Саясат • 28 Қыркүйек, 2022

Әділ қазы – қоғамның құты

512 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекетте әділетті қоғам құрудың негізгі шарты – сот төрелігінің әділ болуы, адамдарды мансабына, байлығына, шыққан тегіне қарап алаламауы. Сондықтан демократияның даңғылына түскен елдер сот қызметіне ерекше мән береді. Қазақстанда да бұл салаға қатысты бірқатар жаңашылдық енгізілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет екеніне тоқталды.

Әділ қазы – қоғамның құты

«Қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен барлық судьяның мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», деді Президент.

Осылайша, алдағы уақытта көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгермек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынды. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізу қарастырылмақ. Мұн­дай бастама жүзеге асқан жағ­дайда Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынады.

Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес судьялар тәуелсіз әрекет етеді. Ата Заңымыздан бастап бірқатар негізгі заңнама бұған кепілдік береді. Судья төрелік етер кезде Конституцияға бағынып, тәуелсіз қазы ретінде іске соңғы нүктені ешкімнің ықпалынсыз өзі қояды. Сәйкесінше, сот төрелігін жүр­гізу кезінде судьяның жұмысына ара­ла­суға қатаң тыйым салынып, оның соңы жауаптылыққа әкеліп со­ға­ды. Дегенмен судьялардың ше­ші­міне мүдделі топтар әрдайым ықпал етуге тырысатыны белгілі. Осыған бай­­ланысты Президент Қ.Тоқаев атал­ған салаға мықты заңгерлерді тар­­ту үшін материалдық жағдай жа­­сау­ды, судьялардың дербестігін арт­­­тыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәр­­­те­бесін нығайтуды ұсынып отыр.

«Судья болуға үміткерлерді даяр­лау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәсе­лесімен де осы мекеме айналы­са­ды. Бұл мемлекеттік орган нақ­ты кадр­лық функциялары бар толық­қанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі», дейді Қ.Тоқаев.

World Justice Project халықаралық ұйымы анықтайтын «Сот тәуел­сіздігі» индексіне сүйенсек, Қазақ­станның сот жүйесі 139 елдің ішінде 66-орында тұр. Яғни тізімнің дәл орта тұсына жайғасқан. Осы орайда судьялар қаншалықты әділ шешім шығарады, мүдделі топтар ықпал етпей ме деген сауал туындайтыны рас. Әрине, заң бойынша сот ісіне кедергі келтіруге Қылмыстық кодексте жаза қарастырылған. Бірақ судьялар арасындағы жемқорлық, сот ісіне қатысты біржақты шешім шығару әлі де кездеседі. Мәселен, кейінгі 5 жылда Фемидаға ант берген 17 судья жауапқа тартылған.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңында судья тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін екені айтылған. Судьяға сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн, судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылық белгіленуі мүмкін.

Сонымен қатар құжатта судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту судьяның жауаптылығына әкелмейтіні де қарастырылған. Судья қатесі деп материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбау әрекеті есептелінеді. Бұл, бір жағынан, әлемдік тәжірибеде бар, қалыпты норма болғанымен, таяқтың екінші ұшы бар. Судьялар шығарған шешіміне жауап бермей­тіндіктен, кей жағдайда бұра тартуы ықтимал екенін жоққа шығару қиын.

Мемлекет басшысы Жолдауда осы мәселеге назар аудара отырып, күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс деп мәлімдеді. Президенттің айтуынша, судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Бірақ судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігі артпақ. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеріп отырады.

«Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. Апелляция институтын реформалау қажет. Істер бірінші саты­дағы сотқа қайтарылмай, нақты мән-маңызы бойынша шешім  шыға­рылуы керек.

Әкімшілік әділеттің қолданылу аясын да кеңейту қажет. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мемлекеттік органдар­мен арадағы азаматтық-құқықтық дау­лардың Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекспен реттелуі отандық сот төрелігін барынша ізгіленді­ріп, әділдікке бастайды. Сонымен бірге аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мәселесін пысықтау керек», деді Қ.Тоқаев.

Әрине, сот жүйесі саласында ат­қарылып жатқан жұмыс жетер­лік. Нәтиже де көзге анық байқа­лады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін деректерді сөйлетейік. 2021 жылы аудандық соттардың судья­лары шамамен 5 мың шешім шығар­ған. Яғни бір судьяға күні­не 3 ше­шімнен келеді. Соның 8 па­йызы (420) облыстық сотқа ша­ғым жасаған. Яғни қабылданған шешім­дердің 92 пайызына тараптар келіскен.

Дегенмен мұның бәрі қоғамдағы судьяларға сенімді қалыптастыра алмай отырғаны да шындық. Ол былай тұрсын, заңның кей баптары түрлі мағынада қабылданып жатады. Мұны тілге тиек еткен Президент мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларын да ретке келтіретін кез келгенін атап өтті.

«Егер екі министрлік заң нормаларын әртүрлі түсінсе, ондай мәселені Үкімет түпкілікті шешуге тиіс. Дәл осындай тәсілді мемлекет­тік органдардың мемлекеттік ұйым­дар­мен арадағы дауларына да қатысты қолдану қажет. Түрлі өңірде ұқсас істер бойынша әртүрлі шешім қабылданатын жайттар жиі кездеседі. Қазір цифрлық талдау жасайтын құрал әзірленуде. Сол арқылы сот төрелігін атқару ісін біріздендіруге мүмкіндік туады. Жоғарғы Сот осы интеллектуалды жүйені толық  енгізуді тездеткені жөн», деді Қ.Тоқаев.

Қорыта айтқанда, сот жүйесі­нің жетістіктері аз емес. Бірақ атқарылатын шаруа да шаш етектен. Қазіргі таңда жиі айтылатын Әділетті Қазақстан құрудағы басты мәселе де сот төрелігіне байланысты. Сондықтан халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» қағидасы әрдайым сақталуға тиіс.