Қоғам • 18 Мамыр, 2022

Ұйымшылдық – іргелі істер бастауы

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 мамыр күні Сәуле ауылында Жеңістің 77 жылдығына орай айтарлықтай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл игілікті іске Мейрам Қайрат, Бақытжан Құттыбек, Нұртілек Қайыр, Қанат Құсайын сияқты жаңашыл ауыл жастары ұйытқы болса, егін шаруашылығымен айналысатын Saule SNK және қиыршық тас өндіретін «Құм» фирмалары демеушілік көмек көрсетті.

Ұйымшылдық – іргелі істер бастауы

Өз қалталарынан ақша шығарып, ортақ іске үлес қосқан ауыл азаматтары да көпшіліктің ризашылығына бөленгенін айта кеткен орынды.

Жалпы, егемен еліміздің тарихында 9 мамырдың орны ерекше екені белгілі. Сол сұрапыл соғысқа шағын ғана ауылымыздан жүзден астам ер-азамат аттанса, сол боздақтардың жартысынан көбі қан майданда ерлікпен қаза тапты. Қаншама ұл-қыз әкесіз, ата-ана баласыз зар жылап қалды. Көптеген шаңырақ опырылып ортасына түсті. Мұндай күнді ұмытуға бола ма? Әрине, жоқ!

«Бұл күн – ерлікпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына бас иіп, тағзым ететін күн. Бұл күн – фашизмді жер жастандырған есіл ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн. Елінің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз», деді жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, өскелең ұрпақты ата буынның ерлік істерінен үлгі алуға шақырған зейнеткер ұстаз Қайынжамал Сүлейменова.

Ал мерекелік іс-шара ат жарысынан басталып, көкпар, теңге ілу, қазақ күресі секілді салт-дәстүрімізді ұлықтаған ұлттық ойындарға ұласты. Оған көрші ауылдардан да шабандоздар мен көкпаршылар және балуандар келіп қатысып, жарыс көрігін қыздыра түсті. Соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық тапсырылды. Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қатысқан ауқымды іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың күшімен қойылған концертпен қорытындыланды.

 

Жамал СМАҒҰЛ,

ардагер ұстаз,

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы