Қазақстан • 04 Қазан, 2022

Елімізде орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады — Әлихан Смайылов

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Елімізде орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады — Әлихан Смайылов

Ішкі істер министрі Марат Ахметханов жыл басынан бері елімізде апаттар бойынша барлық көрсеткіштердің өскенін айтты: ЖКО (9 429), қаза тапқандар (1 478) және жараланғандар (12 394) саны артты. Талдау жұмыстары автомектепте оқымай, көлік айдауды «өз бетінше үйренгендер» адам өліміне алып келетін ЖКО-ның 50%-на жауапты екенін көрсетіп отыр.

Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жолдар аса қауіпті. Аталған өңірлерге Қазақстан бойынша барлық ЖКО-ның 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы тиесілі. Жалпы есепті кезеңде полиция 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісінің жолын кесті, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.

Министр техникалық тексеру орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін тексеруден өту туралы жалған талондар беріле бастағанын атап өтті. Мәселен, 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды.

Баяндамашының айтуынша, бірқатар өңірде жол қоршаулары мен жарық орнату, жерасты және жер үсті жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша жұмыс әлсіз жүргізіліп жатыр, бұл апаттар көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар ел аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу камералары жеткіліксіз.

Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов баяндама жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингте 107-орында тұр: дамыған елдерге қарағанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. 

«Жалпы біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі: 8 айда жол апаттарының саны 14%-ға, қаза тапқандардың саны 18%-ға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы елімізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін атап өтті. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. 

«Әрине, мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілерді даярлау сапасы да күмән тудыратынына назар аударды. Үкімет басшысының ойынша, автомектептер жұмысындағы тәсілдерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, лицензия берілмейді. 

«Көлік жүргізуге арналған автодромдар жеткіліксіз. Әкімдіктер бұл мәселені бизнеспен бірге қарауы тиіс», — деді ол. 

Әлихан Смайылов мектептерде балаларға жол жүру ережесі оқытылмайтынын және автокөліктерді техникалық тексеру сапасына қатысты сұрақтар көп екенін айтып өтті. 

Осыған орай Үкімет басшысы жол апаттарының көбеюіне қатысты жан-жақты талдау жүргізуді, жол апаттары жиі болатын учаскелердегі қозғалысты қадағалау жұмыстарын күшейтуді, қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау бойынша қосымша шаралар қабылдауды, жолдағы камераларды көбейтуді тапсырды.

Одан бөлек, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне көлік құралдарын техникалық тексеру сапасын тиімді бақылау тетігін жасау, жолдардың жай-күйін бақылауды күшейту, ал Әділет және Ішкі істер министрліктеріне сапасыз жүргізушілерді даярлайтын автомектептердің жауапкершілігі мәселесін қарау тапсырылды.