Пікір • 23 Қыркүйек, 2022

Жаңа Қазақстанда – жаңа сайлау

829 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылды жаңадан сайланған президентпен аяқта­ғалы отырмыз. Негізі, сайлау өтетіні туралы кейбір сарапшылар ашық айтып та жүрді. Ондай болжам жасауға саяси-әлеуметтік оқиғалардың себеп бол­ғанын жоққа шығара алмаймыз.

Жаңа Қазақстанда – жаңа сайлау

«Кезектен тыс президент сайлауы неге қазір жария­ланды?» деген сұраққа келсек, бұл мәселенің тамырына терең үңілу қажет. Себебі оның саяси мәні аса зор. Бұған дейін елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізі екі Жолдауда ашық айтылды. Оны көкірегі ояу, көзі ашық қоғам көріп, біліп отыр. Бұған қоса, Ата Заңымызға өзгерістерді референдум арқылы бекіттік. Енді «Осы реформаларды халық қолдай ма?» деген сұрақ туындайды. Ал бұл үшін сайлау керек.

Мұның сыртында тағы бір қауіп бар. Атап айт­қан­да, саяси қауқарынан айырылып, экономикалық әлеуеті шектеліп жатқан күштердің ел тұтастығына сына қағу мүмкіндігі. Бұдан бөлек, сыртқы дүние де тыншымай тұр. Жалпы, салмақтап, саралап қарасақ, осы жыл еліміз үшін өте күрделі кезең болды. Осының барлығы президент сайлауын жариялаған Мемлекет басшысының логикасын түсіндіріп береді.

Президент сайлауынан соң Парламент сайлауы бар. Мәжілісте жаңа есімдерді көреміз деген үміт бар. Жаңа адамдар, жаңа леп келіп, Парламенттің ықпалын күшейткені дұрыс. Жаңарған Парламент Үкіметке де тың серпін әкелері анық. Осылайша, Президент, Парламент, Үкімет қайта түлеп, реформаларды іске асыруға бел шеше кіріспек. Сенім мандатына ие болған соң реформаларды алаңсыз іске асыруға да мүмкіндік туады.

Қоғамның күтетіні – әділ сайлау. Ертең үміткерлерді тіркеу басталады. Бірақ, сайлауға қатысу үшін қаржылық, әлеуметтік, интеллектуалдық әлеует керек екенін еске­руіміз қажет. Танымалдылық та керек. Үміткердің беделі, айқын бағдарламасы болуы тиіс.

Бұл сайлау «Жаңа Қазақстан» деп аталған дәуірдегі жаңа сайлау болмақ. Осы сайлаудан бастап, президентті тек бір мерзімге сайлаймыз. Сондай-ақ жаңа сайлау бюллетенінде «барлығына қарсымын» деген баған енгізіледі.

Сайлау өткізілген сайын ел дүрлігеді. Бұл – қа­лыпты құбылыс. Ең бастысы, әлемдегі ахуал күрде­леніп, қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған қазіргідей уақытта осындай саяси іс-шаралар мемлекеттігімізді бекіте түссе дейміз.

 

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі