Экономика • 23 Қыркүйек, 2022

Мейрам Пішембаев: Машина жасау – экономика драйвері

248 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Соңғы жылдардағы түрлі қиындықтарға қарамастан, жүрісінен жаңылмай, алға ілгерілеген экономика секторларының қатарында отандық машина жасау саласы да бар. Мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдау мен жүйелі жұмыстың, кәсіпорындар ұстанған дұрыс стратегияның нәтижесінде салада айтарлықтай серпіліс байқалып отыр. Дегенмен, оң шешімді қажет ететін дүниелер де жоқ емес. Осы орайда біз Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам ПІШЕМБАЕВПЕН әңгімелескен едік.

Мейрам Пішембаев: Машина жасау – экономика драйвері

– Мейрам Құдайбергенұлы, машина жасау өте күрделі өндіріс екенін жақсы біле­міз. Сондықтан оның түрлі қиын­дық­тармен жиі бетпе-бет келетіні де белгілі. Соған қарамастан, сала ел экономикасына қомақты үлес қосып отыр. Жалпы, саланың қазіргі жай-күйі қалай?

– Рас айтасыз, машина жасау саласы үшін қолайлы кезең деген түсінік жоқ. Өйткені өзіңіз атап өткендей, бұл – өте күрделі өндіріс. Сондықтан саланың өнеркәсіптік әлеуетін ашып, лайықты өнім жасау, индустрияның сапалы әрі жаңа деңгейіне шығу үшін кадр тапшылығы, қаржыландырудың жетіспеушілігі, валю­талық құбыл­малылық секілді мәсе­лелерді ең­серуге мәжбүрміз. Осын­дай қат-қабат дүниелермен қатар, өндірісті ғылымды қажетсінетін зерттеулермен тұрақты қамтамасыз ету, өндіріс инфрақұрылымы мен өткізу нарықтарын дамыту секіл­ді ауқымды жұмысты да ат­қа­рып келеміз. Мемлекеттік ор­ган­­дардың бюрократиясы мен шама­дан тыс нормативизмі де кейде тежеуші фактор болып ал­дан шы­ғатынын жасырудың қажеті жоқ.

Міне, осындай кедергілерге қарамас­тан, отандық машина жасау саласы се­німді түрде алға басып келеді. Мәселен, бұл сала­дағы өндіріс көлемі 2010-2021 жыл­дары алты есе өсті. Яғни 376 млрд теңгеден 2,4 трлн теңгеге дейін айтар­лықтай ұлғай­ды. Мұндай үрдіс биыл да бай­қалып отыр. Сегіз айдың қорытын­дысы бойынша ма­ши­на жасау саласындағы өндіріс көлемі 1,3 есе, яғни 1,4 трлн теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін өсті. Қазір сала­ны дамытудың 2019-2024 жыл­дарға арнал­ған Жол картасы бойын­ша жұмыс істеп жатырмыз. Аталған құжат машина жасауды дамыту мәселелерін ғана емес, жалпы өңдеу өнеркәсібін де қамтиды.

Саланың ел экономикасына қосқан үлесі де артып келеді. Айталық, 2010-2021 жылдары отандық машина жасау саласының экономикадағы, яғни ел­дің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 1,9 есе (1,5 пайыздан 2,8 пайызға дейін), өнер­кәсіп­тегі үлесі 2 есе (3,1 пайыздан 6,3 па­йызға дейін), өңдеуші сектордағы үлесі 1,4 есе (9,8 па­йыздан 13,9 пайызға дейін) ұлғайды. Машина жасаушылар өндіріс тиімділігін арттыруға, әртарап­тандырылған әрі тех­нологиялық сипат­тағы ұлттық эко­номиканы қалып­тастыруға жәр­демдесуге ниетті. Қазіргі таңда рес­публикада 3,5 мыңнан астам машина жасау кәсіпорыны жұмыс істейді. Олар 115 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қазақстанда отандық машина жасау саласын дамытуға тиісті алғышарттар бар. Мұның бәрі болашақта өнімділігі жоғары әрі экспортқа бағдарланған өңдеу секторын және жалпы өнеркәсіпті құруға берік негіз бола алады. Алғышарт деп отырғанымыз – энергетикалық және шикізаттық база, өндірістік және адами әлеует. Қазіргі жағдайда елде де, әлемде де экономиканы әртараптандырудың және оның ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылығын арттырудың маңыздылығы шиеленісе түсуде. Мұндай іргелі міндеттерді шешу үшін ең алдымен, сала­дағы бәсекеге қабілеттілікті жан­дан­ды­рып, даму динамикасын қамтамасыз ету маңызды. Ол кең ауқымды технологиялық жаңғыр­ту негізінде экономиканың басқа сала­ларындағы өсудің жоғары серпінін қамта­масыз етуге қабілетті. Оның үстіне бұл әрдайым ауқымды сұра­ныспен қамтамасыз етілген.

Машина жасау лайықты жалақы деңгейі мен сапалы жұмыс орындарына сұраныс тудырады, білікті маман­дардың дамуын ынталандырады. Жоғары қосымша құн мен эконо­мика­ның фактор­лық өнімділігін өндіру­ге, жаңа технология­лар мен өнім­дерді бейімдеуге әрі өндіріске ен­гізуге қабі­летті. Машина жасау саласы тұтастай өңдеу­ші өнеркәсіптің өсуі­не барынша мультипликативтік әсер бере­ді әрі экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан басты қозғаушы күш болу­ға қабілетті. Сайып келгенде мұның бәрі ха­лықтың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді. Мысалы, машина жасау саласындағы бір жаңа жұмыс орны өзге салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнын құруға жол ашады.

– Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай отандық машина жасау саласына қалай әсер етіп жатыр?

– Иә, әлемдегі геосаяси ахуал да, экономикалық жағдай да өте күрделі болып тұр. Өкінішке қарай, мұның кез келген елдің кез келген бизнесіне жақсы әсер бермесі анық. Оны бәрі біліп, түсініп отыр. Дамыған державалардың санкциялық текетіресі өмірдің барлық саласына тікелей әрі қатаң әсер етеді. Қазір болып жат­қан жағдайлардың әлемдік эконо­микаға, мемлекетаралық шаруа­шылық және көлік-логистикалық байланыстарға қалай қаншалықты зиян әкелетінін болжау қиын. Қазіргі таңда өндірушілер мен жет­кізушілер арасындағы өндіріс­тік қатынастар зардап шеккен кезде ел ішіндегі тәуекелдерді есептеу де қиын. Шынында да, біздің салада мұның барлығы шетелдік серіктестермен жұмыс жүргізуде айтарлықтай маңызға ие. Бір ғана жиынтықтың жетіспеушілігі өндірушінің өндірістік циклін бұзуы мүмкін. Ал мұның салдары жаман. Мерзімді өткізіп алуы мүмкін, айыппұлдар арқа­лап, несиелік берешек өсуі ықтимал, клиенттік базаны жоғалтып алуы мүмкін.

Біздің кәсіпорындар АҚШ, Қытай, Түркия, Израиль, Ұлы­британия, Аустра­лия, Канада мемле­кеттерімен, Еуропалық Одақ және ТМД елдерімен, әлем­дік ірі компаниялар мен халық­аралық даму институттарымен өндірістік тұрғыдан тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Бұл ретте әлем назарындағы Ресей Федерациясы – Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық әріптес. Екі ел арасындағы та­уар айналымы ондаған миллиард долларға жетіп отыр.

Әрине, энергия ресурстарын (мұнай, газ, көмір) және металдарды (титан, алюминий, мыс, никель, палладий, темір кені), жоғары технологиялық тауарларды (микросхемалар, компьютерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету, жартылай өткізгіштер), жасанды интеллект пен роботтехникамен, авиациямен байланыс­ты тех­нологияларды жеткізу тоқтаған кезде жұ­мыс істеу қиын. Десе де, Қазақстан би­лігі ел үшін, отандық кәсіпорындар үшін жаһандық процестердің ықпалын жұмсартуға күш салып жатыр. Біздің сала да әріптес елдердің барлығымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңей­туге ұмтылатын болады және әзірше бұл біздің қолымыздан келіп тұр. Ұлттық ста­тис­тика бюросының дерегінше, осы жыл­дың 7 айында Қазақстан мен Ресей ара­сынд­ағы тауар айналымы 13,7 млрд дол­ларды құраған. Бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңіндегі көрсеткіштен 7,8 па­йыз­ға жоғары. Өсім экспорт (6,3 пайыз­ға ұлғайды) есебінен қалыптасып отыр. Сол секілді біздің басқа елдердегі серік­­тес­тері­мізбен де қа­рым-қатына­сымыз жақсы. Өзара мүд­делі­лік бар. Сырттағы байырғы әріп­тес­­­тері­­міздің қиындықтарды бастан өтке­­ріп отырғанына қарамас­тан, біз әлі де бірлесіп, экономи­ка­лық өзара іс-қи­мы­­лы­мызды жалғас­тыру жолдарын іздеп жа­тырмыз. Өйткені бұл – бизнес. Сон­дық­тан оны басқаша қабылдамау керек.

– Машина жасау – ауқымды сала. Оның үлкен бір тармағы темір жолмен байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Машина жасау саласы дамыған елдердің экономика­сы­ның индустрия­лық қуатының өзегі екенін атап өткім келеді. Дәл осы салада экономиканы әрта­раптандыруға мүмкіндік беретін технологиялық күрделілік қалып­тасады. Экономика сала­ларының барлығын дамыту үшін өндіріс құралдары құры­лады. Мәселен, машина жасау саласы Қазақстанда 37 кіші саланы қамтиды және өнеркәсіптің ең күрделі әрі сара­ланған саласы болып саналады. Мыса­лы, сіз айтқан темір жол машинасын жасаудың сала өндірісінің жалпы көле­міне қосқан үлесі 12 пайызға тең. Былтыр темір жол машинасын жасаудағы өсім 73 пайызға жетіп, 286 млрд теңгені құрады. Сектордағы оқшаулаудың орташа деңгейі 50 пайыздан жоғары.

2010-2020 жылдардағы Ин­дус­трия­ландыру кезеңінде темір жол машинасы саласында «Тұлпар-Тальго» вагон жасау зауыты, Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз құрастыру зауыты және «Проммашкомплект» іске қосылды. Олар жоғары техноло­гиялық өнімдер шығарады әрі экспорттайды. Біздің елге бұл бағытта жұмыс істейтін General Electric, General Motors, Alstom, JAC, «КАМАЗ», «Трансмашхолдинг» секілді трансұлттық компания­лар келді. Қазақстанда электровоздар, жолаушылар және рефрижераторлық вагондар, темір жол дөңгелектерінің жұптары мен осьтер шығару жолға қойылған. Рельсті бекіту элементтері мен бағыттамалы бұрмалар, ұзындығы жоғары рельстер және басқа да жиынтықтар өндіріледі.

Қазақстанның географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті, темір жол машинасын жасау нарығындағы артып келе жатқан сұраныс, жүргізіліп отырған индустрияландыру саясаты отандық темір жол машинасын жасаудың қалып­тасуы мен серпінді дамуы үшін синер­гетикалық әсер берді. Теміржол жыл­жымалы құра­мының паркінде 1 800-ден астам локомотив, 139 мың жүк вагоны және шамамен 2,6 мың бірлік жолаушылар вагоны бар. Олардың тозу деңгейі 46 пайызға тең. Бұл темір жол саласын да, сол сияқты темір жол машинасын жасауды да одан әрі дамыту үшін базалық алғышарттар болып саналады. Сондықтан Қазақстанда темір жол машинасын жасауды дамытуды және перспективалы жаңа жо­баларды іске асыруды қолдау жал­ғасады деп сеніммен айта аламын.

– Жалпы, салада жедел шешуді қажет ететін қандай проблемалар бар?

– Әрине, қол жеткізілген нәтижелерге және дамудың жалпы оң серпініне қара­мастан, салада машина жасауды тиім­ді да­мытуға кедергі келтіріп отыр­ған тежеуші факторлар да бар. Соның негізгі аспектілеріне тоқта­лайын. Біз шикізат пен жиын­тық­тауыштардың импортына қатты тәуелдіміз. Өйткені өзімізде база­лық дайындау өндірістері жоқ. Мәселен, елдегі жалпы импорттың шамамен 17 млрд теңгесі машина жасау саласына тиіп отыр. Бұл – елдегі жалпы импорттың 45 пайызы, ал өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың 52 пайызы. Соңғы 10 жыл ішінде металл өнімдерінің импорты 2 есе, жылына 1,2 млн тоннадан 2,4 млн тоннаға дейін өсті. Сонымен қатар былтыр болат прокатының бағасы бірден 60-80 пайызға ұлғайды. Машина жасау өнімінің өзіндік құнындағы металдардың үлесі 30-60 пайызды құрайды. Алайда қазіргі күні біздің металлургтер машина жасау кәсіпорындарын қажетті металл өнімдерімен толық қамтамасыз етпейді.

Сонымен қатар әлемдік нарық­та машина жасау өнімдері­нің 2 млрд долларға азайғаны байқалып отыр. Өйткені машина жасау саласындағы дайын өнімді экспорттауда кедергілер бар. Мәселен, қосылған құн салығын қайтару ұзақ уақытты алады. Сондай-ақ бізде қолайлы шарттар бойынша экспорттық қаржыландыру ұсынылмаған. Саланың негізгі қорлары жаңартуды қажет етеді. Машина жасауда жабдықтың тозуы 52 пайызды құрап отыр. Оларды реттеу үшін кредит керек. Ал кредиттің мөлшерлемелері тым жоғары. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 млрд долларға жуық қаражат жетіспейтінін айтты. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Қолжетімді қаржы ресурс­тарының жетіс­пеушілігінен өңдеу өнеркәсібі кәсіп­орын­дарының жүктемесі 50 пайыздан ас­пайды. Сала кәсіпорындары жеңіл­детіл­ген қаржыландыруды қажет етеді.

Бұл ретте орын алған про­блема­ларды шешіп, өңдеу өнер­­кәсібі мен машина жасау­ды дамыту үшін Мемлекет бас­шысының тапсырмаларына сәйкес, Қазақстан машина жасау­шылар одағы Үкіметпен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндіруші­лерді қолдау бойынша тұрақты және жүйе­лі жұмыс жүргізуде. Айта­лық, индуст­­риялық сертификаты бар отан­дық тауар өн­дірушілерге бірқатар басым­­дық беріл­­ді. Машина жасау өнімін экс­порт­тау­­шы кәсіпорындарға қосылған құн салы­ғын қайтарудың оңайлатылған теті­гі әзір­ленді. Енді заңнамаға және нор­ма­тив­тік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі.

2022 жылдан бастап елде өндіріл­мейтін технологиялық жабдықтың импортына есепке алу әдісімен қосылған құн салығын төлеу жеңілдігі 3 жылға ұзартылды. Биылғы ақпаннан бас­тап шетелдік өндірушілерден мемлекет мұқтажы үшін лифтілер, трансформаторлар, автобустар, газ, сұйық­тық және электр энергиясын есептеуіш­тер сатып алуға екі жылға тыйым салынды. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 пайыздан аспайтын мөлшер­леме бойынша өңдеуші өнеркә­сіп жо­ба­ларын несиелеу құралы енгізілді. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қосымша мемлекеттік қаржыландыру қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылға – 285 млрд теңге, 2023 жылға 135 млрд теңге қарастырылды. Отандық тауар өндірушілердің биржалық сауда-саттыққа қолжетімділігі кеңейтілді. «Тауар биржалары туралы» Заңға биржалық емес та­уарлар саудасы­ның жаңа тәртібі, отандық тауар өндіру­шілердің сауда-саттығына қатысуына делдалдарсыз тікелей қол жеткізу бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ базалық өндірістер құру, жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру бағытында мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Біздің одақ мүдделі тараптармен бірлесіп экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу жұмысына белсенді араласып отыр.

– Алда қандай мақсат-міндеттер тұр? Жоба-жоспар­лармен бөлісе отырсаңыз.

– Одақ саланың және отан­дық өндіру­шілердің бәсекеге қабілеттілігін дамы­туға, арттыруға одан әрі жан-жақты жәр­дем­десуді көздеп отыр. Машина жасау саласы – экономиканың негізгі драйвері. Жаһандық сауданың 40 пайызы осы саламен тікелей байланысты. Сондықтан біз өз кәсіпорындарымызға ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарық­та да өз орнын табуға көмек­тесу үшін нақты міндеттер қойып отырмыз. Мемлекет те ел мен қоғам­ның орнықты дамуына тікелей бай­ланысты машина жасау сияқты жоғары технологиялық салалардың дамуын қолдауды жалғастыруы керек. Егер назардан тыс қалып қойса, мұның салдары бірден байқалмақ. Бұл эконо­микалық базаның беріктігінің төмен­деуіне, экономиканың сыртқы күйзе­ліс­терге төтеп бере алмауына, жұмыс­пен қамту дең­гейінің төмендеуіне, макро­эко­но­микалық тұрақсыздыққа және аза­мат­тарымыздың әл-ауқатының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сол себепті әлемде жергі­лікті өндіру­шілерге деген қолдау ерекше.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерін шешу бізден машина жасау саласын одан әрі дамытуға деген кешенді көзқа­расты талап етеді. Біз бұл мәселені келесі ұрпаққа қал­дыра алмаймыз. Лайықты болашақ біздің бір­лес­кен күш-жігеріміз бен бүгінгі нәтижелі жұмысымызға тікелей байланысты. Қазіргі жағдайлар мен сын-қатер­лер отандық машина жасауды озың­қы әрі сапалы дамыту үшін жаңа тә­сілдер мен жүйелі шешімдер әзірлеу­ді талап етеді. Сондықтан саланы дамыту бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тың тиімділігін арттыратын, жаңа сер­пін беретін бірыңғай және кешенді саясат қажет. Онда инвестициялар тарту­ға, өнді­рістік және экспорттық мүмкіндік­терді дамытуға, ойластырылған сау­­да саясатына, ішкі нарықты қорғау (техникалық реттеу) арқылы отандық өнім үшін өткізу нарықтарын кеңейту саясатына айырықша мән берілуі керек. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет және бұл тиісті мәртебесі бар құжат шеңберінде ғана жүзеге асырылуға тиіс.

Біз қазіргі уақытта Үкіметпен отан­дық машина жасау саласын дамыту жөнін­дегі кешенді жоспарды әзірлеу мәселе­сін пысықтап жатырмыз. Саланы дамытудың мұндай тәсілі саланың өндіріс көлемі мен экспортын бірнеше есе ұлғайтуға, отандық кәсіпорындардың өндіріс көлемі мен экспорттық түсімін ұлғай­ту есебінен салық салынатын база­ның өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»