Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта кәсіпкерлікті негізсіз тексеруге жариялаған мораториі күшіне енді. Алматылық кәсіпкерлер бұл шешімнің бизнестің үлкен жолына бағыт сілтер тура жол екендігіне дән риза. Өз ісін өрге бастырып, бірнеше отбасын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Заман» жеке кәсіпкерлік қауымдастығының басшысы Кенжебек САУЫТҰЛЫН сөзге тарттық.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта кәсіп иелеріне негізсіз тексеріс жасауды болдырмау мақсатында мораторий жариялауы еліміздегі шағын кәсіп иелерінің тынысын ашқандай болды. Бір істі қолға алып, шаруаны енді бастаған жас кәсіпкерге тексеру жүргізу шынында да көптеген қиындықтар алып келетіні анық. Өзіміз де алғаш іс бастағанда негізсіз тексерістер, ретсіз айып тағу секілді мәселелерге тап болғанбыз. Мұндайда кәсібіңді жүргізесің бе, салық, несие, отырған ғимаратыңды жалға алу немесе тексерушілердің талабына уақыт кетіресің бе дегендей, біршама тығырыққа тірелген де кездер болды.
Біз қазір азық-түлік жеткізу және асханалық қызмет көрсету ісімен айналысып отырмыз. Мейлінше, ауылшаруашылық өнімдерін, ет, сүт секілді көп тұтынылатын тауарларды арадағы делдалсыз халыққа жеткізу жолына көп көңіл бөлеміз. Соның өзінде біздің түрлі шығындарымыз бен нарықта кездесетін қиыншылықтарымыз бар. Міне, мораторий жариялау арқылы кәсіпкерлердің етек-жеңін жиюына, өз шаруасының дұрыс жолға түсуіне көптеген еркіндіктер жасалады.
Мәселен, мемлекеттік бағдарлама арқылы тендерге түсіп, белгілі бір құрылыс нысанын тұрғызу құқығына ие болсаңыз, артынша тексерістердің нысанасына айналып шыға келесіз. «Мына кірпіштің көлемі стандартқа сай емес, неге қабырғаның балшығы біркелкі жағылмаған?!» деген секілді ескертулер мен айыптауларды да естіген едік. Мұндай тексерістердің артында тек қана кәсіп иесіне қадала отырып, әйтеуір, бір тиын-тебенін болса да қақшып алу әрекеті көп байқалатын. Оның сыртында, жергілікті әкім ауысып, алдыңғы тендер иесін ығыстыру айлалары да әр-әр жерден бой көрсеткені де рас.
Мен қазір жеке кәсіп иесі ретінде сонау Семей жеріндегі өзіміздің жетісулық кәсіпкерлермен күнде байланысып отырмын. Солардың бәрі мораторий жарияланып, Елбасының ел азаматтарына, өз ісін жетілдірем деген кісілерге жасап отырған мүмкіндігіне шын жүректен разы болып отыр. Бұл – біздегі тең құқылы қоғамның даму жолындағы игі қадамын көрсетеді.
Мораторий тек кәсіпкерлерді бей-берекет тексеруден құтқару ғана емес, кәсіпті енді бастаған жас іскерлерді даңғыл жолға салу деп түсіну керек. Және де бұл жолғы мораторийде «айналысып отырған кәсібі күмәнді емес шағын және орта бизнес өкілдері» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Яғни тексеріс жоқ екен деп ешкім де ойына келгенін істеп, заң бұзушылыққа баруға қақысы жоқ.
Ең бастысы, кәсіпкерлікті енді ғана игере бастаған отандастарымызға тағы да үлкен қолдау жасалып отыр. Құжат мәселесі, басқа да көптеген шаруаларды орнықты атқаруға және қолға алған кәсіпті дөңгелетіп әкетуге бұл үлкен демеу. Сыбайлас жемқорлық дамыған барлық қоғамда болатын дерт. Соны жою үшін осындай мораторийлер мен басқа да түрлі талаптар аясында жұмыстар атқарылса, әрине, ондай игі қадамды халық құп көреді.
Елбасының ұстанған саясаты мен бүгінгі біздің алған бағытымыз өсуге, өркендеуге негізделген. Шағын кәсіп иелері өз құқықтарының заңмен қорғалғанына, заң аясында адал еңбек, маңдай тердің жемісін жей алатынына бек сенімді.
Жазып алған
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.