03 Сәуір, 2014

Теріс әрекетке тегеурінді тосқауыл

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда салық органдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі көкейкесті түйткілге айналғаны жасырын емес. Жалпы алғанда, қоғамға аса қауіпті індеттің түп-тамырына балта шауып, оны жою міндетін Мемлекет басшысы қатаң бақылауға алып, үнемі күн тәртібінен түсірмеуде. Әсіресе, Елбасы өзінің әр жылғы халыққа арнаған Жолдауында да жемқорлықпен батыл әрі аяусыз күресу қажеттігін атап көрсетіп келеді. Сондықтан да теріс әрекетке тегеурінді тосқауыл қою үшін пәрменді шараларды ұдайы ұстану керек. Жемқорлықты әдетте лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, өкілеттігін өрескел бұзып, мүліктік тиім­­ді­­лікті барынша иемденуге ты­­рысқан теріс пиғылдағы тұл­­­ғалар жасайды. Халықтың ортақ игілігіне қол сұғып, орасан көлемде қаржы жымқыратындар ешнәрседен қаймықпайды. Соның салдарынан мемлекет қыруар шы­ғынға ұшырап, орны толмас зиянға белшеден батады. Осын­дай теріс қылықтар әр салада жиі қайталанып отырғаны алаңдатады. Салық қызметі органдарының беделін көтеру мақсатында сы­байлас жемқорлықпен күресті кү­шейтіп, жан-жақты жұмыс атқа­рылуы тиіс. Салық төлеу­ші­лер­дің салық мәдениетін арттыру, сонымен бірге, қылмысқа қарсы құқық қорғау саласының және азаматтық қоғам институттарының өзара ынтымақтастығын жандандыру өз тиімділігін беретіні айқын. Салық органдарының қыз­меткерлері тікелей міндеттерін сапалы әрі адал атқарған жағдайда ғана жемқорлық көріністеріне тұсау салынады. Қазір мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің сапасына үлкен мән берілуде. Көрсетілетін салық қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 501 қаулысымен салық қызметі органдарының мемлекеттік қызметтерді ұсыну стандарттары бекітілген болатын. Бұл құжат салық органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін айтарлықтай төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз. Жемқорлыққа қарсы салық органдары қолданып отырған кешенді іс-шаралар оңды нәти­жесін беруде. Алайда, оны толық жою үшін салық төлеушілер тарапынан әлі де көп қолдау мен көмек қажет. Мәселен, салық төлеушілер іс барысында туындаған түрлі түйткілдерді пара беру жо­лымен шешуге ұмтылатыны өкінішті-ақ. Әрине, мұндай құқық бұзушылықтың арты қайда апарып соқтыратыны айтпаса да түсінікті емес пе. Еліміздің заңға құлықты әрбір азаматы салық міндеттемелерін дұрыс орындап, мүлтіксіз сақтаса ғана келеңсіздіктерден арылатынымыз анық. Бұл орайда салық органдарының қызметкерлері өз міндеттерін абыроймен орындауды парыз тұтуы тиіс. Станислав ШЕГАЙ, Есіл ауданы бойынша салық басқармасының бас маманы. АСТАНА.