Қазақстан • 12 Мамыр, 2022

Түркия – Қазақстан: Кеңейтілген стратегиялық серіктестік

983 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарихи-мәдени байланыстар негізінде қалыптасқан Түркия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар соңғы 30 жыл ішінде Еуразия аймағындағы ең сенімді серіктестік үлгісіне айналды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастау алған интеграция тұрақты түрде дамып келеді. 2009 жылы қол қойылған «Стратегиялық әріптестік туралы келісім» арқылы ынтымақтастық жаңа белеске шықты. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары барысында бекем бауырластық байланысымыз «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді.

Түркия – Қазақстан: Кеңейтілген стратегиялық серіктестік

Тараптар арасындағы дамып келе жатқан байланыстар екіжақты деңгейде ғана емес, ай­мақ­тық және халықаралық деңгей­де де маңызды. Екі ел де өздерінің халықаралық ұстанымдарын қайта айқындайтын кезеңді бас­тан өткеріп жатыр. Халықаралық және аймақтық тыныштықты, қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өр­кендеуді арттыруға мүдделі екі ел ортақ сыртқы саяси көзқарасты ұс­танады. Соның айқын дәлелі – «Ке­ңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісім».

Қазақстанның халықаралық жағдайы

Халықаралық саясаттағы оқиғалар көпполярлы жүйенің пайда болуы және қалыптасуы процесін жылдамдатып жатыр. Бұл жаңа үдерісте Азияның маңызы артып, осы ұлы континенттің орталығында орналасқан Орталық Азия халықаралық бәсекеде күрестің маңызды ошақтарының біріне айналуда. Орталық Азия елдері жаңа халықаралық жүйеде өздерінің жаңа рөлдерін анықтауға тырысады. Бұл тұрғыда Азияның екі ірі державасы Ресей және Қытаймен шектесетін, Орталық Азия геосаясатындағы орталық елдердің бірі, Азияны Еуропамен байланыстыратын бағдарда ма­ңызды орынға ие Қазақстанның сыртқы саясатының салмағы артып келеді.

Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстан ішкі саясатында да, халықаралық жағдайда да өзгеріс­терді басынан өткізіп жатыр. Осы себепті Қазақстанның өз ішіндегі қиындықтармен қалай күресетіні, қандай сыртқы саясат ұстанатыны және Орталық Азия геосаясатында қандай рөл атқаратыны маңызды. Бұл мәселелер тек Қазақстан үшін ғана емес, барлық аймақтық елдер мен жаһандық ойыншылар үшін өзекті.

Біріншіден, егер халықаралық деңгейге қарасақ, Қазақстанның географиялық орналасуы оның кез келген жаһандық ойыншыға тәуелді болуының мүмкін емес екенін көрсетеді. Ресеймен де, Қытаймен де шектесетін Қазақстан үшін ең нашар сценарий – осы екі ұлы державаның арасында қалып қою. Сол себепті Қазақстан сал­мақты саясат ұстанып, екі елмен де тығыз қарым-қатынас ор­натуы керек, бірақ бұл қарым-қаты­настар тәуелділік қатынасына ай­нал­мауы тиіс. Қазақстан егер осы екі елдің біріне тәуелді болса, ол жағдай екіншісін арандатып, Қазақстан үшін маңызды қауіп­сіз­дік мәселелерін тудыруы мүмкін.

Қазақстанның Батыспен байланысы маңыздылығын жоймайды. Украинадағы соғыс энергетикалық қауіпсіздік мәселесін халықаралық күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарды және осы жерде энер­гияға бай Қазақстан үшін айтар­лықтай мүмкіндіктер бар. Соны­мен қатар Қазақстанның Украина со­ғысы тудырған азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде оң рөл атқаруына мүмкіндігі бар. Қа­зақстан осы әлеуетті мүмкін­дік­терді жүзеге асыру үшін Батыс, сондай-ақ Шығыс елдері­мен икемді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл тепе-теңдікке негіз­делген көпвекторлы саясат Қазақ­станды геосаяси қысым мен тығы­рықтан құтқарудың маңызды жолы екені де анық. Сондық­тан Қазақстан өзінің толық тәуелсіз­дігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмейтін, жаһандық державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын өте нәзік дипломатияны ұстануға мәжбүр.

Өңірлік деңгейде де Қазақ­станның маңызы артып келеді. Халықаралық бәсекелестікте күш Азияға ойысқан сайын Ор­талық Азия аймағының салмағы арта түседі. Екінші жағынан, халық­аралық бәсекеге геосаяси қақ­ты­ғыстардың ықпалы зор болып тұр. Мысалы, Ауғанстандағы оқиғалар мен Украинадағы соғыс маңызды геосаяси қақтығыс аймақтары екені анық. Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ахуал Каспий теңі­зінің стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік осінде стратегиялық дәлізге айналып жатыр.

Өңірдегі оқиғалар Қазақстан үшін де, Орталық Азия елдері үшін де қауіпсіздік жағынан сын-қатерлерін тудырады. Бұл тәуе­келдермен жалғыз күресу ешбір елдің қолынан келмейтіні мәлім. Сондықтан қазір аймақтық ынтымақтастық бұрынғыдан да маңыздырақ болып тұр. Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқа­рады. Өңірдегі басқа елдер­мен салыстырғанда экономи­калық, саяси және әлеуметтік тұр­ғыдан әлдеқайда тұрақты мемлекет Қазақстан үшін аймақтық тұрақ­тылық қамтамасыз етілуі керек. Осы аумақтағы өзге елдерге де ынтымақтастық пен тұрақтылықты сақтау үшін Қазақстан қажет.

Қазақстан жаһандық державалармен қарым-қатынасында да, аймақтық саясатында да бей­бітшілік пен тұрақтылықты жақ­тайтын стратегияны ұстанады. Бұл стратегия – көпвекторлы сыртқы саяси түсіністіктің талабы. Көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз – жаһандық алпауыттар арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, аймақтың тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосу. Осы­лайша, Қазақстан өңір үшін үлгі алатын елге айналады.

Еуразиялық геосаясаттағы Түркия мен Қазақстан

Қазақстанның жаһандық және аймақтық рөлі тұрғысынан Түр­киямен қарым-қатынасы ерек­ше маңызға ие. Ең алдымен, Түр­кияның сыртқы саяси басым­дықтары мен Қазақстанның ба­сым­дықтары арасында ұқсастық бар. Екі ел де ешбір жаһандық дер­жаваға тәуелді болмай, өздері­нің толық тәуелсіздігі мен стра­тегиялық автономиясын сақтай отырып, аймақтағы тепе-теңдікті сақтайтын және бейбітшілікке үлес қосатын сыртқы саясатты ұстанады. Сондықтан Түркия мен Қазақстан түрлі жаһандық және аймақтық проблемалар алдында ынтымақтаса отырып, проблемаларды шешуде сындарлы рөл атқаруы мүмкін.

Экономика жағынан Түркия – Қазақстанның Батыс нарығына шығу жолындағы маңызды ел. Екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастары тұрақты түрде өсіп келеді. Қ.Тоқаевтың Түр­кияға сапары экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі жан­дандыратын келісімдерге қол қойылған үлкен бетбұрыс бол­ды. Екі ел арасындағы эконо­ми­калық қарым-қатынастар сау­да көлемін арттырып қана қой­май, Қазақстанның Еуропа нары­ғына шығуын жеңілдетеді. Демек Қазақстан-Түркия қарым-қаты­насы Қазақстанның Батыспен экономикалық және саяси қарым-қатынасына оң әсер етеді. Бұл Қазақстанның жаһандық тепе-теңдікті сақтайтын саясатымен әбден үйлеседі.

Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынастар ай­мақтық қауіпсіздікке үлес қоса береді. Түркі мемлекеттері ұйы­мының жетекші елдері ретінде Түркия мен Қазақстан өздерінің аймақтық қарым-қатынастарына құрылымдық сипат беріп келеді. Екі ел аймақтағы ешбір елді шеттетпей, ынтымақтастық негізінде әрекет етеді. Осының арқасында өңірлік интеграциялық үдерістер де серпін алып, жаһандық бей­біт­шілік пен тұрақтылықты сақтауға ерік-жігер артып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының нәтижесі

Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы достықты арттыру және ортақ мүдделерді айқындау тұр­ғысынан Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Түркияға сапары үл­кен маңызға ие. Алты министр мен көп­теген жоғары деңгейдегі шенеу­ніктің қатысуымен өткен сапар­да Қазақстан Президенті Қасым-ЖомартТоқаев та, Түркия Пре­зиденті Режеп Тайып Ердоған да өте жағымды мәлімдемелер жа­сап, достық пейіл танытты. Деген­мен бұл сапар достық туралы рәміздік месседжге ғана мән бе­рілген сапар емес, нақты қадамдар жасалған маңызды сапар болды.

Ең алдымен, екіжақты қа­рым-қатынастар «Кеңейтілген стра­тегиялық әріптестік» деңгейіне кө­терілді. Осы тұрғыда қорғаныс өнер­кәсібі, әскери барлау, ақпа­раттық технологиялар, көлік, мә­дениет, ауыл шаруашылығы, сауда, кеден, экология, білім, жастар, байланыс және мұрағат салаларында барлығы 15 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер қарым-қаты­настардың әрі стратегиялық бағыт­тарға көшкенін, әрі өте кең ау­қымға ие болғанын көрсе­теді. Сонымен қатар екі ел арасын­да­ғы сауда көлемін 10 млрд дол­ларға жеткізу мақсаты белгіленді.

Қ.Тоқаевтың Түркияға сапа­рының нақты нәтижелерін тө­мендегідей атап өтуге болады:

1) Қаңтардағы қайғылы оқи­ғалардан кейін Қазақстанның ішкі саясаттағы проблемаларды айтарлықтай еңсергені және ішкі құрылымдық қайта құру үдерісі жалғасып жатқан кезде сыртқы саясаттың да қарқынды жүргізіліп жатқаны көрсетілді.

2) Қаңтар оқиғасы Қазақ­стан­ның сыртқы саясатында іркіліс ту­дыр­мағаны, Қазақстанның тең­герім­ге негізделген көп­век­торлы сырт­қы саясатын жалғас­тыра беретіні паш етілді.

3) Сапар Қ.Тоқаевтың көп­жақты сыртқы саяси қадамының мазмұнын ашып берді.

4) Қазақстанның сыртқы сая­сат­тағы жаһандық оқиғаларға, дағдарыстарға бейжай қарамайтыны, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы дәнекер болуда конструктивті рөл атқаратыны және осы тұрғыда әрбір мемлекетпен, әсіресе, көршілес елдермен тепе-теңдікті сақтаған байланыс орнататыны аңғарылды.

5) Қазақстанның сыртқы саясатында Түркияның жоғары орны ай­қындалды, Түркия Қазақстанмен қарым-қатынасын одан әрі дамытуға дайын екенін көрсетті.

6) Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынас екі елдің ортақ мүдделеріне қызмет ететін серіктестік ретінде қабылданып қана қоймай, екі ел аймақтық ынтымақтастықты нығайту үшін көпжақты ынты­мақтастық құрылымдарында жетекші рөл атқаруға дайын екендерін біл­дірді. Қол қойылған келісімдер екі ел арасындағы қарым-қатынастың бар­лық саласын қамтитын кеңейтілген стра­те­гиялық серіктестіктің мәнін көр­сетіп тұр.

7) Мемлекет басшыларының бас­тамасымен қарым-қатынастың одан сайын арта түсетіні байқалды.

8) Екі ел жаһандық геосаясаттағы өзгерістер мен аймақтық қауіпсіздік мә­селелеріне байланысты туындайтын сын-қатерлерге ортақ көзқараста еке­­­нін растады. Теннис ойыны осы­ның символдық белгісі ретінде болады.

9) Екі елдің халықаралық құ­қықты сақтай отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға үлес қосуға дайын екені аңғарылды.

10) Қазақстанның ішкі сая­сатта жүргізген реформаларына Түркияның күшті қолдауы расталды. Негізінде бұл сапарды Түркияның қаңтар оқи­ғасы кезіндегі достығы мен ынты­мақ­тастығының көрінісі ретінде қарас­тыруға болады. Сондықтан бұл сапарда Түркияның Қазақстан мен қазақ халқының қасынан табылатыны тағы да анық айтылды.

Екі ел қарым-қатынасындағы көшбасшылардың рөлі

Түркия мен Қазақстанның сыртқы саяси көзқарастарын жүзеге асыруда көшбасшылардың ықпалы зор. Екі президент те теңгерімді, прагматикалық және сындарлы сыртқы саясат стратегиясын ұстанады.

Қ.Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатында да, ішкі реформалар процесінде де маңызды рөл атқа­рады. Халық­аралық тенденциялар да, аймақ­тық проблемалар да Қазақстанның өте нәзік дипломатия жүргізуін талап етеді. Осы орайда Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы тәжірибесі мен геосаяси мәселелерге сезімталдығы Жаңа Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан Президентінің сыртқы саясат саласындағы тәжірибесі де оның елінің белсенді дипломатияны ұстанатынын көрсетеді.

Қазақстанда басталған жаңа реформалық қозғалыс Қазақстанның өсіп-өркендеуінің ең үлкен кепілі деп біледі.

Түркия мен Қазақстан – Шығыс пен Батыс арасындағы саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды көпір. Осы себепті Қ.Тоқаевтың Түр­кияға сапары қатардағы көш­басшылар сапары сияқты болған жоқ. Қ.Тоқаевты Ердоған жоғары деңгейде қарсы алып, екі елдің бас­шылары қарым-қатынастарды дамытуға ерекше ниет танытты. Бұл ерік-жігер – екі елдің тамыры терең достыққа негізделген қарым-қатынасының алдағы уақытта да сол бағытта нығая беретінінің көр­сеткіші. Сондықтан бұл сапар қалып­тасқан қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, алға жылжытуға жасалған тарихи қадам болды.

 

Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,

Анкара дағдарыс және саясатты зерттеу орталығының (ANKASAM) басшысы, профессор

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

Соңғы жаңалықтар