Көкшетауда «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табыс кілті» атты республикалық телекөпір өтті. Аталған іс-шараға Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары үн қосты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында: «Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз», деп атап өткен болатын. Елбасы тұжырымының тиянақтылығы бүгінгі шараның өн бойынан да айқын көрініс тапқанын айтуымыз керек.
Телекөпірге үш облыстың этномәдени бірлестіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар мен бүлдіршіндер де қатысты.
Ақмола облысы атынан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, Ақмола облысындағы «Вайнах» чешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев сөз сөйледі. Облыстық телеарнаның тілшісі Наталья Дементьева қазақ тілінде дайындаған «Басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білеміз» атты сюжетін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, Бурабайдағы Ш.Уәлиханов атындағы кадеттер корпусының курсанттары, әскер қатарына шақырылушылармен, білікті әскери мамандармен сұхбат жүргізілді.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов бұл игі шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы міндеттер аясынан туындайтынының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, еліне игі істерімен тірек болған жерлестерінің үлгі-өнегесін паш еткен солтүстікқазақстандықтар да телекөпір байланысына белсене қатысты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.