Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация мүшелері кеше жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Оларды облыс әкімі Қосман Айтмұхамбетов алдымен Бурабай ауданына бастап барды.
Аудан әкімі Нұрлан Нұркенов бірінші вице-премьерді ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қысқаша таныстырып өтті. Өңірде жылдың алғашқы екі айында 1,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп, 831,5 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 361,4 миллион теңгені құрап, өткен жылғыдан 38,3 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Курортты аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Мұнда 2344 шаршы метр жайлы пәтер пайдалануға беріліпті. Өсім 24,5 пайызға тең.
Бақытжан Әбдірұлы әлеуметтік саладағы игі істерді атап көрсете келіп, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қалыпты жұмысына назар аударды. Щучье қаласының базарын аралаған ол азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын атап көрсетті.
Бурабай кентіндегі канализациялық тазарту қондырғыларының құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. Жалпы құны 2,6 миллиард теңгеден асатын нысанның былтырғы жылғы құрылыс ауқымы 100 пайызға орындалғаны баяндалды. Биылғы желтоқсан айында екінші, қорытынды кезегі іске қосылатын жүйенің өндірістік қуаты тәулігіне 10 мың текше метрді құрайды.
Курортты кенттің тұрғындары жаңа қазандық құрылысына айрықша маңыз артып отыр. Жобалық қуаты сағатына 20 Гал-дық нысан Бурабайдағы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарын жылумен қамтамасыз етеді. Өңірде танымал «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС мердігерлік міндеттерін жауапкершілікпен атқара білуде. Келесі жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған қазандық құрылысының құны 2390,1 миллион теңгені құрайды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған топ Көкшетау қаласының іргесіндегі Садовый ауылында «Milk ProJect» ЖШС сүт өңдеу кешенінде болды. Кәсіпорын 2010 жылы 1721,4 мың литр сүт өңдесе, 2013 жылғы көрсеткіш 5 миллион 680 мың литрге жеткен. Мұнда Ресейдің «Молмаш», Израильдің «Tessa», Швецияның «Ecoline» фирмаларының заманауи технологиялық жабдықтары пайдаланылады. Тұтынушылар сапа көрсеткішінің жоғарылығын осы қадамдармен байланыстырады. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген сүт зауытында, 2012 жылы қуаттандыру жұмыстары жүргізілуі нәтижесінде жылына 15,6 миллион литр сүт өңдеуге мүмкіндік туған. Зауытта 77 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Көкшетаудағы «Agrimer-Astuk» серіктестігі астық және майлы дақылдарды қабылдау және оны өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорын саналады. Оның жалпы аумағы 22 гектарды алып жатыр. Бұл кешен кластерлік жүйемен жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне 300 тонна ұн тартылады. Яғни жылына 2820,2 миллион теңгенің 68 мың тонна ұн өнімі тұтынушыларға жөнелтіледі. Бұған қосымша құрама жем зауыты, мұнай базасы, наубайхана, бірнеше фирмалық дүкендер халық игілігіне жұмыс істеуде.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары майлы дақылдар өңдеу зауытының жұмысына ризалығын білдірді. Сондай-ақ, ол «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнындағы жұмыс барысына назар аударды. 1998 жылы құрылған қазандық кешені бірнеше рет ұйымдық өзгерістерге ұшырап, оның мүліктік әлеуеті әртүрлі кәсіпорындардың қарауында болған. Қазіргі күні бұл нысан қала әкімінің қаулысымен дербес ұжым ретінде жұмыс істеуде.
Б.Сағынтаев «ENKI» керамикалық кірпіш зауытының өндірістік алаңдарын аралап, кәсіпорынның жаңашыл қадамдарымен танысты. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде қатарға қосылған заманауи кәсіпорын былтырғы жылы 2 миллиард 124 теңгенің 52 миллион дана кірпішін шығарды. Кәсіпорындағы 250 жұмысшының орташа айлық жалақысы 93804 теңгеден айналуда.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары зауыт мәжілісханасында сапар барысын қорытындылады. Ол облыс әкімі Қосман Айтмұхамбетов алға тартқан өзекті мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.