03 Сәуір, 2014

Астанадан қайырымдылық көмек

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарағанда облысы, Көкпекті ауылында орын алған апатты жағдай бүкіл қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Алдымен, қараған­ды­лық­тар­ға елорда көмек қолын созды. Астана қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдік жергілікті атқарушы органдардан су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті тауарлар тізімін сұратып алып, соған байланысты арнайы көмек қорын жабдықтады. Табиғат апатынан жапа шеккен қарағандылықтарға Астанадан аса қажетті тауарлар жөнелтілуде. Алдымен, су тасқынынан зардап шеккендерге ең қажетті, күртеше, аяқ киім, іш киім, шұлық, бас киім, кеудеше, жейде, шалбар сияқты бір киер киімдер жіберілді. Сонымен бірге, табиғат апатынан зардап шеккен­дердің өтініші бойынша, тіс пастасы, иіс және кір сабын, сүлгі, кір жуғыш ұнтағы мен басқа да жуу заттары, көрпе-жастық, матрац және басқа төсек-орын жабдықтары, электр шәйнектер мен электр жылытқыштар жөнелтілді. Ауыл тұрғындарының көкөніс қорларын сақтаған жертөлелері мен қоймалары су астында қалды. Осыған байланысты Астанадан Көкпекті кентіне картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз және басқа көкөніс өнімдері жіберілетін болады. Алдағы уақытта табиғат апатына душар болған кент тұрғындары ұн, макарон өнімдері, қант, дәнді-дақылдар, консервілер, сүт өнімдері (консервіленген), қораптағы сары май, сұйық май, қорапшадағы сорпалар, тұз, бұрыш, шұжық, консервіленген етпен барынша қамтамасыз етілетін болады. Қазір су тасқыны басқан Көкпек­тіде құтқарушылар жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Тасқынның салдарын жоюға 1000-нан астам адам жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 102 үйдің суы сорылып, 40 үй мен аула тазартылды. Сонымен бірге, жертөле мен қоймалар судан тазартылып, жолдар қалпына келтірілуде. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».