Білім • 06 Сәуір, 2022

Баланың тілі шықса – тәтті

1061 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ «Баланың тілі – бал» дейді. Бірақ бүгінгі балалардың бал тілін қызықтау көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де әлі күнге былдырлап жүрген балдырған көп. Неге? Мұның сарапшылар айтатын сан түрлі себебі бар. Бәрінен де маңыздысы, тығырықтан шығатын жол қайсы?

Баланың тілі шықса – тәтті

Мәселенің мәнісі

Елімізде балалардың 35 пайызға жуығы күніне екі және одан да көп сағат экранға телміреді екен. Мұндай қорытынды Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүр­­гізген, 6 851 оқушы қатысқан көлемді зерт­теуіне сүйеніп айтылған. Орталық өкілі Жанар Қалмақова: «Қазақстандағы бала­лар­дың 33,9 пайызы күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда 37,2 пайызды, ал ауылдық жерлерде 30 пайызды құрап отыр. Осының салдарынан бала көп қимылдамай, көзінің көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан балалардың теледидар, телефон, компьютер немесе планшеттен түрлі мультфильм көріп, осындай құрылғыларда ойын ойнауын шектеу керек», деді.

Біз көбіне үйдегі балалар телефонға тел­мір­се, көзін құртатын болды ғой деп алаң­даймыз. Жоғарыда маман да соны тілге тиек етіп тұр. Алайда біз байқай бермейтін тағы бір зияны бар. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағдайда мүлдем шықпауы. Әнеукүні бір танысымыз баласы 3 жастан асса да тілі шықпағанын, туғалы планшеттен бас алмағанын айтты. Аты-жөнін көрсетуді қаламаған қызылордалық ата-ана:

– Қызым мектепте оқиды. Пандемия бас­тал­ған кезде 1-сыныпқа барып, ең маңызды уақытта қашықтан оқып қалғандықтан, оған көп көңіл бөлдім. Ал 1 жасар ұлымды көбіне тек тыныш­тан­ды­рудың жолын іздедім. Сөйтіп, жылай қалса, телефон ұстата салатынмын. Кейін өзіне планшет алып бердік. Мультфильм көріп, тыныш отырады. Соған өзім де қанағаттанатынмын. Қазір сол ұлым үш жастан асты. Әлі тілі толық шықпады. Сөздік қоры – 1 жасар баланікіндей. «Әкел, бар, бер, мама, әке» дегенді ғана біледі. Қазақ болған соң, қонақ келмей тұрмайды. Бір күні ауылдан екі жастан енді асқан қызын ертіп туысымыз келді. Қызы тақылдап тұр. Туысымыз «Балаң үштен асса да неге сөйлемейді? Психологқа апарсаңшы» дегенде үстімнен суық су құйып жібергендей болдым. Психолог десе, үрке қарайтын әдетіміз ғой. Қонақтарды шығарып салғаныма бір­не­ше күн өтсе де әлгі сөз ойымнан кетпеді, – дейді екі баланың анасы.

Кейіпкеріміз ақыры психологқа барыпты. Сөйтсе, маман баланың планшетін алып, не көріп жүргеніне анализ жасап бол­ған­нан кейін «Кейіпкерлері сөйлемейтін мультфильм­дер көрсе, бала қалай сөйлейді? Балада да сөйлесу дағдысы жоқ. Өйткені онымен сіздер де сөйлеспейсіздер. Бұл баламен ата-анасы мен логопед жұмыс істеуі керек» депті.

Қызметі қымбат логопед

Иә, мектепке дейінгі және мектеп жасын­да­ғы балалардың тіліндегі кем­шілік­тер­ді түзетумен логопед маман айналысады. Алайда осы маманның қызметі барлық бала­ға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Лого­пед қызметін ұсынатын түрлі дамыту ор­та­­лықтарының ресми парақшалары мен жар­нама порталындағы хабарландырулар арқылы журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Логопед қызметінің құны әр қалада әртүрлі. Мәселен, Атырау қаласындағы бір дамыту орталығында үш жастан асқан баланың тілін дамытатын логопедтің бір курсы 30 мың теңге тұрады екен. Бір курста 40 минуттық 10 сабақ болады. Орталықтың ресепшн қызметкері көп жағдайда балаларға бір курс жеткіліксіз болатынын жеткізді.

Ал ел астанасындағы баға тіпті құбыл­малы. Бір жерде логопед қызметін алудың құны бір балаға айына 70 мың теңгені құраса, енді бір жерде 25 мың теңге болады екен. «Не деген арзан?» десек, күн сайын бір сағат, бірақ қашықтан қызмет ететін болып шықты. Қызметіне логомассаж үйрету; нейрожаттығулар (дистибуляр және проприоцепция); саусақ, тіл, тыныс, т.б. 30 шақты жаттығу-ойын; анаға психо-терапия; нейрокоррекция жаттығулары; медицина мамандарына жолдау, витаминдер ұсыну кіретін көрінеді.

Қай-қайсысына хабарлассақ та алдымен баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Консультация да көбіне ақылы. Курс мер­зі­мі баланың тіл дамуындағы жағдайға байланысты болады екен. Біз өзі ауруымыз асқынғанда ғана дәрігерге жүгіретін ха­лықпыз ғой. Соған сүйенсек, өмірдегі тәжіри­бе­ге салсақ, ата-аналардың басым бөлігі баласына логопед көмегінің керек екенін үш, тіпті төрт жастан кейін ғана түсініп жатады. Бұл немқұрайдылық па, әлде үміттеніп жүріп уақыт жоғалту ма?

Ата-ананың білімі маңызды

Тәжірибелі маман, елордадағы «Қар­лығаш» балабақшасының логопеді Роза Қыдырбайқызы бала дамуында ата-ананың білімі маңызды екенін айтады.

– Ата-ана бала дамуындағы қарапайым ерекшеліктерді білгені жөн. Сонда ол өз сәбиіне қандай маманның көмегі керек екенін шамалай алады. Сіз жоғарыда менен «Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін қалай, қашан біле алады?» деп сұрадыңыз. Біз кез келген кемшілікті, ақауды, аурудың белгілерін неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым оны жою, жеңу жеңілге түседі. Сондықтан жаңағы проблемалық сұраққа маман ретінде кеңес бергім келеді, мұны бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жадына тоқып, тіпті көрнекі жерге шығарып іліп қойса да артық болмайды. Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін білу үшін туғаннан үш жасқа дейінгі сәбиде дыбыстардың пайда болу реттілігін білуі керек. Осы реттілік бұзылғанын байқаса, логопед қызметіне жүгінгені жөн, – дейді Р.Қыдырбайқызы.

Маманның айтуынша, 1-2 айда нәресте гуілдеп, дауысты дыбыстарды қосарлап немесе қайталап айтады. 2 айынан асқанда дауыссыз дыбысқа дауысты дыбыстарды қосады: «гу, хо, ғы». 3 айда ф, с, в дыбыстарына ұқсас дыбыстар шығарады. 3-6 айда әр дыбысқа акцент қойып, созып айтады, айналасындағы адамдардың ерін қимылына еліктеп, үлкендердің сөзін түсіне бастайды. 7-12 айда п, б, м, к, т секілді дауыссыз дыбыстарды дыбыстап, ересектердің дауыс екпінін (көтеріңкі немесе бәсең, еркелетіп яки жекіп сөйлегенін), заттардың, іс-әрекеттің атауын ажыратады. 12 айда сәби «мама», «әке», «ата», «апа» сөздерін толық айтады және шаршаса «уф», таңданса «оо», жиіркенсе «фу», ауырсынса «ой, ай» дейді. Бір-екі жаста балалар көбіне кейбір дауыссыз дыбыстарды жіңішке айтады. Шай – сяй, су – сю. Су ішемін – сю ісьем. Осы жаста баланың белсенділік сөздік қоры 300-400 сөзге дейін жетеді. Үш жасқа аяқ басқанда в, ф, ы, э, х, с, з, л дыбыстарын толық меңгереді. Бұл жаста жылдам есте сақтайды, қысқа тақ­пақтарды айтады, 2-3 сөзден тұратын қарапайым сөй­лем құрайды.