Қоғам • 07 Қазан, 2022

Барымтаға – «қарымта»

450 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды аймағында барымтамен байы­мақ болғандардың «қарымтасы» дайын. Ұры­лар­дың жолын блокбекет кеспек. Арнайы топ күні-түні күзететін бекет күз түсе кү­шейе­тін мал ұрлығының алдын алмақ.

Барымтаға – «қарымта»

Топтың құрамында криминалдық полиция, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері бар. Осындай 18 блокбекет Қарағанды облысы аумағынан өтетін рес­­пуб­ликалық маңызы бар және облыстық тас жол­дар­дың бойында орналасқан.

– Өздеріңізге белгілі, қазір соғым уақыты жа­қын­дап келеді. Бұл кезде барымташылардың да халықтың малына тыныштық бермейтіні анық. Солардың кесірінен төрт түлігін бордақылап  отырған қарапайым қожалық иелері жапа ше­геді. Нақты мысал келтіре кетейін, өткен ап­тада ғана осы тас жолда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ешқандай құ­жатсыз 6 жылқыны әкетіп бара жатқан авто­көлікті тоқтатты. Тексере келгенде жыл­қы­лардың жайылымнан ұрланғаны анықталды. Кү­дікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Қарағанды облыстық полиция департаменті бас­пасөз қызметінің мәліметінше, облыс аума­­­ғын­да жыл басынан бері мал ұрлығына бай­­ланысты 47 дерек тіркеліп, 22 қылмыс ашыл­ған.

«Сонымен қатар тұрақты түрде мал ұрлы­­ғы­мен айналысқан екі қылмыстық топ ұс­тал­ды. Барымташылардың 14 қылмысқа қатыс­ты­­лығы анықталып, қазіргі уақытта іс сотқа жі­бе­рілді», дейді Қара­ғанды облыстық полиция де­партаментінің баспасөз қызметі.

 

Қарағанды облысы