Сұхбат • 26 Қаңтар, 2023

Жұмағали Исмаилов: Осы бюджет, осы жүйемен де талай мәселені шешуге болады

599 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өткен жылы Есеп комитеті 2019-2021 жыл аралығында жалпы денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаражатына аудит жүргізгенде, орасан ақшаның орынсыз жұмсалғанын анықтады. Таяуда Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында да денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың тиімсіз жұмсалатыны сөз болды. Өзектілігін жоғалтпай отырған осынау мәселеге орай, «International Academy of Medicine&Sciences» ЖШС бас директоры, профессор, дәрігер-хирург Жұмағали Исмаиловпен сұхбаттастық. Өйткені бұл команда бірнеше жыл бұрын қарызға белшесінен батқан Алматы облыстық ауруханасын шетелдік инвесторлармен бірге басқаруға алған еді.

Жұмағали Исмаилов: Осы бюджет, осы жүйемен де талай мәселені шешуге болады

– Жұмағали Қазыбайұлы, бұрын 891 млн теңге қарызға батқан, бүгінде «Inter­national Academy of Medicine & Sciences» атауына ие болған аурухананы аралап шықтық. Өте көп жұмыс атқарылып жатқанын көріп отыр­мыз. Тығырықтан шығу үшін инвес­тор­лар тартып отырсыздар. Дегенмен мұның өтеуі қандай болады?

– 2020 жылы біз осы аурухананы конкурсқа қатысып, жеңіп алып, тиісті келі­сімшартқа қол қойдық. Облыстық ауру­ханаға инвентаризация жасап қара­сақ, мәселелері шашетектен екен. Ең бас­ты мәселе – кәсіпорынның 891 млн теңге қарызы бар болып шықты. Қарыздан құтылудың төте жолы шетелдік инвес­торларды тарту болды және табысты көтеру үшін бірінші кезекте негізсіз шығындарын азайтуды көздедік. Бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, бізге инвестор шақыруға болады. Әрі бұдан керемет пайда көреміз деп отырған инвесторлар жоқ. Аурухананы клиникалық база әрі халықаралық медициналық мектеп ретінде жұмыс жүргізуге негіз болатын ұйымға айналдыруға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз да – сол. Екінші жағынан, кәсіби деңгейімізге сенім арттық. Менеджментті көтеріп, аяқтан нық тұра алсақ, аурухана сапасын ұлттық стандарттарға сай етсек, қалған қиындықтарды жеңуге болады. Ең алдымен, аурухана халықаралық стандарттарға сай болуы үшін ескі құ­рал-жабдықтарды жаңарту маңызды болды. Сондықтан біз ғимараттың жо­ба­лық құрылымын қайта әзірледік. Шетелден арнайы консультанттар ша­қырып, болашақта халықаралық стандарттар үдесінен шығу үшін аккредитациядан өтуді жоспарлап отырмыз. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Алматы сияқты мегаполистің іргесінде тұрған бұрынғы облыстық аурухананың ұлттық аккредитация­дан өтпегені, қарызға әбден батып, медициналық кадрлары да жоқтың қасындай болғаны қазір құпия емес. Осындай жағдайға қалай жеткен?

– Дәрі-дәрмек, медициналық аппараттар тапшы, тағы басқа да қарыздары өте көп екен. Әсіресе 2018-2020 жылдары қарызға батпандап кірген. Әрі қарай осы деңгейде кете берсе, банкрот болудың сәл-ақ алдында қалған. 400-ден аса орынға арналған аурухананың жағдайы тіптен мүшкіл халге түсіпті. Көпсалалы аурухананың жұмысын алға ілгерілету, жұмыскерлеріне жалақы беру, оны әрі қарай дамыту – аз жұмыс емес. Бастысы, біз бүгінде бұл аурухананың қарызын өтедік. Бұл қиындықтан қалай шықтық? Біріншіден, дұрыс менедж­мент қалыптастыра білдік. Екіншіден, сапасын көтердік. Ең қызығы, өзіңіз айтып отырғандай, аурухана бұған дейін ұлттық аккредитациядан өтпеген. Ол дегеніңіз – медициналық қызметі ұлттық стандарттарға сай емес деген сөз. Қазір ол өз тарихында тұңғыш рет 1 категория­лы санатқа көтерілді.

– Сіздің пайымыңызға салсақ, бі­лікті дәрігерлер даярлауда үздік маман­дарды қайта оқыту әлдеқайда ар­занға түседі. Сонда жас мамандар не істейді?

– Егер тәжірибе жинақтап келе жатқан 10 дәрігерді қайта даярлағанда оның 7-8-і қабілетін, жаңа технология­ларды игергенін және оны практикада қолдана алатынын дәлелдей алса, денсаулық сақтау саласы да алға жылжиды. Керісінше 10 дәрігердің 2-3-і ғана білікті болса, ол елдің билігі де медицинасы да ойлануға тиіс. Әрине, пандемия ушығып тұрған кезде кадр жетіспеушілігін айтпағанның өзінде, мамандығынан бас тартқан дәрігерлер де болды. Қазір де медицина саласының нағыз майталмандары, аса білікті дәрі­гер­лер аз. Ең алдымен кадр даярлайтын мамандардың сапасын арттыру маңызды. Жоғары оқу орындарында медициналық білім беретін мұғалімдер кімдер? Олардың деңгейі қандай? Олар сапалы кадр даярлауға әзір ме? Осы жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Сапасы, деңгейі, қабілеті, тәжірибе алмасудағы құзыреті қандай? Ғылыми жұмысының деңгейі, педагогикалық әдістемесі қандай, осының бәрін зерделеген жөн. Мықты кадр жоқ десек, онда сапалы кадрлар даярлайтын білікті адамдар жоқ деген сөз.

– Өзіңіз білесіз, мемлекет-жеке­меншік серіктестік деген бар. Бірақ ел тиісті ақысын төлесең, дұрыс ем­дейді деген үмітпен жекеменшік емха­наға қаралғысы келіп тұрады. Қазір дәрігерлер мен мұғалімдерге мем­ле­кет­тің беті бері бұрылды. Ендігі жерде мемлекет-жекеменшік серік­тестік дегенді қалай жолға қоюға болады?

– Халықаралық тәжірибеде бюджет тапшылығы жағдайында инвестиция тарту, жеке менеджмент енгізу – тиімді шешімдердің бірі. Бірақ Қазақ­станда осының толық зерделеніп қандай нәтижеге жеткеніміз жайлы ақпараты жоқ. Қанша медицина ұйымы, қанша жеке серіктес, кімдер, қанша көлемде инвестиция салды-алды, қандай мәселелер шешілді, ұйымдардың қазіргі жағдайы, сондай сұрақтар көп. Бір сөзбен айт­қанда, Ұлттық деңгейде сараланған жоқ. Жекеменшік медициналық ұйым­дар­да менеджмент жақсы жолға қойыл­ған. Олар қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға ұмтылады. Соның нәти­жесінде жақсы кадр таңдауға және олардың әрі қарай дамуына қажетті деңгейде жақсы жағдай жасап отыр. Біліктілік тестінен жиі өтеді. Шетелдерге тәжірибе алмасуға жиі барады. Сон­дықтан олар пациенттерге де жақсы қарайды, дұрыс емдейді. Ал мемлекеттік медициналық ұйымдарға шағым неге көп? Біріншіден, дәрігерлердің білік­ті­лігі. Екіншіден, науқастардың аз-көптігі. АҚШ-та жасалған бір зерттеуді мысалға келтірейін. Құрылымы, науқастардың саны, кадрлық құрамы бірдей екі аурухананы салыстырып көріпті. Бір клиникада арыз-шағым деңгейі екіншісіне қарағанда жоғары. Неге? Олар зерттей келе, бір нәрсеге тоқталыпты. Сөйтсе, арыз-шағымы аз аурухананың дәрігер­лері науқастармен қарым-қатынас жа­сауға көбірек уақыт бөледі екен. Көр­діңіз бе? Емделушімен жұмыс істеуде коммуникацияның да әсері мол. Сон­дық­тан науқас пен дәрігердің арасында жақсы қарым-қатынас маңызды рөл атқарады.

– Аурухана, емдеу мекемелерінің өзін әлеуметтік жоба деп танитын бол­сақ, мұндай жағдайда мемлекет қан­дай стандартқа көшкені дұрыс?

– Мемлекет Конституцияда көрсетіл­ген өзінің әлеуметтік функция­сын атқаруға тиіс болғанымен, нарық­тық экономика болған соң, оның өз заң­да­ры болады. Қазір елімізде меди­ци­налық қызметтің жүйелі жұмыс іс­теуіне бағытталған МӘМС бар. Бірақ бұл жағдайда да түйткілді дүниелер баршылық. Жекеменшік мекемелердің көбі қордан қаражат алып отыр. Мысалы, біз басқаратын облыстық көпсалалы ауру­­­хана 2020 жылдан бері мемлекет-жекеменшік серіктестік ретінде қызмет көрсетеді. Біздің міндет – осы аурухана жұмысын жаңартып, уақтылы іске қосу. Екінші, тиісті деңгейде менеджментті қалыптастырып, халыққа қолжетімді, сапалы медициналық қызмет көрсету.

– Озық медициналық технология­лар­ға қол жеткізіп алып, оның тілін білмей отырған емдеу мекемелері де болған...

– Сіз кадр мәселесі туралы сұрағыңыз келіп отырған болар?! Қазір бізде жас мамандар көп. Олардың біліктілігін арттыру үшін шетелден білікті дәрігерлерді тартып, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Ол бір жағынан науқастарға сапалы көмек көр­сету болса, екінші жағынан біздің кадр­ларды үйретуге бағытталған. Жақын арада бір топ мамандарымызды тәжірибе алмасу барысында Үндістанға жібердік. Клиника дұрыс дами түссе, жақсы жұмыс істеуге болады. Бірнеше мамандарымызды өз тарабымыздан ақысын төлеп магистратурада, докторантурада оқытып отырмыз.

– Айналдырған екі жылдың ішінде аурухана 27 түрлі жоғары техно­ло­гиялық операция жасауға қол жет­кізгенін айтып отырсыз?

– Бұрын осы ауруханада екі ғана жоғары технологиялық операцияның түрі жасалып келген. Қиын да күрделі операцияларды тәжірибелі мамандар ғана жасай алады. Сондықтан ауруханаға қажетті мамандарды дұрыс таңдап, шетелдерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасасақ, заманауи құралмен жабдықтасақ, медицина саласы да ілгерілейді. Істің тетігін тапсаң, кез келген аурухананы жоғары деңгейде ұстауға болады. Мейлі, ол жекеменшік, не мемлекеттік болсын, бәрі басшысының кәсіби деңгейіне байланысты. Жақсы басшы қызметкеріне де дұрыс жағдай жасай біледі. Қазір бізде травматология-ортопедия, нейрохирургия, кардиология-кардиохирургия, лор, урология бағыттарында 27 түрлі жоғары технологиялық операциялар жасалады. Осы көрсеткішпен клиника республикада алдыңғы қатарға шықты. Келешекте біздің аурухана ультразаманауи клиника болатынына сенемін.

– 2022 жылдың соңында БАҚ бет­терінде «International Academy of medicine and sciences» компаниясы Қонаев қаласында медициналық уни­верситет, фармацевтикалық зауыт пен аурухана салады екен деген жақсы хабар шықты. Осы рас ақ­парат па?

– Біз бұл жобаларды да шетелдік серік­тестерімізбен бірге жүргіземіз. Ха­лықаралық медицина және Ғылым академиясы мемлекет-жекешелік әріп­тес­тік тетігі бойынша облыс орта­лығында 350 төсектік орын көпса­ла­лы ма­мандандырылған аурухана са­луға ниеттіміз. Жоба 2023-2026 жыл аралығына межеленген. Оған қоса Ал­маты облысында дәрі-дәр­мек шы­ғаратын зауыт салу жоспар­лан­ған. Қалада жүзеге асырылатын үшінші жоба – қос дипломды бағ­дар­лама, яғни Үндістан-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар университетін ашу көзделген. Бұл ретте жеке инвестициялар жалпы көлемі 30 млрд теңгені құрайды. Осы әлеуметтік жобаларымызды облыс әкімдігімен бірге жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

– Сіз 2016-2017 жылдары туберку­лез­ді ауыздықтауға байланысты рес­пуб­ликалық ауқымдағы рефор­ма­ның басында жүрдіңіз. Сол кезде пікірлер қа­рама-қайшылығы да болғаны есі­мізде. Нәтижесі немен аяқталды?

– ДДҰ мәліметі бойынша Қазақстан туберкулездің резистенттік формасы кенінен тараған мемлекеттерге жатады және бұл індеттің таралу деңгейі республиканың Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі орнына әсер етеді. Бұл мәселені жүйелі шешу жолы – туберкулезге қарсы қызметпен бастапқы медико-санитарлық қызметтерінің горизонталды-вертикалды ингеграциясы, бақылау жүйесін қалыптастыру. Осы жүйенің негізін 2016-2017 жылдары қалыптастырдық. Сонымен қатар Туберкулез проблемалары орталығын фтизиопульмонология орталығына айналдырдық. Себебі тыныс ағзалар аурулары таралуынан еліміз – бірінші орында. Өкінішке қарай, бұл мәселемен айналысып жатқан ғылыми орталық жоқ. Кешегі пандемия кезінде бұл орталық аталған мәселе бойынша ғылыми-кли­никалық жетекші болуға тиісті еді.

– Медицина үздіксіз дамып жатқан кезеңде ана мен баланың өлім-жітімі неге азаймай тұр?

– Қазір ана мен бала өлімі қайта өршіп тұрғаны рас. Бұл – мені ең көп ойлантатын, жанымды ауыртатын мәселе. Қазіргі Түркістан облыстық денсаулық сақтау саласын басқарып жүрген кезде осымен көп айналыстым. Бұл – мемлекет үшін де стратегиялық маңызы зор мәселе. Сондықтан бала туа­тын жастағы әйелдердің денсаулығын түзе­мей, әсіресе жүктілікке қарсы көр­­сет­­кіштері бар әйелдердің денсау­лы­­ғын түзеуге бағытталған кешенді шара қол­данбай, жағдай өзгермейді. Аку­шер­лік, педиатриялық көмектің сапасы мен қолжетімділігінде, Отбасын жос­парлау орталықтарының қызметі, скриниг сапасы, шұғыл-қатерлі аку­шер­лік жағдайларға дайындық ісінде түйткілдер бар. Бұл – бір-бірімен са­бақ­тас себептердің бер жағы ғана. Ай­тылған қағидалар – аксиома, өлім-жітімді азайтуда нақты нәтиже бере­тініне еліміздің әрбір төртінші, бесінші нәресте дүниеге әкелетін оңтүстік өңірінде қызмет атқарып жүргенде көзім жеткен.

– Денсаулық сақтау ісіндегі жұрт­тың көңілі толмай жүрген талай мәсе­лені осы жүйе, осы қаражатпен-ақ шешуге болады деп ойлайсыз ғой?

– Бірде-бір мемлекет денсаулық сақтау жүйесі толық қаржыландырылды деп айта алмайды. Алайда қаражат қаншалықты тиімді пайдаланылады, осы жерде мәселе көп. Ақиқатын айту керек, мемлекет тарапынан біздің саланың қаржыландырылуы жаман емес. Мұндағы мәселе – бюджеттен бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану. Бір ғана мысал, туберкулезге оралайық. Скринингпен қамту пайызы 100%-дан асады, ал анықтау пайызы өте төмен, басқа скринигтердің жағдайы шамалас. Фокустық топтар құрылымы, сапасы, статистиканың растығы, дәрі-құралдар шығындарының негізі, тариф саясаты, мамандандырылған қызметтердің қаржыландыру құрылымы, осының бәрі – көзге көрініп тұрған, бейжай қарауға болмайтын мәселелер.

Жоғарыда айтылғандай, клиника­мыз­дың кредиторлық қарыздарынан құтылу бір жолы негізсіз шығындарды жою, госпитальдық формулярды баға-сапа саясатын қайта қарау болды. Қазір біз әр жеке пациенттің шығынын бух­гал­терияның 1С бағдарламасына байланыстырып, жеке бақылап, нақты мониторинг жасап отырамыз. Бұл – бір ғана мысал. Егер жұмысты дәл осылай жүйелейтін болсақ, медицинадағы мәселелерді ұлттық деңгейде толық шешуге болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ