Өндіріс • Бүгін, 09:10

Экологиялық қауіпсіз кәсіпорын

37 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Нарықтық экономиканың елеулі элементі өндіріс екенін ұққалы сапалы зауыттар салуға ден қойдық. Жол ортасында шаруа­сы шатқаяқ­тағандары да жоқ емес. Ал сапаға айрықша мән бе­ріп, жұмысты жүйелей білгендер біршама белесті бағындыра алды. Соның бірі – 10 жылдан бері тасы өрге домалаған «Talas Investment Company».

Экологиялық қауіпсіз кәсіпорын

Біз тыныс-тіршілігін баян еткелі отырған зауыт жылына 15 мың тонна натрий цианид пен 5 мың тонна аммоний сульфат өндіреді. Алыс-жақын алтын өндіруші компанияларға натрий цианидінің дайын өнімін жөнелтеді. Жамбыл облысының Талас ауданында орналасқан өнеркәсіп кешенін өз көзімізбен көріп қайттық.

Ай сайын 1 300 тоннаға дейін өнім шығаратын зауытты көруге Астанадан Жамбыл облысына арнайы келдік. Зауытты аралатып, үдеріс барысын таныстырып жүрген бас директор Мерей Омаров сұра­ныс көбейсе, өндіріс әлеуеті де арта түсетінін жеткізді.

– «Talas Investment» зауыты он жылдан бері натрий цианидін өндірумен айналысады. Осы уақыт ішінде сенімді жеткізуші болды. Біз жылына 15 мың тонна өнім шығарамыз, оның 30-40%-ы (шамамен 5 мың тонна) экспортқа кетеді. Жобаның бірінші кезегін «Қазақстанның Даму банкі» қаржыландырды. Тіпті екінші кезеңнің құрылысын да қолдап жатыр. Жаңа инвестициялық жоба аясында өнімділікті жы­лына 30 мың тонна натрий цианидіне дейін арттыру, құ­рылысты 2025 жылдың жел­тоқсанына дейін аяқтау, экспортты ұлғайту жоспарланып отыр, – дейді М.Омаров.

ва

Бұл өндірістен отандық алтын өндіруші компанияларға натрий цианиді мен аммоний сульфатының дайын өні­мі жіберіледі. Ал минералды тыңайтқыш аммоний сульфаты отандық ауыл шаруашылы­ғы өндірушілері мен былғары зауыт­тарына жеткізіледі. Зауыт өткен жылы 13 800 тонна натрий цианидін, 4 666,500 тонна аммоний сульфатын өндіріп, отандық нарыққа және экспортқа жөнелткен. Осы жылдың тамыз айына дейін 79 89,36 тонна натрий цианиді, 2 754,400 тонна аммоний сульфаты өндірілген. Сондай-ақ Ресей, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстанға экспорт жасалады. Осылайша, кәсіпорын өңір экономикасына да тұрақты табыс түсіріп отыр.

– Қазіргі уақыттағы нарықты көріп отырсыздар. Көзді ашып-жұмғанша өзгеріп отырады. Натрий цианидін алтын өндіру үшін ел ішінде көп қолданады. Сұранысты зауыт ашылмайынша шетелден әкелген өніммен жауып отырдық. Бүгінде ішкі қажеттіліктердің біршамасы осы зауыттың арқасында қана­ғат­танып отыр. Мұның бәрі өңдеу өнеркәсібіне жатады. Талас ауданында ол жоқтың қасы еді. Ал қазір осы зауыт аудандағы өңдеу өнеркәсібінің 80%-ын құрайды. Одан бөлек, аудан экономикасын едәуір алға жылжытты. Мы­салы, жылына 700-800 млн салық төлейді, – дейді Талас ауданы әкім­дігінің кәсіпкерлік және өнер­кәсіп, туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Зауыт құрылысы 2012 жыл­ғы мамырда басталып, 2014 жыл­ғы маусымда пайдалануға беріл­ген екен. Қазір мұнда 637 қыз­­меткер жұмыс істейді, орта­ша жалақысы 292 362 тең­ге­ні құрайды. Олардың 80%-ы Қа­ратау қаласы мен Талас ауданының жергілікті тұрғын­дары. Айт­пақ­шы, компания аудан орталы­ғының әлеуметтік саласына жіті арала­сып, қыз­мет­­керлерге материал­дық көмек көр­сететінін естіп, ішіміз жы­лып қалды. Ара­сын­да қайырым­дылық та жасап тұрады екен.

Тағы бір көңіл көншітерлігі, зауыттың өңір экологиясына еш зияны жоқ. Себебі  өндіріс ошағы қалдықсыз технологияға негізделген. Қажетті шикізат ретінде газ бен кен қоспалары пайдаланылады.

Көбіне зауыттарда қауіпсіз­дік шаралары сақталмай жатады. Сондықтан да халық зауыт жұ­мысынан қашады. Ал мұнда байқауымызша, қауіпсіздікке баса мән берілген. Өндіріс айма­ғына арнайы киімсіз еш­кім­ді кіргізбейді.

Зауыттағы баротермикалық цехта су бірнеше мәрте сүзіледі. Натрий цианидін өндіру үшін алдымен табиғи газ катализатордан өтеді. Құрамындағы метанды 89-96%-ға жеткізеді. Ары қарай оған аммиакты қосып синил қышқылын алады. Сосын синил қышқылына натрий гидроксиді қосылып, натрий цианиді алынады. Осы химиялық түзілістерден шыққан газдың бәрін залалсыздандыру, тазалау кезінде аммоний сульфаты шығады. Мұны бізге Жанна есімді қызметкер түсіндіріп берді.

– Мұнда барлық қажетті ері­тінділерге талдау жүргізіледі. Бізде екі зертхана бар: санитар­лық және өндірістік. Зертха­на кіріс шикізатынан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі бар­­лық үдерісті бақылайды. Біз нат­рий цианиді мен аммо­ний сульфатының жанама өнімін қоса, дайын өнімнің сапасына аралық талдаулар мен толық тексерулер жүргіземіз. Сонымен қатар өндірісте қол­данылатын судың толық талдауы жасалады. Кіріс суынан минералсыздандырылған және айналымға дейін бақылауда ұстаймыз. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, қызметкерлер 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейді, –дейді ол.

Жобада өндірісті автомат­тан­­ды­руға айрықша мән бе­ріл­ген. Өндірістік үдерістің мониторингі компьютерлік жүйемен жүр­гізіледі. Бұл адамдарды қауіпті жұмыс ай­мағынан алыстатуға мүмкіндік береді. 

– Жыл сайын 8-10 мың тон­наға жуық өнім отандық ком­панияларға сатылады, қал­ған 5 мың тонна экспортқа жі­бе­ріледі. Нат­рий цианиді жүк көлігімен де, теміржол ар­қы­лы да жет­кі­зі­леді. Мәселен зауыт өнімі Моңғолияға по­йызбен жібері­леді. Сонымен қатар жыл сайын шамамен 20 мың тонна натрий цианиді жүк көлігімен жеткізіледі, – деді сату бөлімінің басшысы Эльвира Жақсыгелді.

Зауытты аралап болған соң, екін­ші зауыттың құрылыс алаңы­на бардық.  Біршама уа­қыт бұрын натрий цианиді зауы­тының екінші кезеңінің құры­лысы басталған болатын. Қазір құрылыс жұмысы жоға­ры қарқынмен жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылы толық аяқталып, іске қосылады. Нәти­жесінде, кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есе артады.

– Серіктестікке қарасты натрий цианиді зауыты екінші ке­зеңінің жұмысы белсенді жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары толық біткеннен кейін зауыттың өндірістік қуаты 30 мың тоннаға жетеді. Жоба іске қосылғаннан кейін 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін жеке қаржыдан бөлек, «Қазақстан Даму банкі» мен «Бәйтерек» холдингінен инвестиция тартылды. Қысқа­сы, екінші кезең жұмысы аяқтал­ғаннан кейін жылдық өнім көлемі ай­тар­л­ық­тай артады, – дейді бас дирек­­тордың жалпы мәселелері жөніндегі  орынбасары Әбдіғали Жүнісов.

Жоба өндірістің өз қаражаты, сондай-ақ «Қазақстанның Даму банкі» мен «Baiterek Venture Fund» қаржыландыруымен салын­бақ. Жабдықты жеткізу және мон­таждау келісімшарты Қы­тай­дың ірі «TCC Group» корпорация­сымен жасалған. Натрий цианиді нарығын отан­дық өндіріс 20 мың тонна көлемінде жабамыз деп үміттеніп отыр. Бұл мемлекет іске асыратын импортты алмас­тыру жөніндегі саясатқа сәйкес келеді. Сондай-ақ экс­порт­тық әлеуеттің деңгейін жылына 10 мың тоннаға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

– ҚДБ еліміздегі алғашқы натрий цианидін өндіру зауыты­ның құрылысын, оның экспорт әлеуетін кеңейту мен дамытуды көздейді. Бұл қолдаудың стра­тегиялық маңы­зы бар, өйткені ол импортқа тәуелділікті азайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады, тау-кен металлургия өнеркә­сібін нығайтады. 2015 жылы Қазақстанның Даму банкі жалпы құны 80 миллион доллар болатын жобаның бірінші кезеңін іске асыруға 49 миллион доллар бөлді. Зауыттың қуатын 30 мың тоннаға дейін арттыру жөніндегі жаңа жоба аясында банк 17 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл жобаны жүзеге асыру 300-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашады. 2001 жылдан бастап ҚДБ ел бойынша ірі инвес­тициялық жобаларды белсенді қаржыландырып келеді, – деп мәлімдеді ҚДБ аға банкирі Бақыт Бижанова.

«Өндіріс 80% аммиакты Ақ­таудағы «ҚазАзот»-тан алатынын естіген едік. Қалған 20%-ды Ресейден әкеледі. «Мұның себебі неде? Ақтаудағы аммиак жетпей ме?» деген сұрағымызға, бас директордың орынбасары Ә.Жүнісов: «Ресейден алу себебіміз – логистикаға байланысты. Бір жерден ала берсең, кейде уақтылы жетпей қалады. Сондықтан да жұмыс өндірісінің тоқтап қалмауы үшін сырттан да аламыз. Ал негізі Ақтаудағы аммиак жетеді», деп жауап берді.

Сөз соңында «Мысалы, Қытай­да да біздегідей өнім өндіріледі. Бірақ сапасы бізге жетпейді. Оларда – 96%, бізде – 99%. Себебі олар қоспаны көп қосады. Ал біз сапаға қатты мән береміз», деді Ә.Жүнісов.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы