әрекеттерінен қазіргі таңдағы террорлық ұйымдардың іс-әрекеттерінің мазмұны мен сыртқы пішінінде айырмашылық бар. Бұл ретте, сол шетелдік сарапшылар бүгінгі уақытта терроризм – соғыстың жаңа пішініне, жаңа түріне айналып кеткенін алға тартуда. Бұл өз кезегінде әлем бойынша әскери мақсатқа жіберетін қаржының күрт өсуіне де себеп болып отыр. Стокгольмдегі талдау-зерттеу орталығы институтының мәліметінше, дүниежүзінде соңғы 10 жыл ішінде әскери мақсатқа жұмсалған шығындар екі есеге дейін өскен. Бұл үдеріс терроризм қаупімен байланыстырылған. Ал қазіргі уақытта әлемдегі террорлық ұйымдардың басым көпшілігі бұрынғыдай вертикальді құрылым емес, олар орталықтандырылмаған, орталық басқару нүктесі мен жүйесі жоқ және бытыраңқы деңгейде, әрбір топ дербес пішінде қызмет етеді. Қазіргі заманғы терроризм алуан түрлі криминалды қызметпен айналысатын топтардың корпорациясы. Терроризм өз бетімен өмір сүріп жатқан дербес, әртүрлі топтардың түрлі криминалды қызметпен айналысатын, яғни криминалдық қызметтің барлық саласын қамтитын корпорациясы»,– деді бұл орайда Е. Қарин. Ол, сондай-ақ, барлық террорлық ұйымдарды басқаратын бірыңғай орталық жөніндегі пайымдаулар қате тұжырым болып саналатынын жеткізе келе, әрбір өңірдегі лаңкестік сипаттағы ұйымдар өз бетімен және дербес құқықта қызмет ететінін атап өтті.
Брифинг барысында Ерлан Қарин лаңкестіктің жаһандық индексінде Қазақстанның қандай орынға тұрақтағанын да айтып өтті. Оның айтуынша, бүгінде әлемнің түрлі сараптамалық орталықтары жыл сайын лаңкестіктің жаһандық индексін жариялап отыратын көрінеді. Мәселен, Экономика және әлем институтының лаңкестік қатерлердің белсенділік деңгейін зерделеген 2011 жылғы соңғы индексінде Қазақстанның лаңкестік қаупі өткір тұрмаған жайлы елдердің қатарында екенін көруге болады екен. «Бұл маңызды мәселе, себебі, осыдан 2-3 жыл бұрынғы оқиғалар болған кезде, көптеген отандық және шетелдік сарапшылар асығыстық жасап, Қазақстанды жоғары тәуекелді елдердің қатарына жатқызған болатын. Ал дүниежүзі бойынша лаңкестік оқиғалардың есебін жүргізетін «Консорциум Старт» ұйымының (АҚШ-тағы ірі сараптамалық ұйым) мәліметтеріне көз салар болсақ, біздегі оқиғалардың олардың зерттеулеріне кірмегенін байқаймыз. Себебі, біздегі оқиғаларды шетелдік сарапшылар лаңкестік әрекеттер ретінде қарастырмайды», – деді бұл орайда саясаттанушы.
Е.Қарин, сонымен қатар, Қазақстанда әрекет ететін топтардың басым бөлігі криминалды топтар болып табылатыны, бұған экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет ету жөніндегі зерттеулердің нәтижелері дәлел болатынын жеткізді. «Жалпы, топтардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының назарына өздерінің қарабайыр криминалды әрекеттері арқылы ілігуде. Мәселен, сондай бір топ облыс орталығының шет жағында орналасқан азық-түлік дүкенін тонау кезінде назарға іліккен. Қарақшылық шабуылдың нәтижесі – 8 мың теңге мен бірнеше қорап сағыз болған. Кейде ірі топтар да кездесіп қалады, бірақ негізінен бұлар ұсақ, нашар ұйымдастырылған криминалды топтар», – деп қорытындылады сөзін саясаткер.
Оның пікірінше, аталған қауіптің ауқымын түсіну және зерделеу үшін Қауіпсіздік бағдарламалары орталығы экстремистік әрекеттерге қатысы бар деген 300-ден астам адамның деректерін зерттеген екен. Е.Қариннің сөзіне қарағанда, Қауіпсіздік бағдарламалары орталығы 227 адамның деректерін қамтыған, оның 150-і сотталғандар. Сонымен қатар, экстремистік әрекетке қатысы бар қылмыстық істерде аттары аталатын 77 адамның деректері де зерттелген. «Осыған қарап, бізде террорлық топтар бір-бірімен байланысты емес деген пікір қалыптасады. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, радикалды топтардың көпшілігі бір-бірімен байланыста болған. Яғни, біреу біреудің танысы болған, енді біреулері бірге оқыған, бірге жұмыс істеген, міне, осылай кете береді. Бұған қоса, Қазақстан аумағында әрекет ететін радикалды топтардың шешім қабылдайтын, осы акцияларды жоспарлайтын ортақ орталығы болған жоқ, қаржыландырудың тұрақты әрі жолға қойылған арналары да болған емес», – деді ол бұл ретте.
Брифинг аясында саясаттанушы, сондай-ақ, Экстремизмге және лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі зерттеулердің барысында радикалды әрекетке тартылғандардың көпшілігінің діни білімдері жоқ екені де анықталғанын жеткізді. Оның айтуынша, радикалды топтардың мүшелерінің шамамен 56 пайызында ғана орта білім туралы аттестат болған екен. «Мәселен, лаңкестік бабы бойынша сотталған бір азамат небары 4 сыныпты ғана бітірген. Лаңкестік топтарға қатысушылардың 16 пайызының орта арнаулы білімі болса, 18 пайызының жоғары білімі болған. Тек 6 пайызының ғана арнайы діни білімі болған. Бұл – радикалды әрекетке тартылып отырғандардың денінің арнайы діни білімдері жоқ деген сөз», – деді Е.Қарин.
Брифинг соңында саясаттанушы кез келген лаңкестік құбылыстың қаупі, оның деңгейі мен мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізгенде өңірімізде болып жатқан үрдістер мен жалпы әлемдік контексте орын алатын үрдістерді салыстырмалы түрде назарға алу қажеттігін атап өтті. «Мәселен, белгілі бір өңірде, я болмаса дүниежүзінде қандай да бір лаңкестік сипаттағы оқиғалар мен үдерістер орын алса, олар көп жағдайда бөлек-бөлек қарастырылады. Бірақ, біздің ойымызша, олардың барлығы бір-бірімен байланысты. Сол себепті, әртүрлі оқиғалар, үдерістер, құбылыстар әрқашан да салыстырмалы аспектіде зерттелгені жөн», – деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».