Қоғам • 13 Тамыз, 2022

Қазалыда Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы тапсырылды 

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық жастар күні мерекесіне орай Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Қазалыда Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы тапсырылды 

Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Орта Азия жастарының алдына шыққан қайраткер атындағы сыйлықты иеленгендерді құттықтады.   

«Биыл «Заманның тұтқасы да, иесі де жастар!» деп ұрандаған Орта Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, жерлесіміз Ғани Мұратбаев туғанына 120 жыл толып отыр.

Артына өшпестей із қалдырған Ғани Мұратбаевтың ісі мен өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын табыстауды жыл сайын дәстүрге айналдырудамыз.  

Жастар елдің заманауи бет-бейнесін қалыптастырып, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс. Осы мақсатта бүгін республикамыздағы әр сала бойынша осы сыйлыққа лайықты деп танылған үздіктер мен белсенді жастар келіп отыр», деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Оразбаев пен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «республикалық жастар сыйлығының дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлықтар табыстады.

Биылғы жеңімпаздар қатарында қазалылықтармен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қаласы және Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының дарынды жастары бар.

Салтанатты шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, белгілі эстрада жұлдызы Өмірқұл Айниязов, елордадағы мемлекеттік академиялық филармонияның жеке солисі Алтынбек Әбілда және тағы басқа талантты әншілер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Орталық алаңнан кейін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығына ие болғандар еркін форматта бас қосып, өзара пікір алмасты.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауға 40-тан астам үміткер қатысып, солардың ішінде 17 жүйрік лайықты деп танылды. Марапатқа ие болғандарға 120 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.