Спорт • 29 Қаңтар, 2023

Тарихи финал

514 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дзюдодан жылдың алғашқы бәсекесі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылды. Португалияның Алмада қаласында дзюдодан өткен Гран-при сайысында алғаш рет екі қазақ қызы (48 кг) финалда күресті. Алтын үшін айқаста Әбиба Әбужақынова тағы бір жерлесіміз Ғалия Тынбаеваны ұтты.

Тарихи финал

81 елдің 550-ге жуық татами шебе­рі күрескен додада Әбиба Әбужақынова алдымен аргентиналық Кейси Перафан мен сербиялық Андреа Стоядиновты жеңіп, жартылай финалға шыққан. Жартылай финалда тәжірибелі израильдік Шира Ришонидің жауырынын жерге тигізді.

Ғалия Тынбаева іріктеу кезеңінде француз Мела­ни Вьені, америкалық Мария Селия Лабордені, ширек финалда испандық Лаура Мартинес Абеленданы голден-скорда ұтқан. Ал жар­тылай финалда ол португалиялық Ката­рина Костаны жеңді. Екі дзюдошы голден-скорды қоса есептегенде 11 минут 14 секунд күресті. Осы орайда Ғалияның қайсарлығын ерекше атап өткен жөн.

Жарыстың екінші күнін­де 73 килоға дейінгі салмақта бақ сына­ған Жансай Смағұлов Қазақстан құра­ма­сының қоржынына күміс жүлдені салды.

Тәжірибелі отандасымыз финалда өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберді. Ж.Смағұлов іріктеу кезеңінде әуелі швед Олоф Хермодссонды, украиналық Владислав Казимиров пен бельгиялық Йерун Кассені ұтып, В тобынан суырылып шықты. Ал жартылай финалда А тобының жеңімпазы испан Хосе Антонио Аранданың жауырынын жерге тигізді.

Бұл бәсекеде ел намысын қорғаған өзге спортышыларымыз жеңіс тұғырынан көріне алмады.