03 Сәуір, 2014

Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстанның Варшавадағы елшісі Ерік Өтембаев Польша Республикасы Воеводстволар одағының Карпач қаласында өткен мәжілісіне қатысты. Польшаның он алты аймағы мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының қатысуымен Карпач қаласында өткен іс-шарада отандық дипломат екі ел арасындағы сауда-экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықтың даму келешегі жөнінде баяндама жасады. «Қазақстан жағы поляк өңірлерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға, жергілікті өзін өзі басқарудың жұмысын ұйымдастыру мен өңірлік даму саясатын жүзеге асырудағы серіктестеріміздің бірегей тәжірибелерімен жақынырақ танысуға барынша мүдделі», деді Е. Өтембаев. Өңіраралық байланыстарға жаңа серпін беріп, серіктестік әлеуетін арттыруға жағдай туғыза алатын пішін ретінде Өңіраралық форум өткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Елшінің айтуынша, форум өңірлер дамуындағы, әсіресе, моноқалаларды жаңғыртудағы алдыңғы қатарлы тәжірибе­лермен бөлісу мен жоғары технологиялық өндірістерді қоса алғанда, табысты инвес­тициялық жобаларды жүзеге асырудың қолайлы тетігіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, мәжілісте сөз алған Польшаның Эко­номика вице-министрі Ило­на Антинишын-Клик ве­дом­ствоның Өңірлер форумы тұжырымдамасын қол­дайтынын жеткізді. Вар­ша­вадағылар форум екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту, сауда айналымы мен инвестиция алмасу әлеуетін барынша тиімді игеруге жол ашатынына сенімді. Воеводстволар одағының төрағасы Яцек Протас мә­лімдегендей, бүгінде форум өткізу идеясын Польшаның барлық воеводствосының басшылары қолдауда. Олар өздерінің өңірлік жобаларына қазақстандық кәсіпкерлерді тартуға мүдделі екендіктерін атап көрсетті. Карпачта өткен мәжілісте форум туралы ұсынысты құптайтындарын Польшаның Инфрақұрылым және өңір­лік даму вице-министрі Мартин Кубяк пен Ұлттық экономикалық палатаның президенті Анджей Арен­дарски де мәлімдеді. «Егемен-ақпарат».