Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында өңірге белгілі бизнесмен Виталий Каркуланы өлтірді деген айып тағылып отырған үшеудің үстінен сот процесі басталады. Бұл туралы «Уральская неделя» хабарлады.
Облыстық ішкі істер департаментінің тергеушілері мен прокурорлар істі сотқа өткізді. Айыпталушы үшеуге: 28 жасар Мерген Иманқұловқа, 35 жастағы Кенже Біржановқа және топтың серкесі Азамат Тоғановқа Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру», «Кісі өлтіруге әрекет жасау», «Тонау», «Есірткі сақтау», «Қарақшылық. Қарақшы тобын құрып, оған қатысу» деген 7 бап бойынша айып тағылып отыр. Полициядағылар аталған баптар бойынша оларды ең жоғары жаза күтіп тұрғанын айтады.
Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға биылғы жылғы 13 қаңтар күні орын алды. Сол күні жоғарыда аталған үш жігіт түн жамылып, Виталий Каркуланың үйіне келеді. Қолдарына шолақ мылтық ұстап, беттерін жауып алған қарақшылар тергеу болжамы бойынша сағат 23-00 шамасында үйдің сыртқы терезесін сындырып, ішке кіреді. Сол кезде шуды естіп келіп қалған Валентина
Каркуланы қарақшылар басынан ұрып, құлатып түсіреді. Ал бетперделері бар үшеуді көргенде үй иесі мылтыққа ұмтылады. Осы қимыл оның тағдырын да шешіп кетеді. Бизнесменнің мылтықты алып үлгермеуі үшін Азамат Тоғаев оны басынан атып салады.
Қарақшылар осыдан кейін Валентинаны байлап тастап, үйді тінтуге кіріседі. Олар үйді шарлап жүргенде, аяқ-қолын босатып алған әйел жатын бөлмеге жүгіріп барып, терезені ашып, жұртты көмекке шақырады. Оның даусын біреулердің естіп қоюынан сескенген қарақшылар сол кезде өздерінің көліктеріне қарай жүгіреді.
Тексеру барысында анықталғаны, қылмыскерлер құны 3 млн. 380 мың теңге тұратын бағалы тастар мен бір миллион теңге шамасындағы ақшаны алып кеткен.
Облыстық ішкі істер департаменті мен прокуратурадағылар қазіргі кезде Виталий Каркуланы өлтіруге байланысты қозғалған қылмыстық істің аранйы ауданаралық қылмыстық істер сотына жіберіліп қойылғанын хабарлады.
Полицейлердің айтуларынша, айыпталушалыр тергеу барысында өздерінің кінәларын мойындаған.
Құрыш Нұрымбет.
Дереккөз: Уральская неделя.
Фото: Уральская неделя.