Әдебиет • 03 Қазан, 2022

Гүл – сұлулық пен ізгілік рәмізі

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кең байтақ қазақ поэзиясында гүл туралы тұңғыш өлең жазған ақын кім екен деп ойға қаласың кейде. Абай бастаған берідегі ақындардың қай-қайсысынан болсын кездестіреріміз анық-ау. Біздің даланың топырағы ұлы, тамыры терең болмаса Абай қайдан шықты деген сұрақ көлденеңдейді. «Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл, сипаттауға қызығын жетпейді тіл» (Біржан сал) дейтін жолдар да жоқтан туа сала ма? Қайткен күнде қазақ топырағына біткен құнардан өнген өлең-жырдың тамыры тым-тым тереңде екені талас тудырмайды.

Гүл – сұлулық пен ізгілік рәмізі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Түркі халықтарының ұлы ақыны Әлі­шер Науаи айтты дейтін сөз бар. «Ең бірінші қызды гүлге теңеп жазған ақын – нағыз ақын» деп. Расында алғаш сұлуды гүл деп жазған ақын қай уақытта өмір сүрді екен. Біздің дәуірімізге дейін салтанат құрған өркениеттің перзенті болуы да ғажап емес қой. Гете «Жиһанкездің түнгі жырын» біздің заманымызға дейін өмір сүрген көне грек ақыны Алкманға еліктеп түсірген деседі. Ал Гетеден Лермонтов арқылы тәржімелеген ұлы Абайдың аудармасы Алкманның жырымен үндес көрінеді, ақын Ерлан Жүністің айтуынша. Абай Алкманды білген шығар, бірақ шығармасын оқып аударды деп айта алмаймыз. Сұлуды гүлге, гүлді сұлуға теңеген өлеңдер де тап осылай мыңжылдықтардан бері келе жат­қан болуы әбден мүмкін деп білеміз.

Алысқа бармай-ақ Ғафу Қайырбе­ковтің мына өлеңіне көз жүгіртуге болады.

«Қалайын бір тыныстап, жазшы, құрбым, жақсы өлең. Тұрсың қызыл гүлге ұқсап, Жыр асып па нақ сенен» дейді. Бұл – бас-аяғы төрт-ақ шумақ өлең. Қызға да, гүлге де, жырға да, жас өмір­ге де қарата айтылғандай сезіледі. Өйт­кені соңғы шумағында «өлеңімнен жымиып, қыздың өзі қарап тұр» деп әдемі түйіндейді.

Сағи Жиенбаевтың «Гүл» деген өлеңі оқиғаға құрылған. Сәл ұзақтау, баллада деуге келетін сияқты. Бірден баурап алатын гүлдей өлең. Мектепке барған бала ақын сыныптағы парталас қызды ұнатып жүреді. Сосын бір күні соған арнап қаптатып гүлдердің суретін салып, қызға көрсетеді. Ол «жақсы екен гүлің» деп қызарақтап суретін ала жөнеледі. Ертесіне кәдімгі гүл әкеп, білдірмей сөм­кесіне салып жібереді. Келесі күні қараса:

«Көңілге неше ой алып, жасырын бір сыр ұққандай. Кешегі гүлдің бояуы, бетіне қалқып шыққандай. Діріл де бар ма сәл ғана, жүзіне балғын нұр қонып. Бүршігін ашқан жап-жаңа, қалыпты бір шоқ гүл болып» дейді. Содан кейін «ойнамай кетті менімен» деп «ренжитіні» бар ақынның. Аталған екі өлең де гүлдің әсемдігін қыздың бойындағы сұлулық арқылы, қыз бойындағы әсемдікті гүлді айту арқылы барынша образды, нанымды жеткізген.

1960 жылдары туып, ерте қайтса да қазақ поэзиясында қолтаңбасын қал­дырып кеткен Бауыржан Үсеновтің «Гүл туралы шумақтары» тіптен өз­геше. Алдыңғы өлеңдердің дамып, күр­­де­ленген түріне балар едік. «Ойлап тұр­­саң, егіз тағдыр – қыз бен гүл, бақ пенен сор майшам алып іздеп жүр» деп бір-ақ кеседі.

«Әдемі гүл үзіледі ертерек,

Соған бәрі жүгіреді ентелеп.

Көбелек те, ара да,

Мал атаулы жайылатын далада.

Зұлымдықпен шығып жүрген атағы

Жыландар да гүлге оранып

жатады»

дейді ақын. Мұнда гүл арқылы сұлу­лықтың тағдыры кейіптеледі. Гүлдей сұлулықпен қасіретті, гүл сұлулығының қасіретін жырлау бір жағынан ғажап сезілгенімен, екінші жағынан қайғы ойлатады. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» деген халық мәтелінің өзі қарапайым болып қалады бұдан кейін. Мұнда гүлді сұлулық, жастық, ізгілік дей бер – бәріне сыйымды. Сұлулық солай бола тұра қасірет шексін деген заң жоқ қой.

«Саудаға да түсіп жатыр сорлылар,

Қурап қалса күлге тастап қор қылар.

Бар айыбы – болғандығы әдемі,

Нәзіктігі һәм бояуы, бәдені»

деп бір кетеді де ғаламат суреттер салады ақын.

Үлкен, ғаламдық тақырыпты қоз­ғау үшін алпауыттар туралы әңгіме айту­дың қажеті жоқ. Адамзат басынан ке­шірген мұң мен наланың бәрі оның гүл­дей нәзік әлемін таптап жайратуға тырысқанымен, Тәңірінің қалауымен, әлде өзінің ерік-жігерінің арқасында әлгі қасиеті қайта көктеп шығатын се­кілді. Гүл төркіндес сұлулықтың артық­шылығы да сол шығар. Жүрегі гүлдей нәзік жаратылыстың мына дүниенің ауыртпалықтарын арқалап өмір сүруі неткен азап десеңізші?! Өз ішінде сан жайрап, сан рет қайта өніп шыққан сезімдер күрескер рухқа – мәңгілік уақыт гүліне айналып шығатыны туралы аңыздар­дың бірнеше нұсқасы бар. Қылдан жіңішке, қылыштан өткір рухтың бір сипаты сұлу­­лық деп ойлаймыз. Сондықтан сұлу­лық нәзік көрінгенімен, ерлік пен кемең­герлікті оятуға келгендей сезіледі, кейде.

«Ей, көбелек, қызыл-жасыл

қанатыңды бұлдама,

Көбелек қып жүрген сені гүл ғана.

Ұйпалақтап ауыстырып сан гүлді,

Қонышынан басып жүрсің

тағдырды...»

деп табиғатты суреттеу арқылы автор адамзатқа ой салады. «Көбелектей ұшып-қонған күндер-ай...» деп тұрлаусыз сезімдерге опынады. Сөйтеді де, бақ пен сордың майшамын тұтатып қояды. Қайсысына қонам десеңіз, өз еркіңізде.