04 Сәуір, 2014

Көкпектіге көлдей көмек

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
as 4Бұл күнде Қарағанды­ның маңындағы Көкпек­ті ауылы бір бөлігін су тасқыны басып, 5 адам опат болған қайғылы оқиға себебі анықталып жатыр. Болжамдардың біріне қарағанда, іргесін­дегі су қоймасы шлюзі камерасына мұздақтар кептелуі салдарынан ағын көтеріліп, жағалау­дағы үйлерге лап қойған. Үлкен зардапқа әкеліп соққан апатқа қатысты қозғалған қылмыстық іс басқа да мән-жайлардың бетін ашуы тиіс. Бүгінде ауыл тынысы қалпына еніп келеді. Осындай қиын жағдайда жергілікті тұрғындарды жалғыз қалдырмай жан-жақтан көмекке келген 1 мыңға тарта адам кезекпе-кезек үйлерді, кө­ше­­лерді, аулаларды тазарту жұ­мыс­­тарын жүргізіп жатыр. Істі тіке­лей бақылауына алған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев күн са­йын көкпектіліктермен кездесіп, пікірлесіп, талап-тілектерін тың­дап, көмек көрсету шараларын ширатып жүр. Тасқыннан кейін іле көп қол күші мен арнаулы техника жұмылдырылуы нәтижесінде 400 тонна қалдық шығарылды. Су шайып кеткен жолдарға 500 метр асфальт төселді. Бөгетті бекіту үшін 350 тонна топырақ үйіліп, 150 үйден су сорылып алынды. Суға батқан жертөлелердің бәрі кептірілді. Байланыс және электр қуатымен жабдықтау жүйелері толық қалпына келтірілді. Тосын апаттан зардап шеккендерге өзге де көмек түрлері көрсетілуде. Облыстық әкімдік пен мәслихат аппаратының, «Нұр Отан» партиясы филиалдарының, мемлекеттік мекемелер мен ұйым­дарының қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын қолдау қорына аударды. Аймақтағы бірнеше ірі өндіріс орындарына қамқор ERC компаниясы 150 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек бөлсе, еліміз өңірлерінен де қолдау көрсетушілер көп. Қаладағы жоғары оқу орын­да­рының студенттері, «Жас Отан» жастар қанатының «Жа­сыл ел» ұйымының еріктілері Көк­пектіні тез арада көркейтуге белсенділікпен қатысуда. Олар тазалау, жөндеу жұмыстарымен бірге бұқаралық-мәдени іс-шаралар жүргізіп, жергілікті тұрғындар қайғысын басып, көңіл күйлерін көтеруге де уақыт табуда. Табиғат апатына амал бар ма? Ойламаған, күтпеген оқиға болды. Төтеннен осындай басы­мыз­ға түскен қиын шақта барша қарағандылықтардың көмек­ке келуі еңсемізді көтерді. Аз күн­дерде ауылымыз өзгеріп қалды. Жағдайымыздың тез түзелуіне барлық мүмкіндік жасалып жа­тыр. Қай-қайсымыздың да қам­қорлықсыз қалмауымыз жер­лес­теріміздің жан байлығы арқасында екенін білеміз, бұл шын ниетке ризалығымыз шексіз, дейді ауылдың байырғы тұрғыны Вера Моровец. Арнайы құрылған комиссия материалдық шығынды есептеуде. Тасқын салдарынан құлаған үйлер, ағып кеткен, бүлінген мүліктермен қатар 500 басқа жуық мал шығыны болғаны тіркелді. Құрылыс жұмыстарын бастау, шығындар орнын толтыру қолға алынғалы отыр. Көкпекті таяу арада-ақ қалпына келгелі тұр. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы.