Жәбірленуші бойжеткен әлеуметтік желіде ер адаммен танысып, бірнеше ай бойы хат алмасқан. Кейін күдікті сенімге ие болып, оның жеке деректері мен фотосуреттеріне және интимдік суреттеріне қол жеткізген. Кейін бұл суреттерді «жақындарына таратамын» деп қорқытып, ақша талап ете бастаған.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде бопсалаушы Атырау қаласында ұсталды. Ол 34 жастағы Өзбекстан азаматы болып шықты.
«Полиция аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы «Бопсалау» бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде бейтаныс адамдармен жеке тақырыптарда хат алмасуға және жеке сипаттағы фотосуреттер мен бейнелерді сақтауға және жіберуге болмайтынын ескертеді», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.