Кино • 30 Қаңтар, 2023

Киноға қызмет – ұлтқа қызмет

207 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Монтаж... Фильмге жан бітетін кезең.
«Қара қыз» жобасының түсіру кезеңі біткелі де біршама уақыт өтті. Жалпы, кино үш рет өмірге келеді. Ол сценарий жазылғанда, түсірілім болғанда, сосын монтажда. Режиссер үшін нағыз тыныш кезең – соңғысы. Менің де сол монтаждың «ләззатына» шомылып жүрген кезім. Монтаждан соң «укладка», яғни фильмнің диалогін қайта жазу, оған философиялық рең беру (мен үшін) және экрандағы сөз мәдениетін сақтау.

Киноға қызмет –  ұлтқа қызмет

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі жас режиссерлерге қарағанда мен кешегі Сұлтан Қожықов пен Абдолла Қарсақбаевты, Майра Әбусейітова мен Нұрғиса Тілендиевті, Шәріп Бейсембаев пен Қанымбек Қасымбековті, Қалтай Мұхамеджанов пен Асқар Сүлейменовті көріп қалған режиссермін ғой. Бұл кісілер экрандағы сөз бен саздың, мақам мен мақал-мәтелдің қасиетін түсінетін тұлғалар-тын. Сондықтан мен үшін экрандағы диалог – тек сөйлеу үшін емес, ертеңге қалар сөз құдіретінің шүйгінін көрсету. Бүгінде «Қазақфильм» бас­шысыз. Атышулы Ақан Сатаев Әлия қызбен бірлесіп даярлаған фильмнің арқасында Мемлекеттік сыйлыққа қол жеткізген соң, ұстазы Сатыбалды Нарымбетовтің кабинетіне қолқа салып еді, енді зым-зия болды. Орынбасарлары, әлде директор міндетін атқарушы ма – біреулер бар. Бірақ оның қан­дай маман екені белгісіз. Білетініміз – бас­қа саладан. Ол мырза кино саласын мең­гергенше тағы бір буын ауысары хақ. Яғни киноиндустрия саласының күйі кеткен­ заман болып тұр. Күнде «Қазақфильмге» ба­рып тұрамын. Қаңырап тұрған қайран мекен!.. Тіпті қақпадан кіргенде халіңді сұ­рамаса да, амандасар адам жоқ. Әріп­тес ре­жиссерлерді де көрмейсің. Кіреберіс аллеяда да алагөздік бар ма деп ой­лайсың. Бар өмірін қазақ киносына арна­ған Қасым Жәкі­баевқа естелік тақта да бұйырмаған... Баяғыдағы араның ұясын­дай гуілдеп жататын «Кино үйі» де жоқ. Дұрысы, «пысықай басшылар» жекеменшікке сатып жіберген. Қыс­­қа­сы, бүгінде киногерлердің бас қосып әңгімелесетін, тоқайласып суат­қа құ­лайтын жері де қалмапты. «Қазақ­фильм» мен «Кино үйі» – тек қана премьера өтетін жер емес, бұл – әріптестермен әңгіме-дүкен құратын, бо­ла­шақ киноның жобасын дос-жарандармен бө­лісетін орын. Қала берді үйкүшік болу­дан қашып кеп әріптесіңмен қауышар мекен. Тіпті соңғы сапарға шығарып салатын сарай.

Иә, өкінішке қарай, Қазақстандағы киногерлер одан ада. Кезінде Шә­кен Айманов бас болып, Димаш Ахмет­ұлы Қонаевқа айтып жүріп салғыздырған сарай бүгінде қайдағы біреулердің жын ойнағына айналып отыр. Ал осыны жоғары жаққа жет­кі­зер, ақ пен қараның орны ауысып кеткенін айтатын жауапты адам қал­мағаны өкінішті... Қазіргі таңда кино­герлердің шүйіркелесетін жалғыз мекені – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы. Осындағы кино факультеті ғана. Осыдан ширек ғасыр бұрын Алматы театр және көркемсурет институты «Қазақ мемлекеттік театр жане кино институты» болып қайта құрылғанда, осы факультеттің ашылуына күш-жігер жұмсаған едік. Бұрын елімізде дайын­далмаған кино саласындағы 12 мамандықтың бүгін қалыптасып-дамып жатқаны қуантады. Ол, әрине, оңай болған жоқ. Себебі қай мамандыққа болсын сертификат, түрлі құжат, ең бастысы, кәсіби оқытушы керек. Кедергілер көп болды. Білім министрлігі айтқанға көнетін көрші емес. Содан көз көрген Мәскеуге барып, ВГИК-тің есігін тоздырып, керек құжаттарды жинағанбыз... Алайда оны біліп, бағалап жатқан жан жоқ. «Бір кем дүние» деп Шерағаң айт­пақшы, іштен тынамыз. Айтпақшы, өткен жылдың соңында «Еуразия кинофестивалі» 16-рет өтті. Қуаныш пен өкінішке толы кино тойынан көңілім құлазып қайтты. Алыс-жақын елдердің жаңа туындысын жақсы тамашаладық, бірақ әріптестеріміз шараға бойкот жариялап, келмей қалды. Енді ойлаңыз: үзеңгілес әріптестердің келмегенінен кім ұтты? Кім ұтылды? Айтпаса да түсінікті. Киногерлер бүгінде жабырқаулы. Іште қара қазандай өкпе-наз, қала берді ашу-ыза бар. Себебі бүгінде кәсіби мамандар, шығармашылық тұлғалар далада қалған. Ең негізгісі – қазір кино түсіру қиямет-қайым. Режиссерлер алдымен сценарийді Продюссерлік орталыққа өткізеді. Ондағы сарапшыларды Мәдениет министрлігі бекітеді. Міне, бұл – нағыз азап. Алдымен сарапшылардың сапасына, олардың біліктілігі мен білімділігіне қарап жатқан жауапты орын жоқ.

Былтырғы бір жағдай әлі есімде. Сарапшыларға бас-көз болып отыратын төраға. Осы талаппен Орта­лық Қазақстан­ның Халық әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, театр жане кино актері, режиссер Досхан Жол­жақсыновты ұсынған екен. Алайда сол сараптамашылардың ішіндегі бәзбіреулер оған күмәнмен қарап, мұрнын шүйіріп, «Бізге жастар керек» деп кергіпті. Себебі Досхан – «Қазақша түсіре алмасаң, қалай қазақ режиссері боласың?» деп айтып жіберетін азулы азамат. Ал әлгі байғұстың өнерде не бітіргенін сайтан білсін... Ештеңе түсірмеген, ештеңе тындырмаған біреу. Осындай шүрегейлер қазақ киносын өрге сүйрей ме, болмаса көрге сүйрей ме?..

Жалпы, киноны сараптауды, яғни пичингті күзде өткізген жөн. Тіпті болмаса қаңтардан қалдырмаған дұрыс және түсіру кезеңіне сметаның 30 пайызын емес, 50 пайызын беру керек. Мысалы 2022 жылғы пичингтің қаржыландыруы тамыздың аяғында, қыркүйектің басында ғана түсті. Біз сол азғантай уақытта Солтүстік Қазақстанда 20 күндей, Алматы облысында да 20 тәулік, Маңғыстауда бір жетідей жүрдік. Яғни экрандағы көрініс тек күз айы болып шықты. Онда да қаржы бітіп қалған соң, продюссер Тасболат Мерекенов таныс­тарынан қарыз алды. Қарыз қайтарылар, ал экрандағы көріністі қайда қоясың? Көркем фильмнің көркемдігі ше? Міне, гәп қайда жатыр. Бұл сұрақты бәріне сала мамандары болып, қоғам болып қарастырғанымыз жөн.

Тағы бір ой. Продюссерлік орта­лық­тан соң, бар шешімді Мәдениет және спорт министрлігі қабылдайды. Бір қызығы, Парламент 2019 жылы 3 қаңтар­да қабылдаған заңға 2022 жылы 11 қазанд­а өзгерістер енгізілді. Ол заңда киногерлерді қатардағы фирмалармен теңестірген.

Бұл сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігіндегілердің кино саласынан мақрұмдығы киногерлерге ауыр соққы болды. Рас, киногерлер Президентке сала басшысының үстінен хат түсірген. Ақиқатты айтып, ел басшысынан араша сұраған... Бүгінде осы заңның салдарынан тендер деген пәле киноның түбіне жетуге шақ қалды. Мысалы, өндіріске кету үшін сценарийің керемет болса да, шығармашылық топ сметаның 3 пайызын банкке салуы керек. Апырмай-ау, кино коммерциялық мекеме емес қой... Оны қайдан алады? Қай банк оған кепіл болады? Бұл нонсенс!.. Бұл – жаңа оқу бітірген жас режиссерлердің бағын байлау. Мысалы, біздің түсіру тобымыз осы 3% табу үшін, яғни 12 миллионды банкке салу үшін тентіреп кеттік. Әркімнен ақша сұрап арымызды сатып, ала құйын болдық.

Ал түсіру өз алдына бір азап болса, әр кезең сайын жазбаша есеп өткізу керек. Оны алдымен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы», әрі қарай министрлік тексереді. Кино түсіріп жатып қаншама түсіру тобының жұмысы тоқтап қалды. Немесе көктемге шегерілді. Бұл дегеніңіз – кино үшін бір өліп, бір тірілу. Қысқасы, осы бюрократтық кедергі көп ұзамай ұлт киносының түбіне жетуі мүмкін.

Иә, қазақ киносы талай-талай қиын кезеңді бастан кешірген. Алайда дәл осы кезең тым азапты, тым ауыр шақ... Бүгінде экранды тек арзанқол комедиялар жаулап алған. Ыржаң-тыржаң актерлер. Таяз көрініс, тақыр сюжет, қытықтап күлдіру. Қазақ киносының атын жамылған пысықай шоумендер енді ақша табуды осылай қолға алған. Абайды біржақты оқып, «Есектің к... тін жусаң да мал табуды» меңгерген мамандар... Өздері дән риза. Көрермен де мәз-мейрам. Тек кәсіби мамандар ғана жабырқау күйде. Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма? Біздіңше, бар. Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» бірігіп, бұрынғы заңда жіберілген қателіктерді жөндегені абзал. Біз ертеңгі ұрпағымызды, Әділетті Қазақстан жастарын, отансүйгіш, ақылды, сезімтал, білімді болуын ойласақ, ең алдымен руханиятқа көңіл бөлуіміз керек. Бұл – ең алдымен әдебиет, мәдениет, ғылым. Өткен 30 жылда «алдымен – экономика, сосын – саясат» деп идеологияға атүсті қарағандардың қасында болдық. Мәдениеттен, әдебиеттен, салт-дәстүрден жұрдай тобыр тек баюды мақсат етеді. Коррупция дегеніңіздің өзі – арсыздық, ашкөздік, ұятсыздық, тойымсыздық. Баланы жастан жақсылыққа баулу керек десек, бұл тікелей киноға, яғни анимация мен балаларға арналған фильмдерге байланысты. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, қазір хал сұрасаңыз кез келген режиссер жылап қоя береді. Бүгінде біз Әділетті Қазақстанға зор үміт артып отырмыз. ХХ ғасырдың 30-жылдары әлемде алапат экономикалық дағдарыс болды. Әсіресе Америкада. Дәл осындай қиын кезде АҚШ-тың еңсесін көтеруге кино келді. Иә, кино қолын созды. Қазақ елінің ертеңін ойлайтын іс басындағы, идеологиядағы азаматтарды осы жағдай ойландырса дейміз. Біз, ең алдымен, еліміз­дің тәуелсіздігін, халқымыздың ауызбірлігін, экономикамыздың өрлеуін, жаста­рымыздың білімді, мәдениетті, жауап­ты болғанын көргіміз келеді десеңіздер, осыған назар аударыңыздар! «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман», бірақ проблеманы сол орнында қалдыру – бәрімізге сын. «Ауруын жасырғанды өлім әшкере қылады» дегендей, жаңа келген жас министріміз осы қордаланған мәселеге көңіл аударса дейміз. Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі кешіктірмей салалық одақтың белді мүшелерімен, киноның ішкі мәселесін жіті білетін мамандармен арнайы кездессе, аса маңызды шара болар еді. Қазақ киносы – халықтың мұрасы. Мұраға мұқият болар кез туды деп ойлаймыз. Егер мемлекет дәл қазір ұлттық киноға көмек қолын созса, кино да елге, мемлекетке, ұлтқа қызмет етудің жаңа деңгейіне көтерілер еді.

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер